19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Болашаққа қатысты хабарлардың жорамалдануы

Болашаққа қатысты хабарлардың жорамалдануы

Ислам тарихы

Пайғамбарлардың адамзатқа жеткізген мағлұматтары мәдениеттің жандануына ықпал етті. Алайда пайғамбарлардың асыл мұраты әрдайым адамдарды Аллаға шақыру мен ақыретті еске салу болған. Болашаққа қатысты мәлімет айтқанда да бастапқыда жаңалық ашу тәрізді мақсаттары болмаған. Олардың бар мақсаты келешекте орын алатын қауіп-қатерлерді үмбетіне ескерту, оларға жол көрсету және сәті түскенде болашаққа қатысты сүйіншілер айтып жақсылыққа жетелеу болған.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейбір жайттарға мән беруін ақырет өмірін негізге алып жорамалдау қажет болады. Біздің шектеулі көзқарасымызбен қарағанда болмашы көрінген мәселелер діни әрі дүниелік нәтижелері тұрғысынан өте маңызды болу ғажап емес. Болашаққа қатысты хабарлар иман және ақырет тұрғысынан қарастырылуы қажет. Дүниелік жағынан аса маңызды деген кейбір жағдайлар мен ашылып жатқан жаңалықтардың адамдардың мәңгі өмірі үшін ешбір мәні болмағандықтан, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан хабарлары арасында орын алмаған, ал екінші жағынан дүниелік өлшемдермен қарағанда болмашы көрінген кейбір мәселелер қияметтің белгілері ретінде аталған.

Пайғамбарлар – ақиқаттың хабаршылары, олар көріпкел емес. Уахиды жеткізу мен көріпкелдіктің ара-жігін айырып беретін ең маңызды ерекшелік – пайғамбарлардың мақсаты хабар беруден гөрі насихат айту мен жол көрсету. Пайғамбарлар болашақты құдды бір ақыреттен көріп тұрғандай түрде сипаттап берген. Уахи әрбір мәселеге рухани әлемнен қарап, баға бергені үшін нәтижесі немесе өткен шақтағы әсері тұрғысынан маңызды болған, алайда оқиға орын алғанда болмашыдай көрінген кейбір жағдайларға үлкен мән берген. Бұл оқиғалар кейде тарихтың маңызды тұсы болса, кейде бірнеше айтулы жағдайлардың орталығы немесе бастауы үкімінде болуы мүмкін.

Жеке тұлғалар өздері көрсеткен адамгершілігімен немесе жүктелген міндеттері арқылы бағаланған. Сонымен қатар оларды дүниеден өтіп кеткен және болашақта келетін өздеріндей жандармен де бірге қарастыру қажеттілігі бар.

Болашаққа қатысты хабарлар ескерту үшін айтылған. Насихат пен жол көрсетуді негізге алғандықтан Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдындағы кісіге қарай ескертулер жасап, мағлұмат беріп отырған.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келешектің еншісіндегі бірқатар жайттарды сөз етіп, маңызды деген жекелеген адамдар мен оқиғаларға ишара жасап кеткен. Әрбір кезеңнің өзіне сай ерекшеліктері мен қағидалары болмақ. Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашаққа қатысты хабарлары арқылы үмбетіне сол қағидаларды білдіріп, ол уақыттарда қалай әрекет ету қажеттігін үйретуді мақсат тұтқан. Әсіресе, Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашақтан хабар берген кейбір жайттар пайғамбарлық міндеттің шектеусіз екендігін көрсеткендей болуымен қатар, расымен де адамзат тарихында көптеп кездескен әрі әрдайым қайталанып отырған маңызды жағдайлармен байланысты. Сан түрлі қырлары бар мұндай мәселелерді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түрлі уақытта әр алуан қырынан айтып беретін болған.

Болашаққа қатысты хабарлар – уахи арқылы білінетін жайттар. Алайда кей жағдайда уахи келешекте орын алатын оқиғаның бір бөлігін ғана пайғамбарға білдірген болуы мүмкін немесе уахимен толықтай жеткен бір хабарды пайғамбар өз пайымымен жартылай айтып берген болуы да ғажап емес. Мұндай жағдайларда оқиға толықтай түсіндірілмегендіктен немесе уахи түгелімен баяндалмағандықтан, риуаяттар лайықты түрде жорамалдануы қажет болады. Мысалы, Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде әзірет Иса (аләйһис-сәлам) келген уақытта жизия салығы алып тасталатынын айтқан. Әзірет Иса (аләйһис-сәлам) Ислам дінінің бір үкімінің күшін жоюы мүмкін болмағандықтан, хадис «Әзірет Иса (аләйһис-сәлам) жер бетіне қайта келгенінде барлық адам баласы бай болғандығы себепті жизия салығы алынып тасталынады» деп жорамалданған. Өйткені барлық адамдар бай-бақуатты болса, зекеттің ол кезеңдегі адамдарға парыздығы түсетіні секілді адамзат бай болғанда жизия салығына да қажеттілік болмағандықтан, күшін жойғандай болмақ.

Құран кәрім мен Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде келген келешекке қатысты хабарларда бізге беймәлім болған болашаққа байланысты мәліметтер айтылған. Сол себепті берілген мәлімет қаншалықты анық әрі айқын болса да, ондағы жайттар бізге беймәлім болғандықтан, әртүрлі түсіндірмеге ие болуы мүмкін. Базбір хабарлардың мағынасы оқиға орын алған соң ғана толықтай түсінікті болады. Сондықтан болашаққа қатысты хабарлар әртүрлі жорамалдануы мүмкін екендігін естен шығармау қажет.

Болашаққа қатысты айтылған хабарлар астарлы мағынада келеді. Көбінде уақыты мен мекені көрсетілмейді. Солайша, әрбір кезеңнің адамы бұл хабарлардан өз үлесін алып отырған. Келешекке қатысты хабарлар жалпы тәсілмен айтылған әрі жорамалдауға еркіндік берілген. Ал белгілі бір уақыт, мекен мен адамы білдірілген жағдайда сол аталғандарды үмітсіздікке, басқаларын ғапылдыққа түсірер еді. Сол себепті аяттар мен хадистерде болашаққа қатысты білдірілген мәліметтер адамзаттың барлығына әрі тарихтың әрбір кезеңіне жалпы ишара жасап айтылған. Себептің жалқылығы үкімнің жалпылығына кедергі жасамайтын қағидасына байланысты бір мәлімет тек жалғыз адамға қатысты болса да, басқаларына сабақ бола алуы жоққа шығарыла алмайды. Әрбір кезеңнің адамына ол мәліметтерден алар дәріс табылады.

Болашаққа байланысты хабарларда білдірілген үкімдер әр дәуірдің өкіліне қатысты бола алады. Тек айтылған оқиғаларды сипаттағанда түрлі адамдар, кезеңдер мен жағдайлар қарастырылуы қажет. Алайда кейбір адамдарға қатысты айтылған хабарларды жалпы түрде түсіну дұрыс болмайды. Мұсылмандар белгілі бір кезеңде немесе аймақта бетпе-бет келетін оқиғалардың жалпылануы қате жорамалдың туындауына себеп болған. Уақыт пен мекені білдірілген ерекше жағдайлар баяндалған хадистер бар болғанындай, кейбір жекелеген адамдарға ишара жасайтын хабарлар да кездесуі мүмкін. Сондықтан келешекке қатысты хабарларды жорамалдағанда уақыт пен мекеннің, әлеуметтік әрі психологиялық факторлардың әртүрлілігіне назар аудару қажет. Мұндай хадистер жорамалданғанда бүкіл адамдарды қамтып түсіндірмеу қажет. Мысалы, Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына фитналардан аулақ болуды, оқшаулануды әмір еткен, тіпті үйлеріне кірсе де, оған қарсы саусағының ұшын да қимылдатпауды тапсырған. Бұл риуаятта айтылған мәселе сахабалардың арасындағы соғысқа қатысты болған. Хадистен әр дәуірде кездескен фитналарға қарсы дәл солай әрекет ету қажет деген үкім шығару мүмкін емес. Себебі фитналармен күресуді әмір еткен әрі фитна уақытында тура жолды түсіндірудің маңыздылығын білдірген хадистер де бар.

«Ақырзаман фитналары ұзақ болады, біз ол кезеңнің бір бөлігіндеміз» сөзінен түсінетініміздей ақырзаман деп аталған кезең ұзақ уақытты қамтиды. Тіпті Пайғамбармыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басталған уақытты ақырзаман ретінде санауға болады. Сол себепті қияметтің белгісі ретінде айтылғандардың кейбірі алғашқы ғасырларда болып өтіп, кейбірі мың жылдан кейінгі кезеңге қатысты болуы мүмкін. Сондықтан Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз дәуіріндегі адамдарға байланысты айтқан сөздерін жалпы үмбетіне қарата түсінуге болмайды. Мысалы, «Сабыр етіңдер, әлі күн артынан күн жылжып, қиыншылықтар арта түсетін кезең келеді және ол Раббыларыңа қауышқанша жалғасады».

Алдағы ғасырларда орын алатыны айтылған оқиғалар мен адамдарға байланысты хабарларда сол кезеңдегі жетістіктер де қосымша мәлімет ретінде берілген. Соншалықты маңызды жетістіктерді елестете алмағандар оларды аталған адамдардың жеке басының таңғажайып қасиеттері ретінде жорамалдаған.

Хадистерде баяндалған болашаққа қатысты хабарлар астарлы мағынада болғандықтан, жекелеген адамдарға қатысты мағлұматтарда сол кезеңдердің немесе қоғамның ерекшеліктері де атап өтілген. Келетіні білдірілген адамдардың өмір сүретін әлеуметтік топтары мен саяси партиялары ие болатын күш-құдірет сол жеке тұлғаларға тиесілі етіп жорамалданатын кездер де болатын. Сол себепті кейбір хадистерді жорамалдаған уақытта шектен шығып кеткен, кейде хадистерді табиғат заңдылығына сай көрмей, тәрк еткен.

Иман мен ұсыныс – сынақ әрі тәжірибе. Сол себепті иман мен Ислам ақиқаттары адамды қабылдауға мәжбүрлейтіндей анық әрі нақты түрде көрсетілмеген. Адамның шешім қабылдау еркіндігін жоймай, ғайып пердесі артында баяндалған. Сонымен қатар Алла Тағаланың қалауын да жоққа шығармайды. Сондықтан болашаққа қатысты хабарлардың уақытын жобалап анықтау үлкен қателіктердің орын алуына себеп болуы мүмкін.

Әлемде кездейсоқтыққа орын жоқ. Барлығы да тағдыр қаламымен жазылған. Өткен шақтағы әрі келешектегі әрбір жағдай Ұлы Алланың ілімімен іске асуда. Болашаққа қатысты хабарлар – Алла Тағаланың Расулына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) білдірген мәліметтері. Сол себепті оларды тағдырдың болашаққа жоспары ретінде өзімізге бағыт-бағдар ете отырып оқу керек.

Болашаққа қатысты хабарлар – Алла Тағала білдірген хабарлар. Алла Тағала – шексіз құдірет иесі. Кейде оның «ата» заңдылығы «қаза» заңдылығынан бұрын орын алуы мүмкін. Оның білдірген мәліметтерінде ешқандай жалған болмайды. Алайда хабар берген оқиғалардың орын алуы адамдардың еркіне қалдырылуы бек 

мүмкін. Бір жерде жарылғыш зат болғандығы туралы хабар берілсе, бірден сол орынға барып, қажетті алдын алу шараларын жасап, жарылғыш заттың жарылуының алдын алса немесе жарылыстың зиянын барынша төмендетсе, жарылғыш зат болғандығы жайлы бастапқы хабарды жоққа шығара алмаймыз. Болашақта кейбір қауымдар жер жүзінде сойқан жасайтыны білдірілсе, адамдар дінді жайып, насихат айтып, дұға тілеу арқылы Алладан бұл бүліктердің зиянынан қорғауын сұраса, Алла Тағала олардың дұғаларын қабыл етіп, хабарлардағы залалдан адамдар көп зардап шекпей құтыла алады.

Пайғамбарлардың білдірген болашақ жайлы хабарларын балгерлердің сөзіндей бағалау үлкен қателік. Әсіресе, «Мынадай жағдай болу үшін алдымен мынадай оқиға орын алуы керек. Болашаққа қатысты хабарларда солай айтылған» деген сияқты детерминистік көзқарас тіпті орынсыз. Алла Тағала қысты көрсетпей-ақ көктемді жаратуға қауқарлы. Жоғарыдағыдай шарт қою Ислам дінінің Аллаға иман мен тағдыр түсінігіне сай келмейді. Сондықтан келешекте орын алатын оқиғаларды «ләух маху және исбат» атты тағдыр кітабының жазбалары ретінде көріп, адам еркі мен Алла Тағаланың қалауын жоққа шығармай жорамалдау қажет.

материал «Ақырзаман және қияметтің белгілері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: