20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Шалыс басқан пенденің Раббысына тәубемен оралуы

Шалыс басқан пенденің Раббысына тәубемен оралуы

Иман келтіру

Расында, Алла Тағала өте рақымды, өте мейірімді. Сондықтан Ол құлына сол баяғы аманатына қарай қайтуына мүмкіндік береді. Алла Тағала қалаған құлын адасып бара жатқан жерінен қандай жолмен болса да қайта тура жолға салады.

Әртүрлі оқиғалар арқылы немесе біреу жолығып онымен сұқбаттасу нәтижесінде, тіпті, кетіп бара жатқан кезде бір азанды естуінің өзі оның жүрегіндегі иманын оятып жіберуі мүмкін. Расында, бұл Алланың қалауымен болатын нәрсе. Осындай-осындай жағдайлар арқылы Алла Тағала оның есіне салмай тұрмайды. Себебі адам Раббысына сол қателіктерін бойсұнуға қайтадан тәубемен оралуы үшін міндетті түрде Алла Тағала оның тәубемен оралуына Өзі көмектеседі. Мысалы, «Тәубе» сүресінде: «Сонда Алла тәубелеріне келіп, күнәларынан арылсын деп оларға тиісінше тәубе етуді нәсіп етті», – дейді.

Шалыс басып кеткен пенденің Раббысына тәубемен оралуы – өмірдегі ең маңызды баспалдақ. Қазақ атамыз: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», – дейді. Өмірде қателеспейтін адам жоқ. Егер қайсыбір күнәдан кейін тәубе деген баспалдақпен Аллаға тәубе етіп, сол баспалдаққа аяғымды нық ұстап қоя алсам, онда мен бақытты адаммын. Алла Тағалаға шынайы тәубемен оралу баспалдағынсыз мен Алла Тағаланың махаббатына қол жеткізе алмаймын. Егер біз Алламен екі арадағы мәмілеміздің шынайы болуына, өтірік болмауына, шынайы таза болуына уайым қылсақ, онда оның шарты – Алла Тағалаға тәубемен оралу. Міне, сондықтан Алла Тағала Өзіне қарай тәубемен оралуымызды Құранның көптеген аяттарында қайта-қайта есімізге салып, ескертіп отырады.

«Нұр» сүресіндегі аятқа назар аударсақ: «Уа, мүміндер, (күнәларың үшін өкініш білдіріп), бәрің бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер». Табыстың, жетістіктің, құтылудың, уақыттың кілті қай жерде екен?! «Аллаға тәубемен оралыңдар!» – дейді. Бір не екі адам ғана емес, күллі мешітті толтырып отырған мұсылман қауымын Аллаға қарай тәубемен оралыңдар дейді.

Бүгінгі күні көп мұсылмандар арақпен, зинамен, доңыздың етімен байланысты т.б. нәрселермен байланысты харам жасап жүрген жоқ. Ол нәрседен өздерін өте алыс ұстайды. Алайда адамның ар-ожданына байланысты харам нәрселер жасалып қойып жатыр. Бұл әрекеттер жүрегімізде харам деп қабылданып жатқан жоқ. Жаман ойдан туады күллі нәрсе. Кез келген мұсылманға байланысты жаман ойлауға ешкімнің хақысы жоқ.

Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) жеткен бір хадисінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Пәленше деген әйел өзінің тілімен көршілеріне зиян тигізе береді екен», – дейді. Расымен де бұл әйел туралы адамдардың арасында өте көп намаз оқитындығы, нәпіл оразаны көп ұстайтындығы, көп садақа беретіндігі айтылады. Алайда ол жанындағыларға зиянын тигізетін еді. Немен? Өсекпен, ғайбатпен, бәле-жала жабумен зиян тигізіп жатыр. Енді біз Аллаға қай нәрседен тәубемен оралуымыз керек? Арақтан емес, сен оны ішіп жүрген жоқсың. Доңыздың етінен де, зинадан да аулақ жүрсің.

Енді неден?! Мұсылманның ар-ожданына кіріп кеткен тіліңнен, ойыңнан тәубемен оралу керексің. Мұндай мұсылмандардың қоғамдық деңгейде жалпы алға басуы мүмкін емес. Өйткені олар бірін-бірі шалумен әлек. Олар тәһәжуд намазын оқып, ораза ұстап жүріп бір-бірін көре алмаған, бір-бірін күндеген, қызғанға, бақталасқан, бір-бірімен бір нәрседе ренжісіп, қарайласпай тастап кеткен. Не нәрсе бұл?! Сол күйімізде тәһәжуд оқимыз, бес уақыт намаз оқимыз, ораза ұстаймыз. Сіз айналаңыздағы мұсылмандардан мүмкін білім тұрғысынан, күш тұрғысынан немесе мансап тұрғысынан артық шығарсыз. Алайда оның мұсылмандық қадірі Алла Тағаланың алдында өте үлкен. Оның ар-ожданына болсын, малына болсын, денесіне болсын еш тіл тигізуге, қол сұғуға болмайтынын есте сақтау керек.

материал «Рамазан – рухани тәрбие мектебі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: