10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Ахлақты тәрбиелеудің жолдары

Ахлақты тәрбиелеудің жолдары

Иман келтіру

Ахлақты орта деңгейде ұстау жүректің саулығына байланысты. Ахлақтың шектен тыс асып немесе төмендеп кетуі – жүректе бір дерттің бар екеніне дәлел. Нәпсіні емдеу дегеніміз оны өзіндегі жаман және бұзық мінезден тазартып, олардың орнына жақсы және көркем ахлақты орналастырумен іске асады. Мысалы, денені емдеу үшін оны барлық науқастықтан тазартуымыз лазым, әйтпесе ол дерттен толық арылмайды.

Адам табиғатының негізінде орта деңгейлік басым келеді, бірақ сыртқы ықпалдардың әсерінен ол бұзылады. Сондықтан әрбір адам таза табиғаты бойынша орта деңгей қасиетімен туылады. Атаанасы оны яһуди, христиан немесе отқа табынушы етіп тәрбиелейді. Басқаша айтқанда бала тәлім мен әдет-ғұрыптың арқасында адам табиғатына жат мінездерді үйренеді. Мысалы, дене бастапқыда кемел болмайды, бірақ азықтануы арқылы ол қуат алып, тәрбиеленіп, кәмелдікке жетеді.

Сол сияқты, нәпсі де келешекте кемелдікке жету есебінің арқасында әуеліде әлсіз жаратылады. Сөйтіп, нәпсі ахлақ пен ілім тәрбиесін азықтануының арқасында кемелдікпен толысады. Егер дене сау-саламат болса, онда дәрігердің міндеті, оны сол қалпында сақтап қалу болмақ. Ал дене бір дертке шалдықса, дәрігердің міндеті денені емдеу, оны дертінен айықтыру. Нәпсінің жолы да осындай. Егер ол таза әрі тәрбиелі болса, онда сол тазалық пен тәрбиелікті сақтап қалуға және оған жаңа қуат бере отырып, тазалығын арттыруға тырысу керек. Ал енді нәпсі кемелдік пен тазалықты жоғалтып қойған болса, оған осы қасиеттерді қайта таңу керек. Денедегі орта деңгейлікті бұзып, оны дертке шалдықтыратын науқастықтар, өздеріне қарама-қарсы ізгі қасиеттер арқылы сауықтырылады.

Мысалы, суық тиген науқасқа ыстық нәрселер дәрі болады, ал денесінде ыстығы көтерілген ауруға – табиғаты суық нәрселер ем болады. Сол сияқты, жүректегі жағымсыздықты көркемдікпен, надандықты біліммен, сараңдықты жомарттықпен, тәкаппарлықты кішіпейілдікпен, тойымсыздықты күштеп болса да тәбетті тыю арқылы емдеуге болады. Денені науқастықтан толық тазарту үшін, кейде тәбеттің аранын ашатын түрлі нығметтерден тыйылып, аштыққа көну керек. Ал жүректегі дертті кетіру үшін бұдан да көп сабырлық қажет. Денедегі аурудан жоқ дегенде өліп құтылуға болады, ал жүрек науқастығы болса, Алланың Өзі сақтасын, өлімнен кейінгі мәңгілік тіршілікте де жалғасып кете береді.

Жоғарыда кез келген ауру өзінің қарама-қарсылығы арқылы емделеді деп айттық. Бірақ бұл жерде өлшем мөлшерін естен шығармау керек. Демек, біз шипа деп айтып отырған себептің пайдалы мөлшері туралы хабардар болуымыз лазым. Әйтпесе, осы өлшемді сақтамайтын болсақ, жақсылықтың орнына бұзықтық асып кетуі мүмкін. Біз ахлақты емдеуге себеп болатын қарама-қарсы қасиеттерді де таңдаған уақытта осындай өлшемнің болуы шарт. Дәрінің мөлшері, аурудың шамасына байланысты белгіленеді. Дәрігер аурудың себебін анықтамайынша (диагноз қоймай тұрып), дәрі-дәрмек жаза алмайды. Мысалы, дәрігер аурудың суық немесе ыстықтың әсерінен шыққанын білмейінше, науқасқа дәрі бермейді.

Егер ауру ыстықтың әсерінен туса, оның жоғары немесе төмен температурасын, шығу себебін анықтайды, денедегі белгілеріне көңіл бөледі. осылардың барлығын зерттей келіп, ақырында емдеуге кіріседі. Мүршид те (шәкіртке жол нұсқайтын ұстаз) дәрігерге ұқсайды, ол өзінің шәкірттерінің нәпсісін емдейді. Мүршид шәкіртінің ахлақтық және дерттік кемшіліктерін жақсылап білмейінше, оған орындауы тиіс жаттығуларды нақты тағайындай алмайды. Егер дәрігер барлық науқастарды бір дәрімен емдейтін болса, онда олардың басым көпшілігі бақилық болар-ды. Сол сияқты, ұстаз да барлық мүршидтеріне (шәкірттеріне) жаттығудың бір түрін ғана бұйырса, онда мұндай қарым-қатынас олардың жүректерін өлтірері сөзсіз. Қайта бұл жағдайда ұстаз шәкіртінің ішкі дүниесіне үңіліп, ондағы ауру себептеріне қарап, олардың жас-шамасы мен табиғатына назар салғаны жөн.

Егер мүршид (шәкірт) бидғатшыл (дінде жоқ жаңалықтарды құптаушы), шариғат шеңберінен бейхабар және надан болса, онда оған әуелі намазбен ғибадаттар (құлшылықтар) үйретіледі. Егер мүршид харам жолмен кәсіп қылу немесе күнә жасаумен әуестігі болса, онда әуелі оған мұндай істерден бас тартуы бұйырылады. Егер мүршид сыртқы бейнесін ғана ғибадатпен әшекейлеп, ағзаларын күнәдан сақтаумен шектелген болса, онда оның ішкі дүниесіне көңіл бөлінеді. Сонда барып мүридтің ахлағы мен жүрегіндегі дерттеріне шипа болады.

Егер мүршидте табылған себептер қажетті мөлшерден аспайтын болса, мүршид мүридті жаман дерттерден ақырын ұзақтатып, жақсылыққа бағыттайды. Егер мүридте менмендік пен тәкаппарлық сияқты кісілік мінездері басым болса, онда ұстазы оған базарда қайыршы болуына бұйырады. Себебі мұндай ауруды тек қорлықпен емдеуге болады. Ал ең үлкен қорлық – тіленшектік. Шәкірт өзінің бойындағы тәкаппарлығы сынғанша осы қорлыққа сабыр қылуы лазым.

Егер мүршид денесі мен киімін таза ұстауға ғана көңіл бөліп, жүрегіне немқұрайды қараған болса, онда оған әжетханалар мен лас орындарды тазартуға, асхана мен ошақ басында қызмет көрсетуіне бұйырылады. Осылайша оның тазалық хаққындағы түсінігі дұрыс қалыптассын. Ұзын киім, түрлі түсті жайнамаз пайдаланып және өмір бойы тек сыртқы көрініске көңіл бөлумен машғұл адамды, күні бойы сыланып-сипанып отыратын келіншекпен теңеген дұрыс. Расында да, пұтқа табынушы (мүшрик) пен өзіне табынатын адамның арасында айырмашылық жоқ. Адам қаншалықты Алладан басқа нәрсеге сиынатын болса, Алладан соншалықты алыстар екен.

Кімде-кім сыртқы тазалық пен ұқыптылыққа қатты көңіл бөліп және соған жүрегін де үйретіп қойған болса, онда ол өзімен-өзі әлек адам. Шынығудың нәзік жақтары жетерлік. Мысалы, мүршид қандай жаман қасиетті тәрік қылса, соған қарама-қарсы ізгілік қасиетін бойына сіңіре алмайды, ол сараңдық қасиетінен арылды делік, бірақ жомарт бола алмайды. Бұл тез түзелер нәрсе емес, кез келген өзгеріс, баяу болады.

Мұнда сөз етіп отырғанымыз жаман мінезден екінші яғни жамандығы аздау мінезге өту. Басқаша айтқанда, егер қан сумен жуғанда кетпесе, онда оны зәрмен жуып кетіру қажет. Мұнан кейін зәрді сумен тазартады. Мысалы, бала жас кезінде көп ойнағысы келеді. Кейін оның бұл қалауы зейнетті жақсы көруге, әдемі киінуге ауысады. Мұнан соң оның қалауы басшы болуға, мансап иелігіне өтеді. Уақыты келгенде оның мансаптыққа деген қалауы да өшеді. Алла тауфық (жәрдем) берсе, оның ой-пікірі ақыретке ауысады. Кім мансапты жақсы көру мінезінен айырыла алмаса, онда бұдан жеңілдеу мінезін тастауға әрекет қылудан бастасын. Ал енді кім мешкей немесе тамақты шектен тыс жақсы көретін болса, онда ол адам мұсылман үшін парыз оразаны ұстасын. Осыдан кейін оған тәтті тағамдарды азайту бұйырылады. Ол адам бұдан былай тәтті тағамдарды өзін емес, өзгелерге ұсынады. Осы жол арқылы өзінің нәпсісін тияды, оны сабырға үйретеді, ашкөзділіктен қайтарады.

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: