06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Хадисті сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Хадисті сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Ислам тарихы

Хадиске қырағылық танытудың қажеттігін терең түйсінген сахабалар бұл іске аса мұқияттылықпен қарайтын, тіпті кейбіреулері хадис риуаят етуден қорқатын.

Мәселен, алғашқы мұсылмандардың бірі Абдулла ибн Масғудтың хадис риуаят етудегі ықтияттылығы ерекше болатын. Сахабалар ол туралы «Біз Абдулла ибн Масғудты (р.а.) таныған сәттен бастап Алла расулының әһл-бәйтінің бір мүшесі шығар деп ойлайтынбыз» деген, өйткені Ибн Масғуд Пайғамбардың үйіне емін-еркін кіріп-шығатындай жақын қарым-қатынаста болған. Әзірет Омар да (р.а.) халифалығы тұсында оны Куфаға Исламның өкілі ретінде аттандырып тұрып, Абдулла ибн Масғудтың қаншалықты қадірлі екенін мына сөзімен білдірген: «Уа, Куфалықтар, егер сіздерді өзімнен артық көрмегенде, Абдулла ибн Масғудты арнайы жібермес едім».

Осынау саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғудтан хадис риуаят етуін өтінгенде, көзі жасаурап, басын төмен иіп «Расуллала былай деді» деп бастайтын. Сәлден кейін қайта өз-өзіне келіп басын көтеріп, терең тыныс алатын. Сосын жейдесінің түймелерін ағытып, кеудесін ашып содан соң ғана хадисті риуаят ететін. (Ең соңында  (Мен жадымнан айтып шықтым, алайда мынаны да қаперге алғайсыздар), Расулалла осы  менің айтқаныма өте ұқсас, жақын мағынада сөздер айтты» деп ескерту жасауды да ұмытпайтын.

Расулалланың (с.а.с.) хауариі, яғни жақын жәрдемшісі саналатын, қаһарман апасы әзірет Сафияның (р.а.) ұлы, тұңғыш мұсылмандардың бірі, көзі тірісінде жәннаттық екендігі сүйіншіленген он сахабаның арасында аты аталған Зүбәйір ибн Аууам да өте аз хадис риуаят еткен. Бір күні ұлы одан: «Әке, сіз неге хадис риуаят етпейсіз?» – деп сұрағанда, ол: «Аңдаусызда Пайғамбарымыз айтпаған сөз қосып қоямын ба деп қорқамын, себебі Расулалла: «Менің атымнан жалған айтқан адам, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін», – деген еді» деп жауап қатқан.

Табаны күректей он жыл бойы Расулаллаға қызмет жасаған Әнәс ибн Мәлік (р.а.) те: «Егер қате жіберем деп қорықпасам, Алла елшісінен мұнан да көп хадис жеткізер едім», – деген.

Бес жүз сахабамен жүзбе-жүз танысып, халық арасында «Бес жүз сахабамен кездескен адам» ретінде танылған табиғиннің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі Имам Әбу Юсуфқа, тіпті Әбу Ханифаға Куфада үлкен ықпал жасаған Абдуррахман ибн Әбу Ләйла: «Жүз жиырма сахабамен таныс болдым. Жүз жиырмасы түгел мешітте бірге отырғанда, олардан бір мәселе жайлы сұрай қалсаң, әуелі бәрі бір-бірінің жүзіне қарасады, ондағылары – Расулалланың (с.а.с.) сөзіне артық бір сөз қосып алам ба деген қауіп: ешқайсысынан жауап болмаған соң, ақырында, біреуі батылданып, әуелі Аллаға сиынып, ибн Масғуд сияқты  «Осы мағыналас», «Осыған жақын», «Осыған ұқсас» деп алдын-ала ескертіп барып риуаят жасайтын», – деген.

Пайғамбарымызбен сұхбаттас болумен қатар, Әбу Бәкірмен, Омармен (р.а.) етене жақын араласқан Абдулла ибн Әрқам (р.а.) халифалардың тұсында қаржы істерін басқарып, қалтқысыз адал қызмет жасады. Алайда күндердің күнінде Османның (р.а.) қазынаға өткізген өз малынан бір бөлігін алып, жақын туыстарының біріне бергенін көріп, қазынаның кілтін әзірет Османға (р.а.) тапсырады да, «Уа, мүминдердің әміршісі! Халық осы істегеніңді көрсе, сен туралы да, мен туралы да жаман ойлайтын болады. Мені бұл жауапкершіліктен мұнан былай босатсаңыз», – деп, соған дейін атқарып келген ісінен өз еркімен бас тартады. Міне, осынау абзал жаннан Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бір хадис риуаят етуін өтінгенде, ол: «Қарағым, қартайдық, ұмыттық қой... Расулалладан хадис риуаят ету – өте ауыр әрі қиын шаруа», – деп, қынжыла жауап берген.

материал «Сүннет энциклопендиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: