29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Ислам тарихындағы алғашқы ұстаз сахаба

Ислам тарихындағы алғашқы ұстаз сахаба

Ислам тарихы

Діннің ақыретке дейін сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне атсалысып, Құранның мәңгілік құндылықтарын мәдиналықтарға ең көркем түрде жеткізе білген алғашқы ұстаз, саңлақ сахабалардың бірі – Мұсғаб ибн Ұмайр.

Сахабалар Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінді үйренгеннен кейін, оны басқа адамдарға жеткізіп, олардың да иман нұрына қауышуы үшін бір-бірімен жарысатын. Кейбіреулері бес-он аят, хадис қана білетін. Алайда бұл олардың сол білген нәрселерін өмірде іске асыруына һәм басқаларға жеткізуіне бөгет болмайтын.

Мұсғаб ибн Ұмайрдың Меккеден Мәдинаға аттануы да осы мақсатта еді. Ол әлі Ислам діні тарамаған аймаққа жападан-жалғыз жол тартады. Өйткені Мәдинадан Меккеге келіп Пайғамбарға серт берген алғашқы мұсылмандар Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өздеріне діннің әмірлерін үйретіп, жәрдемші болатын бір мұғалім жіберуін өтінеді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға Мұсғаб ибн Ұмайрды жібереді. Мұсғаб еш ойланбастан өзіне мүлдем беймәлім болған өлкеге, бейтаныс адамдармен бірге кете барады. Осылайша Мұсғаб (радиаллаһу анһ) Мәдиналықтарға Ислам дінін түсіндіріп, Жаратқанның хақ жолына шақырады.

Бір күні Усәйд ибн Худайр, екінші бір күні Сағд ибн Убада, басқа бір күні Сағд ибн Муаз Мұсғабты өлтірмек болып қолдарына қылыш ұстап келді, бірақ қайтқанда олардың жүрегі иманға толы күйде қайтып жатты. Мұсғаб (радиаллаһу анһ) өзіне ашу-ызаға булығып келген осынау кісілерге өте жақсы мәміле жасағандығы соншалық – ең жаман деген адамның өзі оған жамандық жасауға қолы бармайтын. Өйткені Мұсғаб өзіне қандай да бір адам ашумен келсе де, өзінің байсалды қалпын бұзбай: «Бауырым! Алдымен менің не айтатынымды тыңда. Алланың атымен ант етейін! Егер айтқандарыма келіспесең, одан кейін басымды алсаң да, қарсылығым жоқ!» – дейтін. Себебі осынау тұлғаның бүкіл дерті мен уайымы ақиқатты жеткізу екендігін өмірін құрбан етуге даярлығынан байқаған кез келген адамның жүрегі қанша жерден қатып-семіп қалса да, иман қуатының алдында еріп қоя беретін еді.

Ардақты сахаба, алғашқы ұстаз Мұсғаб (радиаллаһу анһ) мұсылман болғаннан кейінгі бүкіл ғұмырын дінді басқаларға түсіндірумен өтті. Ислам тарихында дін дұшпандары әскер жинап, дінді түп-тамырымен жоймақ болып, мұсылмандарға қарсы шабуыл жасаған уақыт та аз болмады. Міне, Ұхұд соғысында сахабалар осы мақсатта, яғни діндерін, өздері үшін ең қастерлі болған иманын қорғау үшін аянбай соғысты. Әлбетте, олардың арасында таң атқаннан кешке дейін қылышын қолынан тастамаған Мұсғаб та бар еді.

Бір кезде өзіне жұмсалған ауыр соққының әсерінен Мұсғаб жерге құлайды. Сонда бір періште оның бейнесіне еніп, соғысты жалғастырады. Біраз уақыттан кейін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған қарата «Мұсғаб» деп дауыстағанда, періште: «Мен Мұсғаб емеспін, уа, Расулалла», – деп үн қатады. Мұсғабтың шейіт болғандығы сонда белгілі болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соғыс біткен кезде, бір топ сахабасымен бірге Мұсғабтың мүбәрак денесі жатқан жерге келеді. Оның екі қолы да иық тұсынан шабылған еді. Ал мойнынан тиген қылыштың соққысы оның басын жұлып кетуге шақ қалған болатын. Тек терісі ғана басын денесіденесінен ажыратпай ұстап тұрды. Саналы ғұмырын жүрегіндегі иман бақытымен басқаларды да қауыштыруға арнаған ардақты сахаба осылайша өмірінің соңғы демін де осы жолда пида етті.

материал «Алғашқы ұстаз сахаба» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: