10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбандықтың әр қылына сауап жазылады

Құрбандықтың әр қылына сауап жазылады

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбандық шалу мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген.

Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) былай деп бұйырған: «Ешбір құл құрбан күні Алланың құзырында құрбандық қанын ағызғаннан артық жақсы амал жасай алмайды. Өйткені, шалынған мал қиямет күні мүйіздерімен, қылдарымен және тұяқтарымен келеді. Шалынған құрбандықтың қаны жерге ақпастан бұрын Алланың құзырында жоғары мәртебеге жетеді. Олай болса, шын көңілмен құрбан шалыңыз».

Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен. Алла ризалығы үшін шалынған құрбандық ақыретте өтуі өте қиын «Сырат» көпірінде иесі үшін мініс құралы ретінде көмекке келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген: «Малдың жақсысы мен тәуірін құрбандық ретінде таңдаңыз. Өйткені, ол «Сырат» көпірінде сізге көлік болады». Құрбан шалудың әлеуметтік тұрғыдан да бірқатар пайдалары бар.

Атап айтсақ, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді.  Кедей, ет сатып ала алмайтын немесе қаражаты жетіңкіремей аз ғана мөлшерде ет алып жүрген адамдардың өмірінде құрбандықтың қаншалықты берекетті екендігіне көз жеткізу аса қиын емес. Құрбандық дәулетті кісіні мал-мүлкін Алланың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге

ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады. Құрбан шалу кедей-кепшіктердің бай кісілер арқылы Алла Тағалаға шүкіршілік етуіне себепші болады. Кедей кісі құрбандық арқылы дүние нығметтерінің жер бетіндегі таралымы жайындағы орынсыз ойдан және өшпенділіктен өзін құтқарады. Сонымен қатар, өмір сүріп жатқан қоғам тарапынан өзінің еленіп-ескерілгендігін сезінеді. Мұнымен қатар құрбанның бізге беймәлім көптеген пайдалары бар. Дегенмен, ғибадаттар пайдасынан бұрын, әуелі тек жаратқан Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – түрлі өзіндік және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді», («Хаж» сүресі, 37-аят) – деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниет Алла разылығы үшін бе әлде басқа мүдде ме? Міне, сондықтан шалынған құрбандықтың Алла құзырында қабыл болуының ең басты шарты – Алла разылығы үшін шалыну қажет. Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды. Дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп болып табылады. Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі.

Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол берілмейді. Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Өйткені, Пайғамбарымыз сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, ораза айтта пітір садақасы берілсе, құрбан айтта жай садақа беріледі. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері», яғни қосымша тәкбірлер айтылады. Сонымен «құрбан» сөзі діни тұрғыдан алғанда «Құшылық мақсатымен белгілі бір уақытта, белгілі бір шарттарға сай келетін малдарды өз тәртібімен бауыздау немесе осылайша бауыздалған мал» дегенді білдіреді. Сондықтан, құрбандыққа арналған малдың да жарамды болуына қатысты кейбір шартары бар. Қысқаша тоқталып өтейік. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал жайында былай деп айтқан: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды». Демек, құрбан малы бір көзі соқыр; сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз; құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген; тістерінің көбі түсіп қалған; бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болмауы керек. Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.

Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын». Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап. Бір бөлігі туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Құрбанның терісін илеп пайдалануға болады. Бірақ сатуға болмайды, дұрысы теріні сатып, ақшасын мұқтаж-жетімдерге садақа ретінде беру керек.

Дегенмен құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Жұрт «пәленше құрбан шалмады» деп айтпасын немесе «түгенше құрбан шалыпты» деп айтсын деген мақсатпен орындалмағаны жөн. Тағы бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айтнамазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады.



материал «Құрбан шалу (хикметтері мен үкімдері)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: