15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Құран Кәрімдегі меккелік және мәдиналық аяттар

Құран Кәрімдегі меккелік және мәдиналық аяттар

Ислам тарихы

Құран ілімдері ғылымында зерттелетін маңызды тақырыптардың бірі – меккелік және мәдиналық аяттар.

Дінтанушы ғалым Мухиддин Исаұлы меккелік аяттардың жалпы мағынасы туралы: «Арабтар Исламнан бұрын қараңғылық дәуірде Алла Тағалаға ортақ қосқан, үш жүзден астам пұттарға табынған, жамандық жасауда жарысқа түскен ел еді. Әрі сол заманда арабтарда сөз өнері мен өлеңнің шарықтап, шырқау шегіне жеткен кезі еді. Міне, осындай заманда меккелік уахи олардың көгінен найзағайдай жарқылдап, күндей күркіреп келіп, түскен жасындай жалған сенімдерін жоққа шығарды. Құран оларды таухидке, Алла Тағаланың барлығы мен бірлігіне шақырып, пұтқа табынушылықтың жалғандығын дәлелдеп берді», – деп, ал мәдиналық аяттар туралы: «Мәдинаға һижрат еткенде уахи Ислам заңдарына қатысты заңдар әкеліп, қоғамның жүйесі үшін ұстанымдар қойғанын көреміз. Және мәдиналық аяттар сырт көзге мұсылман көрініп, іштей кәпір екі жүзді мұнафықтардың жасырған құпияларын паш ететін, христиан мен еврейлерге ақиқатты айтып, дәлелдеген аяттар болып келеді», – деп нақты әрі шебер суреттеп берген. Құран ілімдерін зерттеуге арналған еңбектерде меккелік және мәдиналық аяттарға үш түрлі анықтама берілген.

Олар:

Бірінші анықтама: Меккелік аяттар дегеніміз – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына көшкеннен кейінде Меккеде түскенаяттар. Мәдиналық аяттар дегеніміз – Мәдина қаласында түскен аяттар. Бұл анықтама бойынша, меккелік аяттардың қатарына Мекке шаһарына жақын орналасқан Мина, Арафат, Худайбия сияқты жерлерде түскен аяттар да жатады. Ал мәдиналық аяттардың қатарына Мәдина шаһарына жақынорналасқан Ухуд, Қуба, Бәдір тәрізді жерлерде түскен аяттар жатады. Бірақ Құран Кәрімде Меккеде де, Мәдинада да түспеген, тіпті ол екеуінен алыс жерлерде түскен аяттар да бар. Мысалы, «(Мұхаммед!) Егер жақындағы бір пайда, қолайлы сапар болса еді, бірақ оларға машақатты сапар (Табук жолы) өздерін әлекке салды. Алла олардың мүлде суайт екенін білді» деп келетін  «Тәубе» сүресінің 42-аяты Табукта түскен. «Саған дейін Біз жіберген елшілерден сұра. Рахманнан өзге табынатын тәңірлер жасадық па?» деген «Зухруф» сүресінің 45-аяты Исра түні Бәйт әл-мақдиста түскен.  Бұл анықтама бойынша аталған аяттарды меккелік те, мәдиналықта аяттардың қатарына қоса алмаймыз. Сол себепті шейх әз-Зурқани бұл анықтаманы «меккелік және мәдиналық аяттардың мағынасын толық қамтымайды» деп сынаған.

Екінші анықтама: меккелік аяттар дегеніміз – Мекке халқына бағыттала айтылған аяттар, мәдиналық аяттар дегеніміз – Мәдина халқына бағыттала айтылған аяттар. Бұл анықтаманың негізінде, «Ей, адамдар!» және «Ей, адам баласы!» деп басталатын аяттарды меккелік аяттар деп есептеуге болады. Себебі Құран Кәрім алғаш Мекке қаласында түсе бастағанда, адамдардың көпшілігі әлі Ислам дінін қабылдамаған еді. Сондықтан Алла Тағала оларға Құранды тыңдап, оған иман келтіру үшін «Ей, адамдар!» немесе «Ей, адам баласы!» деген қаратпа сөзді пайдаланған. Ал «Ей, иман келтіргендер!» деп басталатын аяттар мәдиналық аяттар болып табылады. Себебі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейін ол жердің тұрғындарының көпшілігі мұсылмандар болды. Сол себептен оларға «Ей, иман келтіргендер!» деген қаратпа сөзді қолданған. Бірақ бұл анықтама да меккелік және мәдиналық аяттардың толық мағынасын қамти алмайды. Бұл анықтаманың бірнеше кемшіліктерін көрсетуге болады.

Олар:

1. Құранда тек Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қарата айтылған аяттар да бар. Мысалы, Алла Тағала: «Ей, пайғамбар! Алла пен саған ерген мүміндер саған жеткілікті» және «Ей, пайғамбар! Аллаға тақуалық жаса және кәпірлер мен мұнафықтарға бағынба», – деген. Сонда «бұл аяттарды меккелік аяттар қатарына жатқызамыз ба әлде мәдиналық аяттар қатарына жатқызамыз ба? деген санды туындайды. Ал оған жоғарыдағы анықтама жауап бере алмайды.

2. Құран Кәрімде «Ей, адамдар!» деп басталатын мәдиналық аяттар және «Ей, иман келтіргендер» деп басталатын меккелік аяттар да бар. Мысалы: «Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратқан Раббыларыңа тақуалық қылыңдар" және «Ей, адамдар! Сендерді және сендерге дейінгілерді жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Әрине сақтанған боларсыңдар» деген аяттар Мәдинада түскен аяттар болғанымен, «Ей, адамдар!» деген қаратпа сөзбен басталып тұр. Ал «Ей, иман келтіргендер! Рукуғ жасаңдар, сәждеге барыңдар, Раббыларыңа құлшылық етіңдер және жақсылық жасаңдар, мүмкін құтыларсыңдар» деген аят «Ей, иман келтіргендер!» деген қаратпа сөзбен басталғанымен, ол Меккеде түскен аят болып есептеледі. Бұл аяттар жоғарыдағы анықтаманың кемшілігін көрсетеді. Дегенмен осы анықтама «Ей, иман келтіргендер!» деп басталатын аяттардың көп жағдайда мәдиналық аяттарға, ал «Ей, адамдар!» деп басталатын аяттардың көп жағдайда меккелік аяттарға тән сипат екендігін көрсетеді.

Үшінші анықтама: меккелік аяттар дегеніміз – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғанға дейін түскен аяттар, ал мәдиналық аяттар дегеніміз – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейін түскен аяттар. Бұл меккелік және мәдиналық аяттарға берілген анықтамалардың ішіндегі ең танымалы әрі ең нақтысы болып табылады. Себебі бұл анықтама Құранның барлық аяттарын қамтиды. Сондықтан көптеген ғалымдар меккелік пен мәдиналық аяттар дегенде осы анықтама қамтыған мағынаны қоштайды. Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) қоныс аударғаннан кейін Мекке қаласында немесе оның төңірегінде түскен аяттардың барлығы мәдиналық деп есептеледі. Мысалы, «Алла сендерге аманаттарды иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасында үкім шығарсаңдар, әділдікпен үкім шығаруды бұйырады» деген аят Меккеде, Қағбаның ішінде түскенімен, ол мәдиналық аят деп есептеледі. Себебі ол Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін түскен. 

материал «Құран ілімдерінің негіздері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: