26
Жұма,
Сәуір

һижри

Исламда бала асырап алудың үкімі

Исламда бала асырап алудың үкімі

Пәтуа all

Ислам дінінде бала асырап алуға тыйым салынбаған. Екі түрлі жолмен бала асырап алуға болады:

Әл-кәфәлә: Сауап ниетімен жетім және тастанды балаға қамқорлық көрсету. Бұл жағдайда әке де, бала да бір-біріне қан жағынан туыс болып саналмайды. Яғни асырап алған балаға өз әкесінің аты мен тегі беріледі. Алла Тағала Құранда: «Олар сенен жетімдер (яғни, олардың өздеріне жəне мал-мүліктеріне қатысты ұстанымымыз қандай болу керек деп) сұрайды. Оларға: «Жетімдердің жағдайын жасап, оларды жақсылап жетілдіру жəне мал-мүліктерін көбейту əлбетте қайырлы іс. Егер олар қарайласу мақсатында етене араласып, бірге жүріп-тұратын болсаңдар, əлбетте олар сендердің (діндес) бауырларың. Алла тағала кімнің бүлдіру ниетінде жəне кімнің оңалтып, түзету ниетінде болғанын жақсы біледі» - деп айт» («Бақара» сүресі, 220-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «жетімді өз қамқорлығына алған адаммен жәннатта мыналар сияқты боламыз», - деп, «сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының арасын ашып көрсетті», - деген.

Әт-тәбәнни: Бала асырап алушы адам оны өзінің туған баласы санап, оған өз тегін беруі. Бұған шариғатымыз тыйым салған. Оған мына аят дәлел: «Адамға Алла екі жүрек бермеген. Сондай-ақ, сендер зиһар (әйелін туған анасына теңеу) айтып, серт еткен әйелдерің аналарың бола алмайды. Ал өгей балаларың өз балаларың болмайды. Оның барлығы сендердің жай ғана ауызбен айтқан сөздерің ғана. Тура жолға бастайтын шынайы ақиқат – тек Алланың аяттарында ғана. (Өздерің асырап алған өгей балаларыңды) туған әкесінің атымен атаңдар. Алланың алдында осылай жасағандарың әділ болады. Ал егер де, олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар сендерге, дін жағынан бауыр болып, туысқан болып келеді. Білместіктен қателік жасап жатсаңдар күнә болмайды. Біле тұра әдейі жасағандарыңның жөні бір бөлек. Алла Кешірімді, Мейірімді» (Әл-Ахзаб: 4-5 аяттар).

Аяттан түсінгеніміздей, асырап алған баланы өзінің әкесінің тегімен атау керек екен. Себебі бала да, басқалар да оның кім екенін білуі тиіс. Оның шынайы әкесі сіз болмағандықтан, баланы өзіңізге ауыстырып алу құқығы берілмейді әрі бала өзінің тегін, ағайын-туысы мен бауырларын біліп жүреді. Ал енді білмей жасағанды Алла кешіреді.

Кейбір тәпсіршілердің айтуынша, бұл аят Зайдқа байланысты түскен. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Зайд есімді баланы асырап алып, оны осы аят түскенше Заид ибн Мұхаммед (Мұхаммедің ұлы Зайд) деп атаған еді. Жоғарыдағы аят түскен соң пайғамбардың (с.ғ.с.) асырап алған баласы Зайд өзінің әкесі Харистің атымен аталды. Бұдан әрі ол Зайд ибн Харис болды.

Сондықтан асырап алған баласын өз баласы санап, туған әкесін айтпай, шындықты жасыруға болмайды. Сол секілді балаға да туған әкесін біле тұра оның тегін алмай, өзгенің тегімен жүруіне рұқсат етілмейді.

Үкім:

1. Жетім баланы қамқорлығына алып, оған жақсы тәрбие беру – сауапты іс.

2. Шариғат бойынша бала асырап алуға рұқсат.

Алайда мына шарттар орындалуы қажет:

1. Асырап алған бала өз тегімен аталуы тиіс;

2. Бала емізілмеген жағдайда туыстық қатынас орнамайды.

3. Егер тастанды баланың әке-шещесі белгісіз болса, оны «Алланың құлының ұлы» мағынасын білдіретін (Мысалы, Абдулланың ұлы пәленше, Абдулланың қызы пәленше) текпен атауға болады.

материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: