26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Досай КЕНЖЕТАЙ: Діннің өзегі - ар

Досай КЕНЖЕТАЙ: Діннің өзегі - ар

Сұхбат
Жарнама

Бүгінгі діни ахуалға әсер ететін діни таным төңірегінде белгілі дінтанушы ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ағамызды сұрақтар жіберіп сөзге тартқан едік.

- Қазақ мұсылманшылығының өзіндік ерекшелігі неде?

- Жалпы дін құбылысының төрт қабаты: діни сенім, діни таным, діни тәжірибе және діни сана сияқты қабаты бар. Қазақ болмысында да осы қабаттар кемел көрініс тапқан. Діни сенім ортақ ол «аманту»...Сондықтан «ислам-біреу». Ол шиа болсын ол сунни болсын, олардың діни сенімінде ерекшелік жоқ. Кешегі ориенталистік зерттеулерде «классикалық, халықтық, ортодоксалды, гетеродоксалды, таза ислам» деген тіркестер қасақана жасалған позитивизм мен европаценртизмнің идеологиялық ықпалының нәтижелері. Сондықтан ислам біреу, ал мұсылмандық сан-алуан. Қазақ мұсылмандығының басқа мұсылмандық формаларынан ерекшелігі оның «діни танымы» мен «діни тәжірибесінен» көрінеді. Оның діни танымында «Ханафи, Матуриди және Иасауи» үштігі негізінде қалыптасқан  доктриналық тұтастық жатыр. Бұл үштік сопылық спектрі арқылы суарылған. Бұған біздің мәдени құндылықтық болмысымыз ықпал еткен. Себебі бұл ерекшелік уақытпен кеңістік және адам тұғыры арқылы өзін көрсетеді. Мұны болмыстың діни тәжірибесі деп айтамыз.

- Діннің өзегі деп нені айтамыз?

- Діннің өзегі - ар.

- Имандылықтың мәтінмен ара-қатынасы туралы айтып берсеңіз.

- Ар, имандылық Құдайсыз болмайды. Кейбір теориялық тұжырымдар моральдық кодекс жасағанда оның негізін қоғам деп жатады. Оны кешегі кеңестік идеологиядан да көрдік. Жақсылық та жауапкершілік те, ерік те ниет те киелілікпен ғана өз мәнін табады. Қалғаны бос әңгіме. Егер ардың тұғыры қоғам ғана болса, онда адам қоғамсыз жерде арсыз «тыр жалаңаш» жүре ала ма? Жоқ, ол адамның фытратындағы илахи сырмен ғана өлшенеді. Ал сырдың хабары әрине киелі мәтінмен әдіптелген.

- Қазақ даласындағы Исламды таратудың формалары жайында тоқтала кетсеңіз. Бабаларымыз ұрпағына дін аманатын жеткізуде мәтіннен көрі танымға көп иек артқан сияқты.

- Қазақ даласында дін жаюдың тарихы сопылық феноменімен тікелей байланысты.  Діни білім беру үдерісі деген ерекше құбылыс. Оны мәтінмен, медресемен беру үшін де орталық, қоғам, қала керек. Ал біздің мәдени болмыстық тұғыр қала мен дала қатынасынан тұрады. Қала мен дала тұтастығы түркі ислам өркениетінің басты ерекшелігі. Қазақтың қалалары Қарт Қаратау мен Сыр бойында орналасқан. Сол орталықтан әрбір жүздің, әрбір рудың өз қожасы мен төресі иерархиялық жүйе негізінде қазақ даласын рухани және саяси тұрғыдан басқарып, хат танытқан. Дін ұстау да саясат. Адам, яғни қожалар әрбір рудың ішінде мешіттің де, медресенің де функциясын атқарған. Бірақ бұл деген сөз мәтінсіз деген мағынада емес әрине. Киелі мәтіннің орны маңызды. Сол мәтіннің қазақтың танымдық деңгейіне қарай там тұмдап берілуінде ишандар, ахундар, пірлер, сопылар мен дәруіштердің еңбегі зор.

- Осы бүгінде оқығандар көп. Неге осы Абай атамның 38-қара сөзі неге толық бауырын көрсетіп, барын ашып бермей отыр. Сыры неде? Хакімнің тереңдігі ме, оқығандардың таяздығы ма?

- Енді Абай мәтіні - қазақтың мына жаһандық қысымдағы қармайтын ең негізгі тетігі. Абайымыз бар шүкіршілік. Сонымен қатар Абай тұлғасы саясиланған тұлға. Кешегі кеңестік кезең оны өз саясатына ыңғайлап бақты. Біз әлі сол инерциядан қол үзе қойған жоқпыз. Шынайы Абайды тану дәуірі енді басталады. Оның мұрасындағы әсіресе 38-ші қара сөзінің мазмұны қазақ мұсылмандығының мәні іспеттес. Онда Аллатану, дүниетану және өзінтану мақсаты анық ашық көрсетілген. Болмысты тану сатылары Құдайдың сипаттары мен дүниедегі сипаттарының көріністері арасындағы идеяларды қарпып қалу екінің бірінің қанжығасына байланатын дүние емес. Алла, әлем және адам арасындағы бірлік пен үндестік тұжырымдарын Абай дәуіріндегі көп ғұламалар айта алған да жоқ. Кезінде Абайдың Алланың «сұнғатына» шығармашылық сипатына ғашық болу керек деген ұстанымын Стамбулда конференцияда баяндағанмын. Кейбірі ол қайда білім алған, қандай терең ойшыл деп таңданысқаны есімде... Мен де Абай Шыңғыстау деген үлкен қалада білім алған дей салдым. Енді ол көшпелі өмір далада өмір сүрген десем әңгіме ұзап кететін болды.

- Бүгінгі діндарлардан (ұстаздар, уағызшылар, дін ұстанушылар тарапынан) тілдік, танымдық тұрғыдан арабизация қаупі қаншалық?

- Бұл құбылыстың нышаны бар. Бірақ соншама тереңдеп кетеді дей алмаймын.

- Әлемде саяси-радикалды мәзһабтарға бейтараптану (заты өзгеріп аты қалу) мүмкін бе? Орта Азияда және біздің елде ші?

- Мазхаб деген жол, метод, ұстаным, идея, діни танымдық тұғыр. Ал діни таным деген ол ұлттың болмыстың мәні, Мәдениетінің ең негізгі қабаты. Сондықтан мазхабқа бейтарап қалу мүмкін емес, егер мәселе болмыстық сақталу, рухани, өзгерместен даму болса...

- Салихалы әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: