19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Исламдағы мәзһабтардың пайда болу себептері

Исламдағы мәзһабтардың пайда болу себептері

Ислам тарихы

Әсіре ұлтшылдық.

Ұлтшылдық пен нәсілшілдік мұсылмандар арасындағы ағымдарға бөлінушіліктің негізгі себептерінің бірі. Әсілі, ислам діні Құран және Сүннет үкімдерімен ұлтшылдық пен нәсілшілдікке қарсы шығады. Алла ТағалаҚұран Кәрімде: «Ей адамдар, біз сіздерді бір еркек пен ұрғашыдан жараттық және бір-біріңізді танысын деп сіздерді ұлттар мен қауымдарға бөлдік» (Хужурат, 13) дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нәсілшілдікті қоздырған бізден емес... Басқа бір хадис-шарифте: «Барлығыңыз Адамнан тарайсыздар. Адам болса топырақтан жаралған. Бір арабтың араб еместен үстемдігі жоқ. Үстемдік тақуалықта» деп ұлтшылдықтың шегін айырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде ұлт пен нәсілге бөлінушілікке жол берілген жоқ. Бұл жағдай әзіреті Осман кезеңіне дейін жалғасын тапты. Ол өлгеннен кейін мұсылмандар арасында ұлт пен нәсілге бөлінушілік пайда болды. Негізінде бұған дейінгі кезеңдегі хашимиттер мен әмауилердің өзара бәсекелестігі және харижилер мен басқа топтар арасындағы ымырасыздық ұлт пен нәсілшілдікке бөлінушілікке елеулі ықпал етті. Харижилік ағым Рабия тайпалары арасында кең қолдауға ие болды. Керісінше Мудар тайпалары арасында таралған жоқ. Жаһилиет дәуірінде аталмыш екі тайпа арасында өзара бақталастық бар болатын. Исламды қабылдаумен бақталастық пышақ кесті тиылған еді. Өкінішке орай харижилік ағымның пайда болуымен екі тайпа арасындағы бақталастық қайтадан өршіді. Ирандағы шиғалық ағымдардың пайда болуынан да парсы ұлтшылдығының элементтерін көруге болады. Халифатқа қарсы бас көтерген Бабек мен Муканна қозғалыстарына ескі зороастаризм сенімі мен парсы ұлтшылдығының ықпалы болды.

Халифалыққа байланысты бөлінушілік.

Мұсылмандардың бірлігіне сын болып тағылған жәйттердің бірі билік үшін бақталас болған әртүрлі саяси топтардың пайда болуы еді. Ислам тарихында алғаш рет саяси билікке деген мұсылмандар арасында пікір қайшылығы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін, халифа кім болады деген мәселеде туындады. Ансарлар «ислам біздің қолдауымызбен ұшпаққа шықты, сондықтан, халифа бізден сайлануы керек» деген ұстанымда болды. Мұхажирлер болса, біз алғаш болып мұсылмандықты қабылдадық, сондықтан, халифа бізден сайлануы керек дегенді алға тартты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болар алдын сырқаттанып жатқанда мұсылмандарға имам болуға әзіреті ӘбуБәкірді тағайындады. Осының негізінде ансарлар мен мұхажирлер мәселені ушықтырмай әзіреті ӘбуБәкірді халифа етіп сайлады. Алғашқы халифа сайлау мәселесі ың-шыңсыз біткенмен, әзіреті Осман халифа қайтыс болғаннан кейін«Халиф болуға кім лайықты? Кезкелген Құрайыштық мұсылман халиф бола ала ма? Жоқ әлде, тек, «әһлібайттан» (Пайғамбар ұрпағы)болуы шарт па? Бәлкім, жоғарыда келтірген «үстемдік тек тақуалықпен өлшенеді» мағынасындағы хадисшарифтің негізінде кезкелген тақуа болған мұсылман болуы тиіс пе еді?»деген мәселелер туындап, оның соңы дау-жанжалға ұласты. Осы бұлғақтың нәтижесінде шиғалар мен харижи тарих сахнасына шықты. Саяси партиялар деп атауға болатын бұл топтар өздерін өміршең ету үшін Құран мен сүннетті өздеріне тірек және қорғаныш етіп алды. Яғни, саяси мақсаттарына жету үшін дін талаптарын құрал ретінде қолданып, дін талаптарын саясатқа араластырды. Осылайша ислам тарихында діннің саясатқа айналу кезеңі басталды. Бұл топтар мұсылман қоғамын өздері ғана жақсы басқаратынын, мемлекетті басқару құқығының тек өздеріне ғана тән екендігін алға тартты. Құран аяттары мен хадистерді өздерінің саяси ұстанымына пайдалана бастады. Шын ислам дінінің өкілі өздері екендігін айтты. Алайда, Құран мен сүннет мемлекет немесе мемлекетті басқару түрін белгілемеген. Тек, мемлекет басшысының ерекшеліктері мен мемлекеттің негізгі ұстанымдары менқағидаларын бекіткен болатын25. Ескі мәдениеттердің исламға тигізген әсері. Исламды барша ғаламға насихаттау саясаты төрт халифа дәуірінде де жалғасын тапты. Ирак, Иран, Сирия, Палестина, Солтүстік Африка, Европа және Азияда фатх жорықтары жүргізілді. Фатх жорықтарының мақсаты ислам дінін барлық адамзатқа жариялау, хабардар ету, халықтарды исламға шақыру, сүйіспеншілік пен бейбітшілікке жеткізу еді. Осының негізінде ислам діні аз уақыттың ішінде әлемнің үш құрлығына жылдам таралды. Адамдар жаңа дінге топ-тобымен кірді. Бірақ жаңа дінге кіргенде бұрынғы сенімдерін, әдет-ғұрыптары мен мәдениеттерін толығымен тәрк еткен жоқ. Әртүрлі діндер мен мәдениетті ұстанған адамдар бірге өмір сүрді. Яғни, діндер мен мәдениеттер бір-біріне ықпал ете бастады. Әрбір ықпалдасудың нәтижесінде жаңа өзгерістер мен ерекшеліктер пайда болды. Ал бұндай ықпалдастық бөлінудің және жаңа мәзһабтардың пайда болуына әкеп соқтырды. Жабири, қадари, муғтазила, мушаббиха, шиғалық және сол секілді мәзһабтар осындай ықпалдастықтың нәтижесінде тарих сахнасына шықты26. Ибн Хазм «ал-Фасл» атты еңбегінде ескі мәдениеттердің ықпалымен пайда болған шиғалық ағымдар туралы былай дейді: «Бұл топтардың көбінің ислам дінінен шығуының себебі мынау болатын: Парсылар ұлан-ғайыр аймақта өмір сүретін. Өздерін жоғары санап, өзге ұлттарға үстемдік ететін. Өздерін азат санап, өзгелерді құл-құтанға балайтын. Арабтардың сасаниттер патшалығын құлатуы оларға ауыр соққы болды. Осы себептен олар ұдайы исламға небір айла-шарғымен қарсы шығуын тоқтатпады. Алайда, барлық соғыстарда Алла Тағала хақ жолын ұстанғандардың мерейін үстем етті. Олардың кейбіреулері тек сыртқы пішінмен ғана исламды қабылдады. Әзіреті Әлиге жасалған зұлымдықтан кейін шиғалық ағымды қатты қолдады. Бірақ олар исламнан шыққан Әрине, Ибн Хазмның бұл ескертуіндегі шектен шыққан шиғалық ағымдарға зайди, жағфари секілді топтарды жатқызуға болмайды. Өйткені, бұл топтардың өзге сенімдік және фиқһтық тұрғыдан бұзылған шиғалық ағымдармен тек қана саяси ұстанымы бір.

Тылсымды танып-білудегі талас-тартыстар.

Ислам сеніміне дәлел келтіруде «ақылды» қолдану мұсылман ғалымдарын әртүрлі ойларға жетелеп, соның нәтижесінде түрлі ағымдар пайда болды. Алла Тағаланың сипаттарына дәлел келтіру мен құдіретін танып-білу және басқа да мәселелер жөнінде кәламшылар әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданды. Бұндай мұсылмандық сенімге қатысты түрлі көзқарастардың болуы, мұсылмандардың жіктелуінен әкеп соқтырды. Құран Кәрімнің мутәшаббих аяттарына қатысты туындаған тартыстар. Құран Кәрімді түсініп, білу мәселесінде де мұсылмандар әрқилы көзқарастарда болды. Әсілі, Құран Кәрім адамдарға бақытқа жету жолын көрсететін илаһи кітап болып табылады. Бірақ Құран аяттарының өзіндік бірнеше ерекшеліктері бар. Құрандағы кейбір аяттар қысқа, кейбіреулері ұзын, көптеген аяттар өте анық және түсінікті, ал кейбір аяттар күрделі және көп мағыналы. Бір ғана әріп пен сөзден тұратын аяттармен қатар жарты беттен тұратын аяттар да бар. Аяттардың көп бөлігін оңай түсінуге болады, бірақ кейбір аяттар түрлі мағыналар береді. Бұндай аяттарды түсіну аса қиын. Бұл жағдай мұсылмандарды аяттарды түсініп, білуде әртүрлі ұғым шығады. Алла Тағала Құран Кәрімде осындай мағынасын түсініп-білу аса қиын аяттардың бар екендігін былай баяндайды: «Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар кітаптың негізгі іргетасы. Екінші астарлы мағынадағы аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық істеп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ, ғылымда озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді» (Әли-Ғымран, 3/7). Осыған орай Құран аяттары құрылымы мен мағыналарына қарай екіге бөлінеді:

1. Мүхкам аяттар: нақты және анық мағыналы, яғни түсіндірілген кезде мағынасы айқын болған аяттар. Мұндай аяттарды оқып, тыңдаған кезде мағыналарын оңай түсінуге болады. Бұл анық мағынадан басқа түсінікке бару мүмкін емес. Құрандағы иман, ғибадат, ахлаққа қатысты аяттар мүхкам аяттар болып табылады.

2. Мутәшаббих аяттар: мағыналары анық емес және әртүрлі түсінуге болатын аяттар. Бұл аяттарды «тәуил» (жорамал) арқылы түсінуге болады. Алланың сипаттарына (қол, бет, Арш) байланысты аяттар мен жұмақ, тозақ, мизан, есепке тартылу, махшар туралы аяттар және муқатта (екі-үш әріптен тұратын аяттар) әріптерінен тұратын аяттар осы түрге жатады. Бұл аяттардың шын мағынасын Алла ғана біледі. Ғалымдар болжам жасап, оларды түсініп, анықтауға тырысады. «Халафи» деп аталған алғашқы мұсылман ғалымдар және кейінгі мұсылмандық сенімнен ауытқымаған ғалымдар мутәшаббих аяттармен көп шұғылданбаған, оларға тәуил жасауға тырыспаған. Бұл мәселеде әлсіз екендіктерін мойындап, олардың мағыналарын Алла ғана біледі деп тұжырымдаған. Әйтсе де, кейбір мұсылман ғалымдары өздерінің мутәшаббих аяттарды түсіне алатынын айтып, оларға тәуил жасауды дұрыс деп санады. Халаф ғалымдары Алла Тағала Құранды адамдар түсініп, онымен өмір сүруі үшін түсіргеніналға тартып, мүхкам аяттармен бірге ақыл арқылы мутәшаббих аяттарды анықтауға тырысқан. Бұндай болжамдар мұсылман қоғамында түрлі діни түсініктер мен мәзһабтардың пайда болуына себеп болды. Мүжассима, мүшаббиха, муаттыла мәзһабтары, хуруфи секілді діни ағымдар мутәшаббих аяттарға тәуил жасау нәтижесінде пайда болды. Сондай-ақ, Құран аяттарының захири (анық) және батыни (ішкі мәні) мағыналарда түсініп, әртүрлі болжам жасағандар болды. Осының нәтижесінде захири және батыни фырқалар пайда болды. Бірақ мұндай көзқарастар көбінесе асыра сілтеушілікке жол ашты.

Ескі діни қиссалардың тигізген әсері.

Ескі діни қиссаларды айту әзіреті Османның дәуірінде пайда болды. Әзіреті Әли өз дәуірінде ескі діни қисса айтушыларды қысымға алып, оларды мешіттен қуды. Өйткені, қисса айтушылардың кейбіреулері бұзылған ескі діндерден алынған оқиғаларды айту арқылы мұсылмандардың сеніміне селкеу түсіріп, хурафалардың (ойдан шығарылған әдеттер) орын алуына ықпал етті. Ескі діни қиссаларды айтушылардың саны әмауилер дәуірінде арта түсті. Бұлардың барлығы салихалы мұсылмандар емес болатын. Құран Кәрім тәпсіріндегі «Исраилят» (яһуди пайғамбарлар туралы аңыздар) пен осы ескі діни қиссалардың кейбірі үндесетін. Себебі, Құран Кәрімде аты аталатын жиырма бес Пайғамбардың көпшілігі Яһуди қауымына келген пайғамбарлар болатын. Құран Кәрімде олардың өнегелі өміріне тоқталған аяттар бар. Ал ескі діни қиссаларды айтушылар көбіне осы Құран Кәрімдегі пайғамбарлар өмірін жырлайтын еді. Алайда, ескі діни қиссалардағы сенім мәселелері түгелдерлік ислам дінімен сабақтаспайтын. Қисса айтушылар белгілі бір мәзһаб өкілі немесе билеушілерге арқа сүйей отырып, ескі діни қиссаларды айтатын. Осылай бола тұрса да ескі діни қиссалар мұсылмандардың өзара талас-тартысқа түсуіне себеп болды.

Хурафалар (ойдан шығарылған нәрсе) және бидғат (дінге жаңа ережелер) енгізу.

Адамзат тарихында тура сенім мен көркем мінез және қате сенімдер мен зиянды әрекеттер қатар өмір сүріп келеді. Ақиқат дінді ұмытып адасушы адамдар тәухид сеніміне қайшы келетін бірқатар нанымдарды қабылдады. Тіпті, жабайылық пен азғындық шырқау шегіне жеткен кезде Алладан басқа болмыстарды Тәңір етіп, кейбір нәрселерді Тәңірмен байланыс құралы етіп алды. Мазарат пен зиярат орындарын және кесенелерді ғибадатханаға айналдырып, әулиелер мен шейхтардан және көсем санаған адамдарынан жәрдем сұрады. Бұндай жеке басқа немесе өлген адамдардың әруағына табыну әсіресе бұзылған діни ағымдарда көптеп кездеседі. Шиғалардың ішіндегі сабайиағымы әзіреті Әлиді тәңір деуге дейін барса, ниматуллаһшылар әзіреті Әлиді Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатар қоятын. Кейбір табиғат құбылыстарын, таулар мен төбелерді киелі деп санап, құстардың шырылын, иттердің үргенін, күннің күркіреуін және найзағай жарқылына сиынып, түрлі сенімдер пайда болған. Міне, осындай ұғымдар мен сенімдер уақыт өте келе әлеуметтік қолдау тауып, түрлі мәзһабтардың пайда болуына негіз болды. Исламға кірген кейбір қауымдар мен ұлттар ұлттық ерекшеліктерін, әдетғұрыптарын түрлі жолдармен дінге таңып бақты. Бұрынғы ескі мәдениеттерінің сарқыншақтарын исламға телуге тырысты. Парсы және Византия империясы, Орта Азия, Таяу Шығыс және Африка территорияларында өмір сүрген халықтар мұсылмандықты қабылдаған кезде ескі сенімдерін, мәдениеттерін және салт-дәстүрлерін толығымен тәрк ете алмады. Керісінше ескіні жаңа дінмен ымыраластырып, соның нәтижесінде түрлі дүбәра діни ағымдар пайда болды. Айталық; кейбір діни ағымдардағы шейхтық (көсемдік), махди (ғайыптан келетін имам), масих (Иса пайғамбар), хулул (Құдайлық рухтың денеге енуі немесе қасиетті имамдықтың мұрагерлік жолмен берілуі) және танасух (реинкарнация) элементтері осыған дәлел бола алады. Бұндай хурафаларға сенетіндер мен сенбейтіндер арасындағы қайшылықтар мұсылман жұрағатын дүрбелеңге ұшыратты.

Құқықтық үкім берудегі өзгешеліктер.

Мұсылман құқығының негізгі қайнар-көзі Алла Тағаланың кітабы Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті болып табылады. Алайда, настардың (Құдайлық ілім немесе Құран мен сүннет) негізінде құқықтық үкім берудің шегі бар. Қоғамның дамуымен бірге құқықтық мәселелер де арта түседі. Ал мұсылман құқығы әрбір жаңадан пайда болған жағдайға байланысты құқықтық үкім беруге тиісті. Құран мен сүннет негізгі құқықтық мәселелердің қағидаларын бекіткенмен, күнделікті өмірде кездесетін ұсақ мәселелерге дейін нақты ережелер белгілемеген. Дегенмен, жаңа мәселелер туындаған шақта, мұсылман заңгерлері міндетті түрде мұсылман құқығының негізгі қайнар-көздерінен дәлел іздейді. Негізгі қайнаркөздерден нақты құқықтық үкім таппаған жағдайда, Құран мен сүннеттің құқықтық өлшемдеріне қайшы келмейтін белгілі тәртіп негізінде фақихтар өз парасатымен құқықтық шешім шығарады. Яғни, Ұлы Жаратушы негізгі мәселелерді өзі бекітіп, кейбір мәселелерді шешу үшін адам баласына ақыл беріп, пенделерін осылайша сынауды жөн санаған. Мұсылман заңгерлері құқықтық үкім беруде әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Әрбір фақих өзінің шығарған шешімінің Құран мен сүннетке қайшы еместігін дәлелдеуге тырысады. Осының нәтижесінде мұсылман жұрағатында түрлі құқықтық бағыттар пайда болды. Көптеген зерттеушілер ислам тарихында фиқһтық мәселелерге байланысты бөлінушілік хижраның екінші ғасырының аяғында, яғни, табиғиндер дәуірінен кейін пайда болған дегенді алға тартады. Десе де, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз жұмғаннан кейін сахабалар туындаған мәселеге құқықтық үкім беруде екі құқықтық әдісті қалыптастырды. Осы әдістердің негізінде «хадис» және «рай» құқықтық мектебі пайда болды. Кейінгі фиқһтық мәзһабтардың пайда болуына осы «хадис» және «рай» құқықтық мектептері ықпал етті. «Хадис» мектебінің әдісі бойынша туындаған мәселеге құқықтық үкім бергенде негізінен Құран мен сүннетке сүйенді. Ал «рай» мектебінің әдісінде Құран мен сүннетке қайшы емес негізде ақылмен шешім шығарды.

Исламға дұшпандық жасаудың әсері.

Исламның жан-жақты таралуына қарсы шыққан кейбір топтар дінде болмаған нәрселерді яһуди, христиан, зороастаризм және мәжүсилерге қатысты кейбір сенімдерді мұсылман дініне қосып, мұсылмандарды бөлшектеуді көздеді. Өз жерлерінің мұсылмандардың қолына өтуін қаламайтын осындай топтар мұсылмандардың сенім және ахлақтарын өзгертіп, ішкі қақтығыс пен бүлік шығарып, мұсылман қоғамын жоюды жоспарлады. Олар әр жердегі мұсылмандар арасында осы мақсаттарын жүзеге асырып, түрлі мәзһабтардың пайда болуына ықпалын тигізді. Парсылардың іс-әрекеттері осыған айқын мысал бола алады. Ал соңғы дәуірлерде ислам әлемінде кейбір діни ағымдардың пайда болуына Батыс отаршылдарының ықпалы болды. Батыс отаршылдары ислам қауымын ішіне іріткі салу арқылы «бөліп ал да, билей бер» саясатын жүргізді. Исламды бөлшектеудің ең төте жолы, олардың біртұтас сеніміне селкеу түсіру болатын. Сондай-ақ, отаршылдар айрандай ұйып отырған мұсылман қауымын ұлтшылдықпен қоздырып бағып, бөлшектеуді іске асырды. Ағылшындардың саяси ойының құрбанына айналған кейбір мәзһабтар күні бүгінге дейін мұсылман әлемінде өмір сүруде. Бүгінгі күнімізде де батыс отаршылдары мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, іштен іріту саясатын жүргізіп келеді. Олар әлем халықтарының санасында «ислам терроризмі» деген үрей туғызып, исламды қаралауын тоқтатқан емес. Бұның астарында әлемде исламның күн санап аясының кеңеюіне қарсы болған батыс алпауыттарының жымысқы саясатының жатқандығы анық.

материал «Ақида ағымдары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: