08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Ислам дініндегі ең маңызды ұғым – «бірқұдайшылық»

Ислам дініндегі ең маңызды ұғым – «бірқұдайшылық»

Ислам тарихы

Ислам дініндегі ең маңызды ұғым – «бірқұдайшылық». Ол дегеніміз – Алла Тағаланың бүкіл әлемді жалғыз Жаратушы, Одан басқа құлшылық етуге лайықты құдай жоқ екендігіне және Оның есім-сипаттарының Дара екендігіне шүбәсіз сену. Сонымен қатар Аллаға ешкімді серік етпеу мәнін ұғындырады.

Аллаға иман келтіру төрт негізді қамтиды.

1. Алланың бар екендігіне сену.

Алланың бар екендігіне фитра (әрбір адамның бойында болатын тума сезім), ақыл, діни деректерде келтірілген хабарлар дәлел болады.

а) Алланың бар екендігін адам өзінің ішкі жан дүниесімен ұғынады. Кез келген адам өзінен тыс, тылсым зор күш иесі бар екендігін сезінеді. Бұл сезім әсіресе адамның қиын жағдайға тап болған кезінде қатты байқалады. Тіпті құдайсыз атеистің өзі де осындай жағдайда сол тылсым күштен көмек сұрайтындығын жасыра алмас. Міне, осындай дәлелді қажет етпейтін ішкі сезім әртүрлі тура жолдан адастыратын жаңсақ пікірлерден таза болса, ол сезім (фитра) адамды міндетті түрде Жалғыз Аллаға иман келтіруге, Ислам дінін қабылдауға жетелейді. Сондықтан Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір нәресте фитрада туылады. Оны әке-шешесі яһуди қылады не христиан қылады немесе мәжуси қылады», – деген.

ә) Егер адам шын жүрегімен, әртүрлі пікірлерді тыңдамастан өзінің ғана ақылына сүйеніп, айналасына барлай қараса, ол бұл әлемдегі кез келген нәрсенің басы және соңы бар екендігін және әрбір нәрсені жаратушы бар екендігін түйсінеді. Өйткені адамның ақылы көзге ілусіз болса да, әрбір заттың өздігінен не кездейсоқтықтан пайда бола алмайтындығын жақсы біледі және өзгесін қабыл ете алмайды. Қалайша жоқ нәрсе өздігінен пайда бола салды?! Қалайша бір зат кездейсоқтықтан өзге затқа айнала қалды?! Адамның ақылында бұл – мүмкін емес жайт. Себебі әрбір затты жарататын, оның пайда болуына әсер ететін басқа күштің болуы керек және бір заттың екінші бір затқа айналуы үшін де басқа бір күштің әсері қажет. Бұл шындықты адамның ақылы ешқандай сырттан дәлел іздеместен қабыл етеді және соны қанағат тұтады. Тек адам тәкаппарланып, шындықты қабылдай алмай, әртүрлі дәйексіз пікірдің соңынан ермесе болды. Алла Тағала адамдарға осы шындықты: «Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы өздері ме? Яки олар көктер мен жерді жаратты ма? Жоқ, олар нанбайды. Немесе Раббыңның қазыналары олардың қасында ма? Я, (болмаса) олар игеруші ме?» – деп жеткізген.

б) Алланың бар екендігі аспаннан түсірілген барлық кітапта айтылған. Адамдардың пайдасы үшін осы кітаптарда келген заңдардың барлығы – олардың Дана әрі жаратылыстың әрбір ісін қалтқысыз білетін Раббыдан келгендігінің айғағы. Сонымен қатар сол кітаптарда келген табиғаттың заңдылықтары туралы хабарлардың бәрі де – оның Жаратушы бір Алланың заңдылығы екендігіне куәгер.

2. Алланың Жаратушы және бүкіл істерді Жүргізуші екендігіне сену. Яғни Алланың бүкіл әлемді жалғыз Өзі жаратқанына және Оған ешкімнің бұл әлемді жаратуға көмектесіп, серік болмағанына, барлығының Оның мүлкі екендігіне, әлем істерін жүргізу үшін Оған ешкім көмектеспейтіндігіне, Оның күшінің барлық нәрсеге шексіз жететіндігіне күмәнсіз сену. Алланың Жаратушы екендігін санаулы дінсіздер және тәкаппарлар болмаса, басқа барлық дін иелері, тіпті пұтқа табынушылар да мойындайды. Алла Тағала бұл туралы: «Егер олардан: «Кім жаратты?» деп сұрасаң, әлбетте «Алла» дейді. Сонда қалай бұрылып, барады?» – деген. Яғни олар пұтқа құлшылық еткенменен, бұл әлемнің жалғыз Жаратушысы бар екендігіне сенген. Алланың Жаратушы екендігіне сену, осы әлемдегі болып жатқан барлық іс-қимыл Оның әмірімен болатындығына, Оның қалағаны еш қиындықсыз іске асатындығына, тіпті талдың жапырағы да Оның бұйрығымен жерге түсетіндігіне сенуді де қамтиды.

3. Алладан басқа құлшылық етуге лайықты құдайдың жоқ екендігіне сену. Яғни, құлшылықтың барлық түрін тек бір Аллаһқа ғана арнау. Құлшылық – Алла Тағала жақсы көретін барлық сөздер, жария және жасырын істер. Құлшылыққа намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару, құрбандық шалу, нәзір ету, ант ішу, үміт арту, қорқу, дұға жасау, тәуекел ету т.б. жатады. Аталмыш құлшылықтың барлық түрі тек бір Аллаға арналу керек. Намазды Алла үшін оқыған секілді құрбандықты да Алла үшін шалу және дұға-тілектерді де тек Алладан ғана сұрау қажет. Алла Тағала адам баласын тек Өзіне құлшылық ету үшін жаратты. Яғни адамзаттың жаратылуындағы басты мақсат – оның Аллаға ғана құлшылық етуі. Ғұламалар бұл міндеттің маңыздылығын ескере келіп, Алла Тағала кешірмейтін күнәдан адамзатты сақтандыру үшін осы тақырыпқа ерекше көңіл бөлген.

Алла Тағала Құранда: «Алла Өзіне ортақтың қосылуын кешірмейді, одан өзгені қалаған пендесінен кешіреді. Сондай-ақ кім Аллаға ортақ қосса, расында, ауыр күнә ойлап тапқан болады», – деген.

Бүкіл пайғамбарлардың ең бірінші міндеті адамдарды бір Аллаға құлшылық етуге шақыру болған. Олардың барлығы адамдарды пұтқа, әулие-әнбиелерге құлшылық етуден сақтандырып, ғибадатты тек қана өздерін жаратқан, Оның қалауынсыз ешкім де оларға шапағатшы бола алмайтын бір Аллаға арнау керек екендігін ескертумен өткен.

Алла Тағала елшілеріне осы мәселені адамдарға жеткізулері үшін және олардың тура жолдан адаспаулары үшін кітаптар түсірген. Осы бірқұдайшылыққа сеніп, амал еткен не етпегеніне қарап, адамдарды мүмін мұсылмандар және кәпір адасқандар деп екіге бөлген. Ғибадатын бір Аллаға ғана арнағандар бұл дүниеде де, Ақыретте де бақытқа бөленіп, жаннаттан орын алып, қабір азабы мен тозақ отынан құтылушылардан болады. Ал құлшылықтарында Аллаға серік қосқандар немесе Алладан өзгеге табынғандар бұл дүниеде де, Ақыретте де бақытсыз болып, көр азабы мен тозақтың жалындаған отында азапталады және оларға жаннат харам етіледі.

Құлшылықты тек бір Аллаға арнау керек екендігі және Оған басқа біреуді серік етпеу қажеттілігі Құранда және Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінде өте көп ескертілген. Алла Тағала: «Ей, адамдар, сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар! Әрине, сақтанған боларсыңдар»1; «Расында, әр үмбетке: «Аллаға құлшылық қылыңдар, тағуттардан 2 аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік. Олардың кейбіреулерін Алла оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың не болғанын көріңдер»3; «(Мұхаммед!) Сенен бұрын бір елші жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір құдай жоқ, ендеше, Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп жібердік», – деген.

Алла елшісі (с.а.с.) Муғаз ибн Жәбалды Йеменге адамдарды Исламға шақыру үшін жіберіп жатып, оған: «Сен кітап иелерінен болған елге барасың. Сондықтан ең бірінші оларды Аллаға құлшылық етуге шақыр. Егер осы айтқаныңды білсе, Алланың оларға күніне бес намазды парыз еткендігін хабарла...», – деп өсиет еткен.

Пайғамбар (с.а.с.) бірде Муғазға: «Ей, Муғаз! Алланың пенделеріндегі ақысын білесің бе?» – деді. (Муғаз): «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап береді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Оған құлшылық ету және Оған ешкімді (еш нәрсені) серік қоспау, (ал осыларды орындаса, пенделердің) Ондағы ақысын білесің бе?» – деді. (Муғаз): «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деген. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Оларды азаптамау», – деді.

Яғни әрбір пенде өзін жаратқан, ризық беретін, жанын алатын және осы дүниедегі амалына сай Ақыретте жаннатты не тозақты оған нәсіп ететін Аллаһқа ғана құлшылық ету керек.

4. Алланың есім-сипаттарына иман келтіру. Алланың есім-сипаттарына иман келтіру дегеніміз – Құран мен Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) «сахих» хадистерінде келген Алланың барлық есімдері мен сипаттарын жоққа шығармастан, ештеңеге ұқсатпастан иман келтіру.

Алланың есім-сипаттарының басты үш негізі бар:

а) Құран мен хадисте келген Алланың барлық сипаттарын бөліп-жармастан Аллаға лайықты мағына деп иман келтіру.

Алланың көруі, естуі, білуі, мәңгі тірі болуы секілді Оның риза болуы, жақсы көруі, ашулануы деген сипаттары да бар. Өйткені бұл сипаттар Құран мен «сахих» хадистерде келген. Алланың есту сипаты Өзіне лайық болғаны секілді Оның риза болу сипаты да Өзіне лайық.

Яғни Алланың Құран мен хадисте келген есім-сипаттарын жоққа шығармау.

ә) Алланың ешқандай жаратылысқа ұқсамайтындығына сену. Алланың болмысында, есім-сипаттарында, амалдарында Оған ешкім ұқсамайды. Алла Тағала: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Әрі Ол (Алла) – әр нәрсені Естуші, толық Көруші», – деген.

Осы аятта Алла еш нәрсенің Өзіне ұқсамайтындығын ескерткен. Біз Алладан дұға-тілек еткен кезде осы көркем есімдер арқылы сұрауымыз керек. Құранда: «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Оған сол есімдер арқылы жалбарыныңдар. Алланың атында қиғаштық істейтіндерді қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады», – делінген. Яғни Құран мен «сахих» хадистерде келген Алла Тағаланың сипаттарының еш нәрсеге ұқсамайтындығына сену.

б) «Алланың есім-сипаттары қандай?» деп Оның кейпін іздемеу. Алла шексіз, Ол әуелден бар, мәңгі Тірі және Оның барлық есім-сипаттары да шексіз. Ал адам баласы жоқтан пайда болған, өмірі шектеулі және оның барлық сипаттары да шектеулі. Адамның белгілі қашықтықтан артықты көре алмайтындығы секілді оның ойлау қабілеті де шектеулі. Ол тек өзі көрген, сезгендердің төңірегінде ғана ойлай алатындықтан, мұндай шектеулі қабілетпен Құдіретті, Шексіз, кемшілік атаулыдан Пәк Алланың кейпін ойлай алмайды. Тіпті оның қаперіне де келуі мүмкін емес. Шектеулі қабілетпен Шексіз Алланың кейпін іздеу ақылға сыймайды. Сондықтан адам өзінің шамасының шегінен асып кетпеуі қажет. Алла Тағала бұған қатысты Құранда: «Өйткені Алла олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Оны басқалар толық білмейді», – деген.

Яғни көрпемізге қарап көсілуіміз керек. Өйткені Алла бізден Өзінің кейпінің қалай екендігін іздеуді талап еткен жоқ, тіпті оған тыйым салды.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: