21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Алланың сәлби сипаттары -1

Алланың сәлби сипаттары -1

Иман келтіру

Алла Тағала қасиетті кітабы Құранда және соңғы елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде ұлық есім-сипаттарым Өзін бізге танытты. Адам баласы өзі нені жақсы таныса, білсе, соны қалтқысыз сүйеді. Оған ешқашан жатырқап қарамайды Сондай-ақ, Жаратушысын кемел сипаттары арқылы таныған жанның бойында Оған деген махаббат пен ынталы құлдық арта түсіп, жаратылу мәнін терең түсіне бастайды. Сол себепті, күллі мұсылман Жаратушы иесін кемел сипаттарына лайық тануға міндетті.

Мұғтазилия сынды ағымдар Алла Тағаланың сипаттарын мойындамайды. Олар бұл сипаттар қадим дейтін болсақ, онда Алла Тағаламен бірге сипаттары да ежелден бар болғаны. Бүл «ежелден Алла ғана бар» деген қағидаға қайшы. Яғни, Алла Тағалаға ортақ қосқан боламыз. Ал, Оның сипаттары «худус» (кейіннен пайда болды) десек, Алла Тағаланың затында кейіннен пайда болған жаратылысқа орын бар дегендік. Бұл да дұрыс емес. Сөйтіп, олар әр екі жолмен Алла Тағаланың сипаты бар деудің дұрыс еместігін айтады[1].

Имам Матуриди: «Үкім берілген жалпы  әлем және ондағы әрбір нәрсенің бір-бірімен тығыз байланыста болуын игерген білім мен басқарып тұрған құдірет-күш, ол – Алла Тағаланың сипаты. Сипатты бір адамның «Алла білімсіз яки әлсіз емес» деп, Оны сипаттаған сөзімен таныту дұрыс емес. Бәлки, сипат Алла Тағаланың зәтия (затында) қадим (ежелден болған), нақты мағынасы бар нәрсе. Оған Құран және басқа сәмауи кітаптарда келген хабар мен елшілердің түсіндірген сөздері жеткілікті дәлел. Әрі Алла Тағаланың заты, ол сипаты емес, сипаты да заты емес. Оның сипаттарының барлығы қадим болғандықтан бірдей. Алайда Оның есім-сипаттары мен жаратылыстың есім-сипаттары арасында еш ұқсастық жоқ»[2] деп, сипат жайлы түсініктеме береді.

«Ужуд» Алла Тағаланың барлығын білдіретін сипат. Ал, қалған сипаттардың барлығы осы сипаттың мәнін түсіндіреді. Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне дәлел бола алады. Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар» (Әли-Имран сүресі, 190-аят) деу арқылы Өзінің бар екендігіне жаратылысты айғақ етеді. Әрі «Ужуд» сипатын Өзінің сәлби[3] және субути[4] сипаттарымен ашып, айшықтай түседі. Тек сәлби сипаттарына тоқталар болсақ, олар:

1. Әл-Қидам;

2. Әл-Бәқа;

3. Әл-Уахдания;

4. Әл-Мухалафатул лил-хауадис;

4. Қиям би нәфсиһи.

Әһлу сунна уәл жамаға ғалымдары Алла Тағаланың затын ұлықтау және Оны бүкіл кемшіліктен пәктеуді басты мақсатқа ала отырып, сәлби сипаттарға қатысты жоғарыдағы терминдік атауларды берген. Бұл атаулар аят-хадистерде ашық айтылмағанымен сенімге қатысты аят-хадистердің түп мақсұты, жиынтығы болып табылады. Немесе ақида мәселесіндегі қағидалар. Бұл қағидалар дұрыс сенімге селкеу түсіріп, сананы сан құбылтатын философиялық түсініктермен қатар аят-хадистерді өздерінің бас пайдасына қарай бұрмалаған түрлі ағымдардың теріс бағытынан сақтайтын сара жол. Әрі иманға енді келген қарапайым халықтың сенімге қатысты мәселелерді оңай түсініп, Жаратушы иесін тануға көмектесетін тұжырымды тәсілдер.

Дана Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «Біз Алла Тағаланы Өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл өрістіре алмады. Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды»[5] деп, бұл сипаттардың Алла Тағаланы тануға көмектесетін бір себептер екенін атап айтады. Енді хәлімізше, осы сәлби сипаттарға әһлу сунна уәл жамаға ғалымдарының көзқарасы негізінде жеке-жеке тоқталайық.

1. Әл-Қидам

Әл-Қидам – Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ, Ол ежелден бар деген мағынаны білдіреді. Имам әз-Зәбиди: «әл-Қидам - зәти сипат. Бұл сипат туралы Құран және сахих хадисте ашық дәлел кел- месе де, кейбір деректерде: «Иә, Қадимәл ихсан - Уа, ихсан (сансыз нығмет) жасаушы Қадим» деп келеді. Қасиетті Құранда: «Бізден бұрын ешкім болмады» («Уақиға» сүресі, 60.) аятын да дәлел қыла отырып, Алла Тағаланы бұл сипатпен сипаттауға үмбеттің ижмағы (бірауыздан келісімі) бар»[6] деген. Имам Матуриди Құрандағы: «Әууәл да Өзі, Әхир да Өзі, Заһир да Өзі, Батин да Өзі» (Хадид сүресі, 3.) деген аяттың тәпсірінде: «Ол (Алла), «Өзін, Әууәл - Өзінен бұрын еш нәрсе болмаған Ұлы Жаратушы. Әхир - Өзінен кейін еш нәрсе болмайтын Ұлы Жаратушы. Заһир - Өзінен жоғары тұратын һәм Өзінен артық меңгере алатын еш нәрсе болмаған Ұлы Жаратушы. Батин - бұл дүниеде ешкімнің көзі де, қиялы да жетпейтін Ұлы Жаратушы» деп сипаттады. Бұл сипаттар Ол Алладан бұрын да және Ол Алладан кейін де басқа бір нәрсе болды деп ойлаудан немесе әуелгі болған соңғы болмайды, соңғы болған да әуелгі бола алмайды деген қате түсініктен сақтандырып айтылды»[7] деп, Алла Тағала еш нәрсе болмаған кезде бар еді. Тіпті, заман, уақыт дегеннің өзін Алла Тағала жаратқанын айтады.

Әл-Қидам сипаты осы аяттағы «әууәл» сөзіне негізделе отырып, Алла тағаладан бұрын ешнәрсенің болмағанын, қалған нәрсенің бәрі «худус» яғни, жаратылыс екенін білдіретін ақидалық бір қағида бо- лып табылады.

2. Әл-Бәқа

Бұл - Алла Тағала бар болуының соңы, ақыры жоқ мағынасында болып, Одан кейін еш нәрсенің болмайтындығын білдіріп тұрған сипаты. Имам Матуриди Құрандағы: «Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни! Тек Сенің асқан ұлылық пен теңдессіз жомарттық иесі Рабыңның жүзі (яғни, Өзі) ғана мәңгі-бақи қалады» («Рахман» сүресі, 26-27.) деген аяттың тәпсірінде: «Мәңгі бақи қалу - сұлтандардың сұлтаны Алла Тағалаға ғана тән. Ал, қалған бүкіл сұлтандық өзбилігінен айрылып, жер бетінен жойылыпкетеді. Олардың жойылып кетуі Алланыңсұлтандығына ешбір әсерін тигізбейді.

Әрі бұл аятты Алла Тағаладан өзге басшыларға, пұттарға табынған немесе сол өткінші дүниелік болмыстардың разылығы үшін қызмет көрсеткен кәпірлердің құр алақан қалуы. Ал, заты мәңгі-бақи болатын Алла Тағаланың разылығын мақсат етіп, ізгі амал жасағандардың ісінің игілігі мәңгілік деп те түсінуге болады»[8] деп, барлық жаратылыс белгілі бір уақыттан кейін жоқ болуы әл-Бәқи сипаты бар Алла Тағаланың мәңгілік екенінің дәлелі ретінде түсіндіреді. Тағы бір көзқарасында: «Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 25) деген аяттағы: «Жәннат пен тозақ иелерінің және ол екеуінің де мәңгі болуы «әл-Бақи» сипатының мәніне кереғар емес. Өйткені, бұлардың мәңгі болуы Алла Тағаланың қалауымен болған іс. Алла Тағала қалағанын мәңгі қалдырады, қалағанын белгілі уақыттан кейін жоқ етеді.

Ал, Алла Тағаланың әуелден бар болуымен қатар мәңгі-бақи тірі күйін сақтауы, Оның Жаратушылық затына тән қасиет»[9] деп, жаратылыс және Жаратушыға тән мәңгілік түсінігі екі бөлек, ұқсастық жоқ екенін айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір дұғасында: «Уа, Алла Тағалам! Сен Өзіңнен бұрын еш нәрсе болмаған ең Әуелгісің. Өзіңнен кейін де еш нәрсе болмайтын ең Ақырғысың»[10] деп, АллаТағаланың әл-Қидам және әл-Бәқа сипаттары арқылы дұға жасаудың маңыздылын үйретеді.

 

Материал «Матуриди сенімдегі таңдаулы тақырыптар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Мұхаммад әл-Баздауи, Усулуддин, 46-бет.

[2] Әли Абдулфаттах әл-Мағриби, Имамү әһлис сунна уәл жамаға Әбу Мансур әл-Матуриди уә әраүһул кәламия, 154-157 бет.

[3] Сәлби - Алла Тағаладан басқа ешкімде болмайтын сипаттар. Жаратылыста бұл сипаттардың кереғар мағынасы ғана бар.

[4] Субути - Алла Тағалада болған кейбір сипаттардың ұшкыны жаратылыста да болуы.

[5] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 127-бет.

[6] Қараңыз: Абдулкәрим Тәтан және Мұхаммад Әдиб әл- Кайлани, Ғәунул мурид ли шархи жәуһаратет таухид фи ақидати әһлис суннә уәл жамаға, 1-том, 285-бет.

[7] Бәкір Топалоғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 14-том, 334-бет.

[8] Сонда, 14-том, 268-бет.

[9] Сонда, 1-том, 63-бет.

[10] Сахих Мүслим, Зікір бабы, 61-хадис.

Бөлісу: