29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Адам баласының ең жоғарғы мақсаты

Адам баласының ең жоғарғы мақсаты

Ислам тарихы

Адам баласының ең жоғарғы мақсаты – Алла тағаланың ризашылығына бөлену.

Оның ризашылығының қасында басқа дүниелік атақ-даңқ, мансаптың бәрі түкке тұрғысыз. Өйткені олардың бәрі өткінші, ал Алланың ризашылығы – мәңгілік. Сондықтан осы ұлық мәртебеге жетуді қалаған жандардың қажетті шарттардың бәрін орындауға құлшынары анық.

Алла Тағала ризашылығы жайында Құран кәрімде:

«Алла мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге аяқтарының астынан өзендер ағып жатқан мәңгілік жаннаттар мен Адн жәннатында әсем сарайларды уәде етті. Дегенмен Алланың ризашылығы бәрінен жоғары. Ұлы есендік осы» («Тәуба» сүресі, 72-аят) – дейді.

Алла Тағаланың салиқалы құлдарының бірі: «Оның ризашылығына қол жеткізген адам не жоғалтар дейсің, ал одан айырылып қалған жан не табар дейсің?» – деп ризашылықтың маңызын тілге тиек еткен.

Алланың сүйікті құлдары бұл дәрежеге жету үшін қиыншылықтың бәріне де төзген және олардың ешқайсысы да осы жолға бас қойғандықтарына титтей де өкініш білдірмеген. Өйткені Жаратушы Жаппар Ие риза болса, бүкіл әлемнің наразылығы түкке тұрғысыз. Ол риза болса басқаларды да риза етеді. Ал Ол риза болмаса, бүкіл әлемнің риза болуы көк тиынға да татымайды.

Міне осындай ризашылыққа қол жеткізудің бір жолы – ата-анаға жақсылық жасау. Өйткені бұны айтқан ардақты Елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі болатын. Ол: «Күллі әлемді құдіретімен шыр айналдырған Жаратқан иені риза қылудың жолы – ата-ананың ризашылығын алуда. Ата-ананың лағынеті мен ашуы Жаратушының ашуланып, қаһарлануын тудырады» (Бәйһақи. Шуабул-иман. VI, 177-бет) – деу арқылы үмбетіне ерекше ескерту жасаған.

Лұқпан хәкімнің баласына: «Балам! Ата-анасын риза еткен Рахманның да ризашылығын алмақ. Ата-анасын ренжітіп, жек көрінішті болғандар да Рахманды ренжітіп ашуландырған болады. Балам! Ата-анаң – жәннатқа кіретін есіктердің бірі. Егер олар сенен риза болған болса сол есік арқылы жәннатқа кіресің. Егер ризашылығын ала алмаған болсаң онда жәннатқа кіруіңе кедергі қойылып, оған кіре алмайсың», – деп өсиет еткендігі айтылады.

Әбу Дәрда (р.а.): «Алла елшісінің «Әке (басқа бір риуаят бойынша ана) – жәннаттың ең ортаңғы қақпасы. Қаласаң бұл қақпаны сақта, қаламасаң сақтама», – дегенін естідім», – дейді (Тирмизи. Бирр 3; Ахмад ибн Ханбал. Муснәд, V, 197-бет).

Хақ Тағаланың мейіріміне бөленуіне себепкер болғаны үшін ата-анасын қастерлеген адамдар – осы дүниеде де, арғы дүниеде де жұлдызы оңынан туған ең бақытты жандар. Олардың тірі жүргендерін ауырсынып, қабақ шытқан адамдар азап тартпай қоймайды.

материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: