27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Үтір уәжіп намазының қазасы өтеледі ме?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Әссаламуалайкум құрметті имам. Намазды оқып жүргеніме бірнеше ай болды әлі түсінбейтін нәрселерім көп-ақ. Маған үтір уәжіп намазын түсіндіріп берсеңіз. Алла өзі кешірсін кейде қаза да болып қалады. Енді осы үтір уәжіптің бірі қазасы өтеледі дейді, енді бірі өтелмейді дейді. Осыны түсіндіріп берсеңіз. Ғабит...

Жауабы: Уа алайкум әссалам Ғабит. Үтір намазының үкімі уәжіп. Дәлелі: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан мына хадисі: «Расында Алла Тағала бес намаздарыңызға (тағы) бір намазды қосты, ол – үтір (намазы), оған бейғам қарамаңдар».[1]

Қосылған нәрсе негізгі нәрсенің асылынан болады (яғни қосылған бұл намаз негізгі бес намаз сияқты), парыз үкіміне ереді. Алайда дәлелінің қатғи (Құран не мутауатир сүннеттен) болмағандығы үшін үкімі уәжіпке түсті...

Үтір намазының оқылуы: ол шам намазы сияқты үш ракааттан тұрады, арасын үзбестен үш рака’ат толық оқылады. Бұл жайында Ибн Масғуд, Ибн Аббас, Убай ибн Каъб, Айша және Умму Сәләмәлардың (Алла олардан разы болсын) жеткізген хадистерінде былай деген: «Пайғамбар (с.ғ.с) үш рака’ат етіп тақ қылып оқып, сәлемін соңында ғана беретін», - деген.[2]

Әр ракаатында Құраннан (сүре, аят)  оқылады. Бірінші ракаатта Фатиха мен Аъла, екінші ракаата Фатиха мен Кафирун, үшіншіде Фатиха мен Ықылас сүрелерінің оқылуы мустахаб (сүйікті) іс болып табылады.[3] Үшінші ракаатта рукуғтің алдын қолды көтеріп «құнұт» дұғасы оқылады. Себебі Али, Ибн Масъуд, Ибн Аббас, Убай ибн Каъбтар (р.а) Пайғамбардың (с.ғ.с) құнұт дұғасын үшінші ракаатта рукуғтан алдын оқығандығын жеткізген.[4]

Үтір намазының қазасы.

Үтір намазы қаза болса қазасын өтеуі керек. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім үтір намазын оқымай ұйықтап қалса, немесе ұмытып оқымаса онда (қазасын) есіне түскенде, немесе оянғанда оқысын!», және бір риуаятта: «Кім үтір намазына ұйықтап қалса (қазасын) таң атқанда оқысын,» – деген.[5]

Алла ісімізге жеңілдік беріп, құлшылығымызда ықыласты болуды нәсіп етсін.

 

 

 

[1]. (1 Ахмад «Муснад» 6693; 23851)

[2]. (Хаким 1/304; Насаи 3/234-235, Ахмад 25223)

[3]. (Ибн Мажа 1172, Тирмизи 462, Насаи 3/236, Ахмад 27/20)

[4]. (Насаи 3/235, Ибн Мажа 1182, Тахауи «Шарх мушкил әл-әсәр 4501; 4503; 4504»)

[5]. (Ибн Мажа 1188, Тирмизи 465)

Ихтияр фи тағлимил мухтар

Бөлісу: