06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Қандайда бір асты харам ету құзыреті кімге тән?

Қандайда бір асты харам ету құзыреті кімге тән?

Ислам тарихы

Құран Кәрімде халал мен харам туралы айтылған аяттарда бір нәрсені харам етіп, тыйым салу құзыретінің тек Ұлы Аллаға тән екендігі шегеленіп айтылған. Және бұл мәселеде шектен шығып, илаһи әмірге құлақ аспағандардың ісі айыпталады.

Өйткені, бір нәрсені халал не харам ету құзыреті тікелей иман, таухид мәселелеріне қатысты. «Яһудилер өз хахамдарын (машайықтарын), христиандар болса, өз дінбасыларын Алланы былай қалдырып тәңір тұтты (яғни, Алланың үкімін былай қалдырып, солардың адал дегенін – адал, арам дегенін – арам деп қабылдады). Сондай-ақ христиандар Мәриямұлы Иса Мәсіхті де тәңір тұтты» аяты түскен кезде бұрын христиан дінінде болған Ади ибн Хатим Алла елшісіне келіп: «Уа, Расулалла! Олар бұл кісілерге құлшылық жасаған жоқ қой», – дейді. Сонда пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған былай деп жауап береді: «Иә, дұрыс айтасың. Бірақ олар дін басыларының харам дегенін харам, халал дегенін халал деп білді. Бұл олардың дінбасыларына құлшылық етуі болып табылады».

Құранда харам не халал ету құзыретінің тек Аллаға тән екендігін баяндаған негізгі аяттар мыналар: «Ақымақтық қылып һәм надандықпен өз балаларын өлтіргендер, сондай-ақ Алланың өздеріне берген адал ризығын («бұл Алланың үкімі» деп), Аллаға жала жабу арқылы харам қылғандар шүбәсіз, зиянға ұшырады. Олар сөзсіз, тура жолдан адасты һәм (мына түрлерімен) тура жолға түсуі (әрі екі дүниеде де мақсат-мұраттарына жетуі) мүмкін емес»; «(Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен) тілдеріңнің өтірік сипаттауымен «Мынау адал, мынау арам» деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам деп үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар, әсте, мақсат-мұраттарына жетпейді (оңбайды)»; «(Уа, Мұхаммед! Оларға): «Алланың құлдары үшін жаратқан адам көркі киім-кешекті және таза әрі пайдалы адал ризықтарды кім харам ете алады?» – де»; «Сондай-ақ оларға: «Алланың өздеріңе түсірген ризығының бір бөлігін арам, енді бір бөлігін адал қылып алғандарың қалай?» – де. Оларға: «Сендерге олай істеуге Алланың өзі рұқсат етті ме, жоқ әлде Алланың атынан жалған сөйлеп тұрсыңдар ма?» – деп айт»; «Уа, иман еткендер! Алланың сендерге адал еткен таза әрі денсаулыққа зиянсыз нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар һәм (оларды ысырап қылып) шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді».

Көріп отырғанымыздай, Құран харам не халал ету құзыретінің тек Аллаға тән екендігін ашық айтқан. Мейлі пайғамбарлар болсын, мейлі олардың ізбасары болып саналатын ғалымдар болсын, олардың бұл іске араласуға құқы жоқ. Себебі, пайғамбарларға халал не харам ету құзыретін Алла тағаланың өзі береді. Сондықтан да түптеп келгенде пайғамбарларда мұндай құзырет жоқ деуге болады.

Жоғарыда келтірген аяттардағы ескертпелерден тиісінше сабақ алған алғашқы толқын ғұламалардың көпшілігі үкімі насста нақты айтылмаған мәселелер төңірегінде пәтуа беру барысында «харам» сөзін қолданудан сақтанған. Имам Шафиғи өзінің «әл-Умм» атты кітабында Әбу Юсуфтың мына сөзін келтіреді: «Ілім иелерінен болған сондай ұстаздарды көрдім. Олар пәтуа беру барысында: «Бұл – халал, бұл – харам» деп айтуды жөн санамайтын. Олар тек Құранда нақты әрі кесімді түрде үкімі айтылған мәселелерде ғана осылай кесіп айтатын».

Ибраһим ән-Нәһәи де бұл мәселеде ғұламалардың ұстанымын былайша баяндайды: «Олар қандайда бір мәселеде пәтуа беретін кезде немесе бір нәрсенің тыйым салынғанын білдіруі кезінде: «Бұл – мәкруһ» немесе «Мұның ешқандай айыбы жоқ» деп айтатын. Себебі, «Мынау – харам, анау – халал» деп айту үлкен нәрсе». Ахмад ибн Ханбалдан қандайда бір мәселенің үкімі сұралғанда ол кісі: «Мұны құп көрмеймін» немесе «Мұны ұнатпаймын», не болмаса «Мұны жақсы көрмеймін» деген секілді сөздермен жауап беретіндігі айтылған.

Ханафи ғалымдарының үкімі насста нақты айтылмаған мәселелерге «харам» деуден сақтанғаны, оның орнына мәкруһ (тахриман) сөзін қолданғаны белгілі.

материал «Адал астың артықшылығы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: