11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ғұсылы жоқ адамға тыйым салынатын істер

Ғұсылы жоқ адамға тыйым салынатын істер

Иман келтіру

«Ғұсыл» (араб тілінде) – жуыну, шомылу деген мағынаны берсе, шариғат терминінде бүкіл дененің арнайы түрде толық жуылуын білдіреді.

 Асыл дінімізде ғұсылы жоқ адамға тыйым салынатын істер мыналар:

Жүніп (ғұсылсыз) адамға намаз оқуға (бес уақыт, жұма, айт және нәпіл намаздарын), жаназа намазына қатысуға, қағбаны тәуеп етуге, құран кітабын ұстауға және Құранды жатқа оқуға тыйым салынады. Кеңірек айтар болсақ:

1. Намаздың барлық түрін оқуға тыйым салынады. «Майда» сүресінің 6-аятында «Егер жүніп болсаңдар, тазаланыңдар (ғұсыл құйыныңдар)»,- деген.

2. Қағбаны тәуеп етуге тыйым салынады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Расында қағбаны тәуеп ету намаз (болып табылады). Егер тәуеп ететін болсаңдар сөзді азайтыңдар»,- деген.

3. Құран кітабын ұстауға тыйым етіледі. «Уақиға» сүресінің 79-аятында «Оны (Құранды) тек пәк (дәретті) адамдар ұстайды», деп бұйырылған. Сондай ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Құранды тек таза адам ұстайды», деп айтқан.

4. Құранның сүресін немесе бірер аятын да жатқа оқуға болмайды.

Ескерту: Ал, күнделікті дұға ретінде қолданылатын Құран аяттарын оқуға рұқсат етіледі. Мысалы: тамақтану алдында және бір істі бастамас бұрын «бисмиллаһ» айту, көлікке мінер кезде «Субханал лази саххара лана һаза уа ма кунна лаһу муқринин» (Зухруф сүресі аяты) дұғасын оқу, үйде кіріп жайғасқан соң «уа қул Робби анзилни мунзалан мубаракан» («Муминун» сүресі аяты) дұғасын оқу секілді.

Жүніп күйдегі адамға асыл дініміздің ең абзал ғибадаттарын орындауға тыйым етілген. Демек, мұсылман баласы шаруам оңынан болсын және жақсы амалдарымды Алла қабыл етсін десе ғұсыл секілді амалдарға мұқият болуы шарт.

«Негізгі Ислам білімдері» кітабынан

ummet.kz

Бөлісу: