Мұсылман адам ішкі қалауы әлдебір ой салғанда, сол істің дұрыс-бұрыстығын саралап барып істеуі қажет. Әйтпесе, нәпсісінің қалауын орындай беру адамды орға жығары сөзсіз.
Шал ақын:
Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай.
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер, – дейді.
Пайғамбарымыздың тәлімін алған сахабалар нәпсілерімен қандай қатынаста болғандығын мысал арқылы келтіретін болсақ, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) бір күні ет жегісі келіп, базарға барып сатып алайын деген ниетпен үйінен шығады. Жолда кетіп бара жатқанында алдынан Әли сахаба (Алла оған разы болсын) кезігіп қалады. Екеуі сөйлесіп қалып, Әли оның қайда кетіп бара жатқандығын сұрайды. Сонда Осман: «Ет жеуге аңсарым ауып, соны сатып алайын деп базарға кетіп бара жатырмын», – дейді. Әли оған: «Сонда сіз нәпсіңіз не қаласа, оны сатып ала бересіз бе?» – деп сұрақ қояды. Осы кезде Осман (Алла оған разы болсын) қателігін түсініп, сол жерден кері бұрылып, үйіне қарай кеткен екен.
Яхия ибн Муғиз әр-Рази (Алла оны рақымына алсын): «Адамның жаулары үшеу. Олар: дүние, шайтан және нәпсі. Дүниеден зүһд (баз кешу) арқылы сақтан, шайтаннан оның азғырғанына қайшы іс жасау арқылы сақтан, ал нәпсіден шаһуатыңды тәрк ету арқылы сақтан», – деген.
Бұрынғы өткен даналар: «Расында нәпсі құмарлығына еру патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен Зылиханың қиссасын көрмейсіз бе?» – дейді екен. Шынымен де нәпсісін жамандықтан тыю арқылы Жүсіп Пайғамбар үлкен дәрежеге қол жеткізді. Ал Зылиха нәпсі қалауына еріп, Жүсіпке жала жауып, соңында ісі әшкере болды.
материал «Нәпсі дертінің дауасы» кітабынан алынды,
ummet.kz