19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Басшыға бой ұсынудың Алла алдындағы мәртебесі

Басшыға бой ұсынудың Алла алдындағы мәртебесі

Ислам тарихы

Басшыға бой ұсынудың Алла алдында мәртебесі өте жоғары, сондай-ақ жеке өз тұлғасы үшін халық алдында пайдасы көп, солардың ішінен жекелей айтар болсақ:

Бірінші: Басшыға Алланың харам еткен нәрсесінен басқа әмірге бой ұсыну – ол Алла Тағаланың әміріне бой ұсынғанмен тең. Жоғарыдағы хадисте келгендей: «Кім маған бойсұнса, ол Аллаға бойсұныпты. Кім маған бойсұнбаса, ол Аллаға бой ұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны».

Екінші: Басшыға жақсы істе бойсұну мемлекет тұрақтылығына, тыныштығына апарады. Егер мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бірнеше топтар болса, олардың арасында болып тұратын дау-жанжалдардың нәтижесінде қарапайым халықтың тыныштығы бұзылып, үнемі қауіпті жағдайда күн кешеді.

Үшінші: Бір басшыға бағыну арқылы мемлекеттегі адамдардың бірлігі күшейіп, өзара сүйіспеншілігі артады.

Төртінші: Бір басшыға бағынған елді сыртқы жау ала алмайды. Сыртқы жау бір мемлекетті жауламас бұрын мемлекет басшылығына қарсы топтармен мәмілеге келеді. Бұл ерте заманнан бері Ислам жауларының қолданып келе жатқан әдісі.

Бесінші: Мемлекеттердің гүлденуі, өркендеуі басшыға бағынуда жатыр. Әлемде болған барлық өркениеттер, мәдени ошақтар бір басшыға бой ұсынған тұрақты, тыныштық үстемдік құрған жерлерде болған, өйткені тұрақтылық адамды ғылым-білімнің дамуына, ғылыми жаңалықтардың ашылуына апарады.

Басшыға бағынбаудың зардаптарын айтар болсақ, алысқа кетпей-ақ Қазақстан тарихына-ақ көз жүгіртсе болады. Қазақ бір тудың астына жиналып, бір басшыға бағынған кезде сыртқы жаулар баса-көктеп кіре алмаған. Жүз-жүзге бөлініп, әр жүз, әр ру өз мақсатын көксегенде ғана жаудан ойсырай ұтылған екен. Соның бір мысалы 1723 жылы орын алған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғыны. Қазақ руларының бір басшыға бағынып, бас қоса алмағанының нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырғынға ұшырады. Бүкіл қазақ елін жауламақ болған жоңғарларға тойтарыс тек Аңырақай шайқасында бір тудың астында жиналғанда ғана жүзеге асты. Бұл тарихтағы қырғындар келесі ұрпаққа  сабақ болу керек. Заманымыздағы Ислам мемлекеттеріндегі соғыстар, ондағы тұрақсыздық басшыға бағынбағанның кесірінен туып отыр. Египет, Тунис, Ливия, Ауғанстан, Ирак, Сирия және басқа мемлекеттердегі қарапайым халықтың тоз-тоз болуы – басшыға бағынбағанның нәтижесі. Бір мысал, Ливия Жамаһириясын айтар болсақ, бір басшыға бағынып өмір сүрген кездері мен осы кездерін салыстыру мүмкін емес. Әртүрлі руларды біріктіріп, халықты ортақ билікке бағындырып отырған басшыларының қасақана өлімінен кейін Ливия халқы әр ру өз пайдасын көксеген майдан алаңына айналды. Африкада ең бай мемлекет болып саналатын Ливияда қазіргі кезде жоқшылық, азық-түлік жетіспеушілігі байқалуда. Бұл тек басшыға қарсы шыққанның бір көрінісі, келешекте Ливия деген мемлекеттің әлемдік картадан жойылып кету қаупі бар. Тізімге тек Ливияны ғана емес, Ирак, Ауғанстан, Сирия, тағы да басқа мемлекеттерді мысалға келтіруге болады.

материал «Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: