07
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Бауырмашылдықтың бұзылу себептері

Бауырмашылдықтың бұзылу себептері

Ислам тарихы

Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізден байқалмауда. Себеп не? Онсыз да қарасы санаулы мұсылман қоғамы тоз-тоз болып кетті.

Құран бір, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті бір емес пе? Осыншама  алшақтық қайдан пайда болды?. Бұған кімдер итермелейді?. Әлде бұл діни сауатсыздық па? Аттөбеліндей мұсылман жамағатының арасында діннің кейбір тармақшаларына қатысты мәселелерде даудамайлар, өзара келіспеушіліктер толастаған емес...

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде: 

«Және Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана».

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты, Алла тағала Құран Кәрімде: Шын мәнінде мүміндер бауыр.

Алла тағаланың адам баласына берген бұл  ұлы нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран Кәрімде: (Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды). 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы, әрі ең маңызды амалдарының бірі – Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл әрекетінен мұсыламан арасындағы бауырмашылдықтың мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан қоғамның пайда болуына апарады. Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», - деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: (Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды).

Басқа бір аятта: «Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге».

Алла Тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы жанжалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Бұл аятқа орай Имам әр-Рази: «жанжалдасудың зардабы ол мұсылмандардың әлсіздігіне себеп болады», - деген.

Басқа бір аятта Алла Тағала: (Мұхаммед Ғ.С.) Алла Нұх (Ғ.С.) қа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Ғиса (Ғ.С.) ға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер.)

Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфасир ғалым әл-Бағауи: «барлық пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін орнату үшін, қоғам арасында бейбітшілік таратып, алауыздықты жою үшін жіберілді» деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар: Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу. Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету.

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан.  

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын», - деген.

Ғалымдар арасында «жамағат» сөзінің кімдерге қатысты айтылатыны жайында бірнеше пікірлер бар:

Бірінші: жамағат дегеніміз  – мұсылмандардың негізгі басым бөлігі... Бұл анықтама аясына үмметтің мужтаһидтері, ғалымдары, шариғатпен амал жасайтын оларға ерушілері кіреді. Егер осы басым бөліктен кім бөлініп шығатын болса, шайтанның жауынгерлерінен болғаны және олар негізгі топтан бөлінгені үшін, бидғат иесі деген атаққа ие болады. Бұл Абу Масғуд әл-Ансари, Ибн Масғуд, әл-Хусейн ибн Әлидің ұстанымы.

Екінші: жамағат дегеніміз мужтаһид ғалымдарға айтылады. Кім үммет ғалымдарының айтқанына қарсы шығатын болса, жәһилият (надандық) өлімімен өледі. Өйткені, Алла Тағала үммет ғалымдарын әлемге хужжат (дәлел) етті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «үмметім адасушылықта бірікпейді», - деген хадисінде келгендей, үммет ғалымдарының бір мәселеде адасушылықта келіспейтінін жеткізген. Бұл ұстанымда Абдулла ибн Мубарәк, Исхақ ибн Рахауия болған.

Үшінші: жамағат деп ислам дінінің негізін қалаған пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейінгі сахабаларға айтылады. Өйткені олар ешуақытта адасушылықта жиналмаған. Бұл ұстанымда Омар ибн Абдул Әзиз болған.

Төртінші:  бір басшының қарамағындағы мұсылман қауымы.

Бауырмашылдықтың шарттары:

1. Шынайы Алла разылығы үшін болу.

Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса, ол Алла қалаған бауырмашылдыққа жатпайды.

2. Бауырмашылдық имани жолда, тақуалықта байланысу. Бауырмашылдықтың шарттарының бірі имани жолда байланысуы, азғындық жолда болмауы. 

3. Бауырмашылдық ислам шеңберде болу.

Ислам шеңберіне керағар әрекетте байланыспау, Аллаға серік қосудан, исламнан шығаратын амалдардан алыс болу. Егер бауырлар арасында күнә жолға түсіп, ауытқығандар кездессе, оған насихат айтылу керек. Насихат пайда бермеген жағдайда күнә амалдарда ортақ болмас үшін онымен байланысын үзеді. 

4. Өзара кешірімділікте болу.

Мұсылман екінші мұсылманмен жанжалдаспайды, кешірімге бейім тұрады. Егер мұсылман  бауырлар арасында қателік орын алса, оны кешіреді.

5. Қиыншылық пен кеңшілікте ортақтасу.

Шынайы мұсылман бауырдың сипаты әр кез бауырына көмек көрсетуде алдыңғы қатарда тұрады.

Алла Тағала бір-бірін шынайы жақсы көрген бауырларға есепсіз сауаптар жазады. Оның қайтарымы бұл өмірде де ақыретте де болады.

материал «Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: