Адамзат баласы өмірдің сын сағаттарында түрлі көңіл-күйді бастан кешеді. Қамығу, сағыну, мұңаю, күйіну, сүйіну, өкіну – бəрі де екі аяқты, жұмыр бастыға тəн қасиеттер. Кейде жалғыз ауыз жылы сөзге балаша мəз болып қуанса, кейде болмашы нəрсеге бола қатты құлазып, жүрегі мұздап, жаны сыздап, сол сəт өмірден безіп кеткісі келеді. Жақын адамыңыздың кейде аяқасты бұртиып, томсырайып қалғанын көресіз.
Сол сəт ішіңіз қылп етіп, өкпелетіп алғаныңызды сезесіз. Өйткені өкпелеу де оған тəн мінез. Ондайда ол теріс қарап сөзіңді естімегенсіп жүре сөйлеседі, тіпті лəм-мим деп тіл қатпай қоюы да мүмкін. Хабарласа қалсаң, телефонын өшіріп не көп уақыт бойы жауап бермей діңкелетеді. Ал көңілі қалса, «енді сені желкемнің шұқыры көрсін» деп біржолата теріс айналуы да мүмкін. Қанша дегенмен «бір атым насыбайдың өзін» көңілге алып қалатын қазақ емеспіз бе? Иə, адамдар арасындағы реніш – тұрмыста жиі кездесетін жайттардың бірі. Оған ұсақ-түйек себеп көп. Алайда ешкімді ренжітпеу, көңіліне келмейтін əрекет жасау – ілуде бір кездесетін жақсы мінезге жатады. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) кісі көңілін қалдырмауға қатты көңіл бөлген. Əрбір ісінде бұны жіті қадағалайтын. Пышақ берсе, сап жағымен ұсынатын. Қылыштарды көшеде жалаңдатып алып жүруге тыйым салған. Əрдайым жүзі күлімсіреп тұратын. Аузынан қатты сөз шықпайтын. Бұйымтайын айта келген адамның қолын бос қайтармайтын. Ешқашан «жоқ» деп айта алмауы да оның осы бір көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Қолында жоқ болса, тауып берем деп уəде беретін. Біреудің қателігін түзетпек болса, жұрт алдында мінін бетіне баспай, көңіліне келер деп ол кісінің атын атамай, отырғандарға жалпылама айтатын. Кімге қарата айтылып жатқанын əлгі адам өзі сезетін. Жай адамдарды ғана емес, «Мүгедек біреуді көрсеңдер, сендерді сондай күйге түсірмеген Алла Тағалаға шүкір етіңдер, бірақ оны дауыстап айтып əлгі ғаріптің көңілін ренжітпеңдер», – деп, көңілі жарымжан мүгедектерді ренжітпеу керектігін білдіретін.
Үш кісі отырғанда, екі кісі өзара күбірлесіп сөйлеспегені абзал, өйткені бұл үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін дейтін. Ренжісіп қалған жағдайда үш күн ішінде татуласуға кеңес беріп: «Бір мұсылман адамның екінші бір мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес. Кездескенде бір-бірінен сырт айналған екеудің абзалырағы – бірінші болып сəлем бергені», – деп, ондайда ренішті бірінші болып ұмытудың артықшылығын жоғары қоятын. Араз кісілерді татуластырудың нəпіл намаз оқып, нəпіл ораза ұстағаннан да үлкен сауап екенін, ол үшін қажет болса жалған айтуға рұқсат барын еске салатын. Адамның ең нашары басқаға кесірі тиетін, əркімді ренжітетін адам дейтін. Өсиеттерінде үнемі ата-ананы, сүйікті жарды, жақын туыс, көрші-қолаңды ренжітпеуге, жетім-жесірдің ақысын жеп, көз жасына қалмауға, баланы өкпелетпеуге, дос көңілін қалдырмауға шақыратын. Өйткені, «Пенденің жасаған амалдары əр дүйсенбі жəне бейсенбі күндері Аллаға жеткізіледі. Ұлы Жаратушы сол күндері өзіне серік қоспаған құлдарының күнəларын кешіреді. Алайда араларында дұшпандық, реніші барларды бөлек қояды (кешірмейді). Сөйтеді де: «Бір-бірімен татуласқанша бұларды қоя тұрыңдар», – дейді», – деп түсіндіретін. Сол себепті «Мүмин адамның мүмин адамға үш күннен артық ренжуі дұрыс емес. Арадан үш күн өткеннен кейін онымен сөйлесіп, сəлем берсін. Егер ол сəлемді алса, сауабы екеуіне тең бөлінеді. Алмаса, күнəсы сол адамға жүктеледі» деп, бітімге, татулыққа алғашқы болып шақырушының үлкен сауапқа кенелетінін, ал қисық мінез танытып, оған көнбегендердің күнə арқалайтынын ұқтырған. Хадисті саралаған ғалымдар сəлемдесумен арадағы реніш жойылады десе де, Ахмед ибн Ханбəл: «Бұрынғы сыйластықтарына қайта оралмайынша реніш тарқамайды», – деп тұжырымдаған. Ренішті үш күннен асырмаудағы сақтық неде? Ондағы даналық – соңы бара-бара кекшілдік
пен ерегеске, жанжалға, өзара жауыздық пен дұшпандыққа ұрындырмаудың алдын алу болса керек. Өмірде кішкене реніштен барып арты үлкен дауға, рулас елдерді бір-бірімен араздастырып қырғынға ұшыратқан жағдайлар аз болмаған. Сол себепті ашу өртін дереу сөндіріп, арадағы ренішті жоюға талпынудың, ымыраға келудің, татулық пен діндегі бауырмашылдықты жоғары қоя білудің қоғамдық мəні зор. Бірінші болып кешірімге бара білу – қай кезде де адамның кішіпейіл, қайырылғыш, иілгіш секілді жақсы мінезін байқатады. Ал өлсем де кешірмеспін деп ант ішу, анасы тасқа жерік болып тас болып түскендей, не əкесі бүгін өлгендей түнеріп райынан қайтпау – долы, шайпау, қатал мінездің, қала берді кекшілдік пен сасық тəкаппарлықтың нышаны. Адамның адамдығы сынға түсетін осындай кездері мұсылмандық мінезден ауытқымай, ішкі ар таразысының өлшемдерінен мүлт кетпеу – əр кісінің емес ер кісінің ғана қолынан келетін ерен қасиет екені аян. Біреуді ренжіту көбінесе мінездің нашарлығынан, білімнің, жеке мəдениеттің таяздығынан, дөрекіліктен, басқаларды өзінен төмен санаудан я болмаса өзіне жеңіл деп санаған қылықтың өзгеге ауыр, зіл болып тиетінін парықтай алмаудан туындап жатады. Жаны жайсаң, мінезі жайма шуақ адам кісі көңіліне қаяу түсіретін тұстарды (сөзді яки іс-əрекетті) жақсы білетін, аса сезімтал келеді. Көңілді тырнап кететін тікенек мінезді емес, кісі жанын ізгілікке бөлейтін, жүрген жеріне сыпайылық ұялататын сымбатты ақылдылығынан таймайды. Көрген жанды сүйсінтіп, мақтадай жұмсақ мінезімен үлгі болады. Өзі ренжісе де өзгені ренжітуге жол бермейді. Өйткені, реніштің арада салқындық тудыратынын, адамдарды бір-бірінен суытып, жат қылып жіберетінін жақсы біледі. Кешіріскен күннің өзінде көңілді көлеңке басып, көпке дейін салқындықтың сызы кетпей жүретінін терең сезінеді. Бұны мына бір ғибратты мысал да жақсы ұқтырғандай. Бірде жаман мінезді ұлына əкесі шеге толы жəшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен əр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр», – деп тапсырыпты. Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып үлгеріпті. Бір күні тақтай беті шегеге толса керек. Бұл жайын əкесіне барып айтыпты.
Əкесі: «Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан əр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр», – депті. Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, тақтайдағы бар шеге шығарылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген əкесі баласын тақтайдың алдына ертіп əкеліп: «Балам, жарадың, – депті, – алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің – тақта əуелгісіндей таза қалпында, əдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын, арада жаман сөздер айтылады. Əр жаман сөз артына мына шегелер тəрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бəрібір сыз болып қалып кететіндігі шындық. Сондықтан ешбір досыңмен жүз шайыспағайсың, балам», – деген екен сонда өз ісінің астарын түсіндіріп, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырған əкесі. Иə, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, əйтпесе көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні ащы да болса ақиқат. «Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш» деген бабаларымыз əрқашан кешірімді негіз етіп ұстаған. «Бір ашуыңды маған бер», «Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр», «Бір білместік өтті», егер бала болса «ісінің шалалығы» деп, жас болса «жастық шақта кімнің басынан не өтпейді» деп, үлкен кісі болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма» деген секілді сөздермен əйтеуір екі жақты өз рəуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан. Əсіресе, туыс адамдардың бір-біріне деген өкпе-реніші тым асқынып кетпеуіне көңіл бөлген.
«Туыстың азары болса да, безері болмайды», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ» деген секілді аталы сөздермен кішкене өкпеге бола біржолата ат құйрығын кесу туыс адамдарға жараспас іс екендігіне назар аудартып, ынтымақ деген айдынды дауылға ұрындырмай тұнық ұстауға барын салған. Бұны Абай атамыз: Дəмі қайтпас, бұзылмас тəтті бар ма Бір бес күннің орны жоқ аптығарға, Қай қызығы татиды қу өмірдің Татуды араз, жақынды жат қыларға, – деп, өмірдегі ештеңе де ағайын кісілердің татулығына, береке-бірлігіне жетпейтіндігін əдемі ұқтырған. Иə, «Соймасымды соямын, сүйгенімнің көңілі үшін» деген қазаққа көңілден қымбат ештеңе жоқ. Өйткені, сынаптай сырғыған көңілдің кілтін таба білу, жүрек ауыртпай жүру – жарасымды сыйластық пен бақытқа бастайтыны белгілі. Мұқағали ағамыз бір өлеңінде: Күн батты, Міне, кеш кірді. Жанымнан бір үн естілді. «Рақатқа бола бес күнгі, Ренжіте көрме ешкімді!». Тағы да бір күн кеш кірген, Тағы да бір үн естілген. «Азаматсың ғой ес кірген, Жауласа көрме ешкіммен!» – деп, ешкімді ренжітпей, ешкіммен жауласпай тату-тəтті ғұмыр кешу, бес күндік рақатқа бола əркіммен жаға жыртысып, ит пен мысықтай болмау – есі бар азаматтарға айтылған есті сөз екенін білдірген. Ешкімнің көңілін қалдырмау турасында ғұламалардан көптеген нақыл сөздер қалған. Ахмет Яссауи бабамыз: «Кəпір де болса біреуді ренжіту – Жаратушыны ренжітумен тең», – десе, үлкен əулие Жəлəладдин Руми: «Қағба – Ибраһим пайғамбардың тұрғызғаны. Ал көңіл – Ұлы Жаратушының өзі назар салатын орын. Сол себепті бір кісінің көңілін қалдыру – Қағбаны мың рет жыққаннан да ауыр», – деп, біле-білгенге адам көңілі қасиетті Қағбадан да жоғары тұратындығын аңғартқан.
материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,
ummet.kz