26
Жұма,
Сәуір

һижри

«Жеті рухани қазық» – имани иммунитет бастауы

«Жеті рухани қазық» – имани имунитет бастауы

Мақалалар
Жарнама

Ел руханиятындағы діннің рөлі күн санап артып келеді. Дәстүрлі діни көзқарастың халық арасында кеңінен таралып, мұсылманшылық ұстанымдарға бет бұрыс жақсарып, имани жаңғыру үрдісі бар екені көңіл қуантады. Себебі, ата-бабамыздың неше ғасырдан бері арқауын босатпай, жел кіргізбей ұстаған имани құндылықтары бүгінгі таңдағы ғаламдық жаһандану үрдісіне жұтылып кетпеудің ұлттық бірегейлікті сақтаудың бір көрінісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» айтқан кезде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне арнайы тоқталып «Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отыр­ғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын» деген болатын.

Өкінішке орай, осындай сындарлы сәтте халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан имани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігіне сына қағушы жат ағым өкілдері де жоқ емес. 

Жақында ғана өткізілген ІІІ Республикалық имамдар форумында бірқатар құжаттар ішінде жат ағымға қарсы тұру жұмысында аса маңызды мәнге ие «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» атты құжат қабылданды.

Аталған құжатта имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сияқтты асыл сипаттар жеке-жеке талданып түсіндіріледі.

Әрине, руханият өкілдері көз тіккен маңызды құжатта аталған құндылықтардың орын алуы жайдан-жай емес. Бүгінгі мұсылмандардың өміріне аса қажетті, руханияты зәру болған, қоғам мен мемлекетке пайда тигізетін «адамның баласы» (Абай) болуға керекті қасиеттер.

Аталмыш құжатта арқау болған қасиеттердің ішінде бүгінгі ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген жат ағым өкілдерінің шабылонды түсініктеріне нақты жауаптары беріліп, байсалды көзқарастар насихатталған.

Құжаттың «Имандылық» деп аталатын әуелгі бөлімінде «Имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез» екенін баса айтып, бүгінгі таңдағы дін ұстанушыларды формадан көрі мазмұнға ден қоюға бағыттайды. Имани құндылықтарды бұлайша тереңдей түсіндіру – ел жастарының радикалды, дәстүрлі емес діни бағыттарға кетіп қалмауы үшін аса қажетті қадам.

«Отаншылдық» деп аталатын бөлімінде «Отаншылдық – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұрады. Отаншылдық мәйегі – ұлтты сүю.Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады» делінеді. Сонымен бірге, радикалды ағым өкілдері теріс насихаттап жүрген «шейіт» ұғымына шынайы түсінік жасалумен қатар, олар тарапынан қабыл алынбайтын отанды сүю, ұлтты сүю ұғымдарының да имани құндылықтар аясында қамтылатынын нақтылайды.

Ал, «Білімділік» атты бөлімде «Ислам Құран мен сүннетке негізделген діни ғылымдармен қатар зайырлы білім алуға да үндейді» деп азаматтарды бір жақты ақпарат қайнарымен шектеліп қалмауға, зайырлы білімді игерген жан-жақты, ізденімпаз, ыждағатты, зерделі, жасампаз, дарынды, зияткер һәм кәсіби қоғам мүшесі болуға үндейді.

«Ауызбіршілік» пен «Еңбекқорлық» тарауы ел мұсылмандарын Отанға есе қосуға, отбасы институтын сақтап қалуға, дамытуға, қоғамның бірлігін арттыруға қажетті қасиеттерді жұртшылыққа ұсынуымен құнды болса, «Мәдениеттілік» және «Әділдік» тарауларында баяндалған өшлемдер мен ұғымдар көзқарастағы әділдік пен дұрыстықты іздену, адамдар ара қарым-қатынас барысында байыпты болуға, шектен шықпауға һәм алаламауға насихаттайды.

Осылайша, «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасында дәріптелген құндылықтарды бойына сіңірген кез келген мұсылман өзінің дұрыс сенімін бекіте түседі. Сол арқылы бүгінгі діни өмірімізде алаңдаушылық тудырып отырған жат ағымның жетегінде кетуге қарсы имани иммунитетін қалыптастыра алады.

Нұрлан Рамазан

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Бөлісу: