27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран – Алла Тағаланың үзілмейтін берік арқаны

Құран – Алла Тағаланың үзілмейтін берік арқаны

Ислам тарихы

Ғұламалардың Құран Кәрім жайлы әртүрлі таным-түсініктері бар. Дегенмен, әрбір нәрсенің толықтай һәм ап-айқын танымын сол нәрсенің егесі, иелігінде ұстаған иесі ғана бере алатынын ескерсек, Құран Кәрімнің танымын ең әуелі Құран аяттарынан табуға талпынып, Алла Тағаланың қалай түсіндіріп, қандай кітап екендігін білдірген белгілерінен іздейміз.

Құран Кәрімнің қандай кітап екендігіне байланысты көптеген аяттар бар, десе де, жинақы әрі мазмұнды түрде «Шұғара» сүресінде былай деп келген: «Бұл Құран, еш шүбәсіз, әлемдердің Раббысының бірте-бірте түсірген кітабы. Оны «Рухул-Әмин» (аса сенімді Жәбірейіл періште) жеткізуде. (Адамдарды теріс жолға түсуден сақтандыратын) ескертуші пайғамбар болуың үшін оны сенің жүрегіңе ұялатуда. Ап-айқын әрі аса көркем араб тілінде (жеткізуде). Шүбәсіз, ол (Құран) жайлы бұрынғылардың кітаптарында да айтылған» («Шұғара» сүресі, 192–196-аяттар).

Ардақты пайғамбарымыздың Құран Кәрімге берген танымын Харис ибн Ағуар атты кісі былай жеткізген: «Бір күні жол-жөнекей мешітке бардым. Сөйтсем, ол жердегі кісілер әртүрлі оқиғалардың бірінен соң бірін баяндап, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Олардың бұл отырыстарын ұната қоймаған мен, дереу әзірет Алиге бардым да: «Уа, мүміндердің әміршісі, ана адамдарға қарашы, барлығы жиналып алып түрлі-түрлі әңгімелермен әуес болып, тіпті қызыл кеңірдек тартысқа да түсіп жатыр!» – дедім. Сонда әзірет Али: «Шынымен-ақ, солай жасап жатыр ма?» – деп сұрады. Мен: «Иә, дәл солай болып жатыр», – дедім. Сонда әзірет Али: «Мен Алла елшісінің «Күндердің күні бастарыңа әртүрлі һәм ауыр сынақтар келеді» дегенін естіп, «Уа, Расулалла, бұл сынақ алаңынан қалай жеңіл құтылуға болады?» – дегінімде, ол кісі былай деді:

«Ондай ауыр сынақтардан абыроймен өтудің жолы – Алланың кітабы. Ол кітаптың ішінде өздеріңнен бұрынғылардың және кейінгілердің хабарлары бар һәм араларыңдағы түйткілді мәселелердің шешімі де сонда.

Құран – ақиқатты егжей-тегжейлі баяндаған кітап. Бұл кітап ешқандай әзіл-қалжың, бос сөз, бөстекі әңгіме емес.

Кімде-кім бұл кітапты нәпсі қалауына салынып тастап кететін болса, Алла Тағала ол адамды масқаралап, қор қылады. Ал кімде-кім тура жол мен ақиқатты Құраннан басқа жерден іздейтін болса, Алла Тағала ол адамды адастырады.

Құран – Алла Тағаланың үзілмейтін берік арқаны.

Құран – (Алла Тағаланың ар-ожданымызға жазып, болмысымызға мөр етіп басқан ақиқаттарын еске салатын) Зікір һәм (әрбір аяты хикметке толы) Хаким.

Құран – Алла Тағаланың ақиқаттарына бастап баратын тура жолдың нақ өзі.

Құран адамдарды аздырмайды, әрі бос нәрсемен әуестенуге итермелемейді.

Тіл Құран арқылы сөйлеген кезде әр нәрсенің басын бір шалмайды.

Ғалымдар Құранның ләззатына, ішіндегі ғажайып сырларына тоймайды.

Құран көп қайталанумен ескірмейді, керісінше, жаңарып, жасара түседі.

Құранның ғажайып мәліметтері мен сырға толы мәселелері таусылмайды.

Жындар Алланың кәламын тыңдаған кезде: «Ол әрдайым хақ жолға бастайды, біз оған иман еттік. Біз ендігәрі Раббымызға ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаймыз!» («Жын» сүресі, 2-аят) – деген.

Кім Құран арқылы сөйлейтін болса, тек қана дұрыс нәрсе айтады.

Кімде-кім Құран Кәрімнің айтқанымен өмір сүрсе, сауапқа кенеледі.

Кім Құранмен үкім берсе, әділ үкім бергені.

Кімде-кім Құран Кәрімге шақыратын болса, тура жолға шақырғаны».

Уа, Ағуар, сен де осы сөздерді ұғынып, көңіліңе тоқып ал!» – деді.

Жоғарыдағы хадис – ардақты пайғамбарымыздың Құран Кәрімге берген танымы, қандай кітап екендігіне байланысты білдірген сөздері.

Ғұламалардың Құран жайлы танымы былай: Құран Кәрім – пайғамбарлардың соңы болған әзірет Мұхаммедке Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен түсірілген, мұсхафтарда жазылып, тәуәтур жолымен жеткен һәм тиләуат етілуі ғибадат болатын, «Фатиха» сүресінен басталып «Нас» сүресімен аяқталған мұғжизаға толы иләһи кәлам.

материал «Құран ілімдерінің негіздері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: