Қиямет күні тіпті Пайғамбарларға (ғ.с.) дейін шапағат етуден бас тартқан кезде, адамзат баласының барлығы Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) шапағат етуін сұрап келеді. Сонда адамдардың қаншалықты қиын жағдайда болып жатқандығын көретін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаладан шапағат етуіне рұқсат беруін сұрайды.
Содан соң Алла Тағала Оған (пайғамбарға): «Сұра, сұрағаның беріледі, шапағат ет және шапағатың қабыл алынады»[1], - дейді. Қиямет күні Пайғамбарлардың (с.ғ.с.) өзі өздерінің азаптан құтылуын уайымдаған сәтте, біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің үмметін уайымдап, Алланың жарылқауын тілеумен болады.
Әйгілі Убәй ибн Кәғб (р.а.) сахабадан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.):
إِذَا كَانَ يَوْمُ الْقِيَامَةِ كنْتُ إِمَامَ النَّبِيِّينَ وَخَطِيبَهُمْ وَصَاحِبَ شَفَاعَتِهِمْ،غَيْرَ فَخْرٍ
Яғни, «Қияметтің күнінде мен еш мақтаныш етпестен Пайғамбарлардың имамы, хатибі, шапағатшысы боламын»[2], - деп айтқан. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) шапағат еткеннен кейін барып, қалған Пайғамбарларға, ғалымдарға, шәһидтерге, басқа да рұқсат етілгендерге шапағат беру мүмкіндігі беріледі. Осман ибн Ғаффан (р.а.) риуаятына сәйкес, Алла Елшісінің (с.ғ.с.):
يَشْفَعُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثَلَاثَةٌ: الْأَنْبِيَاءُ، ثُمَّ الْعُلَمَاءُ، ثُمَّ الشُّهَدَاءُ
Яки, «Қиямет күні үш кісіге шапағат ету құқығы беріледі: пайғамбарларға, кейін ғалымдарға, кейін шәһидтерге»[3], - деп айтқандығын келтіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты үмметінен Аллаға серік қоспаған әрбір мұсылманға нәсіп болады. Ауф ибн Мәлик әл-Әшжағиден (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты:
أَتَانِي آتٍ مِنْ عِنْدِ رَبِّي فَخَيَّرَنِي بَيْنَ أَنْ يُدْخِلَ نِصْفَ أُمَّتِي الجَنَّةَ وَبَيْنَ الشَّفَاعَةِ، فَاخْتَرْتُ الشَّفَاعَةَ، وَهِيَ لِمَنْ مَاتَ لَا يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا
Қазақшасы былай; «Раббым тарапынан маған Жәбрәйіл (ғ.с.) келіп, үмметімнің жартысының жәннатқа кіруі мен үмметімен шапағат етуімен мүмкіндік берілу арасында таңдау жасауыма ұсыныс жасады. Сонда мен шапағат етуді таңдадым. Аллаға серік қоспаған (үмметімнен) әр біріне нәсіп болады»[4].
Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарлың шапағатына ие болу – мұсылман үмметі үшін өте қуанышты хабар. Осыған орай, мұсылман адам бұл фәни дүниеде сол шапағатқа себеп болатын лайықты істермен айналысып, шапағаттан айыратын, кедергі болатын істерден барынша сақтанып, өмір сүріп өтуі қажет екен.
Алла Тағала баршамызды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына лайықты болған құлдарының қатарынан қыла көрсін!
Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ
[1]Бұхари.
[2]Имам Ахмад, Ибн Мәжә.
[3]Ибн Мәжә.
[4]Тирмизи.