03
Жұма,
Мамыр

һижри

Жын-шайтаннан сақтану: Алла Тағаладан дұғалармен жәрдем тілеу

Жын-шайтаннан сақтану: Алла Тағаладан дұғалармен жәрдем тілеу

Ислам тарихы

Жын-шайтандардан қорғанудың екінші маңызды шарты – үздіксіз дұға етуді әдетке айналдыру, бұны құлшылық ниетімен жасау. Дұға – мұсылманның басты қаруы, сондықтан оны бір сәтке тастамау керек. Демек, қорғану үшін іші-сыртымыздың, сөзіміз бен ісіміздің үйлесуін қамтамасыз етуіміз керек.

Дұғаның екі түрі бар: фиғли (іспен) және қаули (сөзбен) дұға жасау. Диқанның егіс даласын жыртуы, тырмалауы, тұқым себуі, суғаруы – фиғли дұғаға, содан кейін қолын жайып: «Я, Жаратқан Ием, берекелі өнім алуды маған нәсіп ет, ризығыңды арттыр», – деп жалбарынуы – қаули дұғаға жатады. Алғашқысын іске асырмай тұрып, екіншісін жасаудың ешбір пайдасы жоқ. Керісінше, тек фиғли дұғамен шектеліп қалу да берекеге, әсіресе, ғибадатқа нұқсан келтіріп еңбекті еш етеді, яғни ешбір сауап әкелмейді.

Мысал ретінде, бір иманды кісі: «Иә, Жаратқан Ием, мұсылмандарды жеңіске жеткіз», – деп дұға етсе, бұл – ізгі іс, бірақ жеткілікті емес. Өйткені құс бір қанатымен ұша алмайды. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәдір соғысына мінсіз дайындық жасап алып, соңынан бар ықыласымен жалбарынып Алла тағалаға дұға етуі – бізге үлкен ғибрат. Демек, алдымен іспен (фиғли) дұға жасап, яғни керекті шарттарды түгел орындау керек. Содан кейін қаули дұға жасау үшін алақанды жайған дұрыс.
Сондай-ақ, сырқаттанғанда дәрігерге қаралу, дәрі ішу – фиғли дұғаға, ал шипа беретін Алла тағалаға қол жайып, шипа сұрау – қаули дұғаға жатады. Кейде тек жалбарыну арқылы, яғни қаули дұғамен дерттен айығуға болса, кейде Алла тағаланың мақсаты басқа болып, дәрігерге қаралуды қалауы мүмкін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла тағала әрбір аурудың шипасын жаратқан, емделіңдер» (Тирмизи, Тибб 2; Ибн Мәжә, Тибб 1; Әбу Дәуіт, Тибб 1, 11; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 2/278.) – деп бұйыру арқылы осы фиғли дұғаға бізді ынталандыруда. Тек жоғарыда айтқанымыздай, шипаның Алла тағаладан екенін біліп, оны бір құлшылық міндетіміз деп түсініп, барлық жағдайда қаули дұға жасауды естен шығармасақ болғаны.

Кейде қаули дұғаның жеткіліксіздігі іспетті, фиғли дұғаның да жеткіліксіздік танытатын кездері болады. Сондықтан Алла тағала шипаны кейде екі дұғаға бірден берсе, кейде тек біреуі үшін нәсіп етеді. Барлық нәрсе Өзінің қолында. Күнделікті өмірде дұға дегенді білмейтін қаншама адамдардың дені-қарны сау, рахаттана өмір сүргенін көріп жүрміз. Бұған керісінше, дәрі-дәрмек ішсе де, дұғаны бір сәтке болса да аузынан тастамайтын Алла тағалаға шын берілген пенделердің ауру-сырқаудан бір бас алмай жүргеніне куә болудамыз. Осындай жағдайларда біз дұғамыз қабыл болмады-ау деген ойға берілеміз. Алайда қабыл ету басқа, жауап беру басқа. Әрбір дұға қабыл болады, бірақ оның қайырымы сұралған нәрсенің дәл өзі берілгені секілді, кейінірек берілуі де мүмкін, тіпті бұ дүниеде емес, ақыретте берілуі мүмкін. Бұлар толығымен Алла тағаланың даналығымен жүзеге асатын іс. Сырқат кісі дәрігерге: «Маған мына дәрілерді бер», – десе, дәрігер дәл соның айтқан дәрілерін бермеуі мүмкін. Қайсысы керек болса, соны береді, ал пайдасыз дәрілерді бермейді немесе одан да тәуірін, пайдалысын береді. Енді осыны шартты түрде салыстырып көрсек, Алла тағала да құлдарының дұғаларын әрқашан естиді, естігенін оларға сездіреді, көңілін жайландырады. Өйткені, Алла – пендесіне күре тамырдан да жақын. Бірақ белгілі бір хикметке байланысты, құлының қалағанының бәрін бермеуі мүмкін. Себебі құлына ненің пайдалы екендігін Алла жақсы біледі. Біз Алла тағаланың ісіне араласа алмаймыз, өйткені Ол – мүліктің иесі, не істеймін десе де мүлкіне өзі еге. Мейіріміне де, қаһарына да ризамыз. Ол әбестік жасамайды, әр ісінде бір емес, мыңдаған даналық бар.

Дұғаның да намаз секілді құлшылықтың түрі екендігін естен шығармаған жөн. Оны да шын ықылас, таза ниетпен жасау керек және бұ дүниелік пайданы көздемеген жөн. Адам шынайы көңілімен Жаратушысына жалбарынып, Оның разылығына ұмтылуы керек. Алайда, кейде Ұлы Жаратушы өзінің шексіз рақымымен құлына мейрімін төгіп, қуантуы мүмкін. Сондықтан нәтижесін көруге асығып, тезірек мақсатыма жетсем екен деген ниетпен жасалған дұғалардың қабыл болуы неғайбіл.

Дұғаны бірден нәтижесін көру үшін емес, Жаратқан Иеміздің разылығына кенелу үшін үзбей жасауға тырысуымыз керек. Тілеу тілеп, жалбарынуды тоқтатпау керек. Әрдайым әр нәрсенің жақсылығын тілеу, күнәні кешіруші, мәртебемізді көтеруші Жаратушымызға адал ниетімізді көрсету, соған күш салу әрі сынақ әлемінде жүргенімізді естен шығармай құлшылығымыздың жемісін ақыреттен күту – шынайы ғибадаттың басты шарты.

 

материал «Жын-шайтаннан сақтану дұғалары мен жолдары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: