28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

«Түркістанға зиярат ету кіші қажылыққа жатады» деген пікір рас па?

«Түркістанға зиярат ету кіші қажылыққа жатады» деген пікір рас па?

Ислам тарихы

«Түркістанға зиярат ету кіші қажылыққа жатады» деген пікірмен келісуге бола ма? «Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле» деген сөздің астары қандай?

Түркі-қазақ даласында ислам дінінің кеңінен таралуына, халық дүниетанымымен сіңісіп, берік орнығуына Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани-моральдық ілімнің ерекше әсер еткені төл тарихымыздан белгілі. Әрине, Яссауиге дейін де, одан кейін де исламды таратуға ерен еңбек сіңірген рухани тұлғалар аз болмаған, бірақ түгел түркі халқының жүрегіне жол тауып, «Түркістан пірі», «Әулиелер сұлтаны», «Әзіреті Сұлтан» атанған Қожа Ахмет Яссауидің түркі тарихындағы орны ерекше. Бұл ерекшелік Әзіреті Сұлтанның ислам ілімін терең меңгеріп, тақуалықтың шыңына, рухани кемелдікке көтерілген өнегелі болмысымен, өзі шынайы сезінген діннің рухын түркінің төл тілінде жүрекке жақын өлең тілімен өрнектеп бере білген ақындық шеберлігімен, ислам ілімін түркі халқының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне етене жақын әдістермен насихаттап жеткізе білген көсемдік қабілетімен байланысты болды.

Арғы тегі араб жұртына – Пайғамбар әулетіне тірелсе де, Ысқақ бабтан бергі он бір атасы түркі жұртында өсіп-өнген Қожа Ахмет Яссауи жергілікті халықтан өзін ажыратып қараған жоқ, «Туған жерім – мүбарак Түркістан» деп осы өлкені қастерлеп жырына қосты, түркі жұртының, әсіресе Яссы (Түркістан) қаласының маңын мекен еткен оғыз-қыпшақ (бүгінгі қазақ) тайпаларының дәстүрі мен дүниетанымын жетік біліп, құрмет тұтты. Әйел-еркек деп бөлінбей, алқа-қотан отырып жыр тыңдайтын осы халықтың нәпсіден аулақ, туысқаншыл өнегесін пір тұтқан Яссауи әйелдер мен ерлер бірге қатысатын алқа зікірін құрып, Алланы жария еске алудың жолын қалыптастырды. Сол жаңашылдығы үшін заманының талай дін ғұламаларымен тартысқа түсіп, өзі сүйген жамағатының абыройын қорғады. Қорғап қана қоймай, бүкіл Орта Азия өлкесіне өз ұстанымының дұрыстығын, ілімінің ақиқаттығын мойындатып, «Түркістан пірі» атанды.

Кешегі түркі, бүгінгі қазақтың болмысына біткен қонақжайлық мінез, алыс жақыннан келген жолаушының бәріне есігі ашық ақжарма көңіл Яссауи іліміндегі «суфрадарлық» – «дастархан жаю» дәстүрімен ұштасып, дастархан үстінде уағыз айтып, ислам ілімін таратудың өміршең үрдісіне айналды. Яссауи іліміндегі «Қызыр пайғамбар жолаушы бейнесінде келіп, сұхбатқа қатысады» деген сенім қазақтың «Қонақ келсе, қыдыр келеді», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақалдарынан көрініс тапты. Осылайша өз болмысына етене жақын жолмен шынайы исламды танытқан, мың-сан шәкірт тәрбиелеп, өмірін дінге арнаған Әзіреті Сұлтанға деген елдің ықыласы көзі тірісінде ақ ерекше болған. Ол дүниеден өткеннен кейін қабірстанын қастерлеп, зиярат орнына айналдырды, Әзірет Сұлтан жайында жүздеген аңыз әңгімелер туындатты. Яссауидің ұстаздарын да, оның жолын жалғастырған шәкірттерін де халық рухани ұстаздар санап, пір тұтты. Әзірет Сұлтан жөніндегі ең көп тараған аңыз Мұхаммед пайғамбардың аманат құрмасын Арыстанбаб әулиенің бес жүз жыл сақтап, Яссауиге жеткізгені жайында болып келеді. Бірқатар ғалымдар «аманат құрманы» рухани ілімнің символы деп санайды.
«Мәдинада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – пір Бекет»
деп келетін өлең жолдарында аталған тұлғалардың дәрежесінің теңдігі емес, рухани ілімінің жалғастығы астарланған. Шын мәнінде Пайғамбар дәрежесімен ешбір әулие-тақуа жандардың деңгейін салыстыру мүмкін емес. Сол секілді «Әзіреті Сұлтанды үш рет зиярат ету кіші қажылық жасағанмен бірдей» деген ұстанымның да шариғи негізі жоқ. Бұл Мекке-Мәдинаға аяғы жетпеген арманды жандардың «Пайғамбардың ұрпағы, аманат ілімін жалғастырушы піріміз ғой» деп Әзіреті Сұлтанға қайталап зиярат етуді көңіліне жұбаныш-медет тұтуынан туындаған пікірлер ғана. Бұлай етуді Әзірет Сұлтан да аманат етпеген, кейінгі орта ғасырлардан сақталып келе жатқан Түркістанға зиярат ету әдебі туралы жазба деректерде де мұндай мәлімет кездеспейді.

Ал «Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле» деген сөз дұрыс айтылуында «Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» болып келеді. Өйткені тілек адамнан сұралмайды, Алладан сұралады. Ғұмырын Алла жолына арнаған Ясауидей тақуа жандардың «менен тіле» деп күпірлік етпегені айқын. Ал пайғамбарларды, әулие-тақуа жандарды дәнекер етіп, «солардың құрметі үшін дұғамды қабыл ете гөр» деп тәуәссул жасау үрдісі исламға жат емес.

«Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» сөзінің шығу төркіні жоғарыдағы аманат-құрма туралы аңызға тіреледі. Арыстанбаб ұзақ жол жүріп, Сайрам жеріне жеткенде алдынан бала Ахмет өзі шығып: «Ата, аманатымды беріңіз!» деп сұраған екен. Арыстанбаб қаншама жыл тілінің астына сақтап келген құрманы бергенде, бала оны жұтып жіберіп, бұрыла беріпті. Арыстанбаб: «Балам, сонша жыл сақтап келгенде маған бір ауыз жылы сөз айтпадың ғой» дегенде, бала Ахмет: «Қалай айтамын, сіз бар маңызын сорып, маған тек сүйегін қалдырыпсыз. Жарайды, сізге барып түнесін, бізге келіп (Алладан) тілесін» деген екен. «Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» деген сөз содан қалыпты деседі. Ал кей аңыздарда Әзіреті Сұлтан дүниеден өтерде «Маған келетін адам алдымен Арыстанбабқа зиярат етсін» деп аманат еткен екен деседі. Осы аңызға ұйыған халық алдымен Арыстанбабқа түнеп, содан кейін Ясауиге келіп, осы әзиздердің құрметі үшін қабыл етуін Алладан сұрап, тілек тілейтін зиярат әдебін қоштап, ұнатқан. Бірақ бұл тәртіп қатаң сақталатын қағидат емес, мүмкіндігіне қарай жасалатын әдеп ретінде қалыптасқан.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: