02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Түсті кімге жорытқан дұрыс?

Түсті кімге жорытқан дұрыс?

Ислам тарихы

Алла елшісі (с.ғ.с.) «Кісі түсін өзі жақсы көретін, парасатты кісіге не абыройлы жанға айтсын. Ол жақсы сөз айтып, жақсыға жорысын»» деуімен түсті кез-келген адамға жорытудың жөн еместігін білдірген. Өзі жақтырмаған адамға жорытса, оның жоруы түс көрген кісіні ренжітуі мүмкін екендігін басқа бір хадистерінде білдірген.

Сахабаларымыз көрген түстерін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп айтатын. Ибн Омардың риуаятымен Бұһаридың жеткізуіне қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ондайда «Машаллаһ!» дейтін. Имам Тирмизи Сәмура ибн Жүндәбтан мына хадисті жеткізген: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге таң намазын оқытқаннан кейін жамағатқа қарап «Түнде түс көргендеріңіз бар ма?» деп сұрайтын» (Әбу Дауыд, Сүннәт, 9; Тирмизи, Рүя, 10)

Түсті тыңдарда жорушының не деу керектігін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі үйреткен. Ибн Зәмилдің айтуынша, «Алла елшісі таң намазын оқытып болғаннан кейін жүзін жамағатқа қаратып, «Араларыңызда түс көрген бар ма?»,- деп сұрады. «Уа, Алланың елшісі, мен көрдім»,- дегенімде, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Жақсылық болса көрерсің, жамандық болса сақтанарсың. Жақсылық - бізге, жамандық - дұшпандарымызға. Әлемдердің раббысына мадақ! Ал енді түсіңді айт»,- деді» (Хәйсами, Мәжмауз-Зауаид, 7/183).

Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көрген түстерінің айдай анық шығатынын айтады. Мәселен, Ұхыд соғысының алдында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түс көрген. Түсінде сауытын кигенін, біраз сиырлардың бауыздалғанын әрі қылышының жүзінің кертіліп сынғанын көріп оны былай деп жорыған: «Сауыт - меніңше, Мәдинаның іші, демек Мәдинадан шықпай қорғанғанымыз дұрыс. Дұшпандардың шабуылын осы жерден күтіп алып, тойтарайық. Бауыздалған сиырлар - сахабаларымнан шейіт болатындары, қылышымның жүзінің кертіліп сынуы - жақындарымның біреуінің қайтыс болуы болса керек». Расында да, айтқанындай, жақын туысы хазіреті Хамза (радиаллаһу анһу) сол соғыста шейіт етілді.

Әбу Разиннің риуаят етуінше, Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Мұсылманның көрген түсі - пайғамбарлықтың қырық алтыда бір бөлігі. Біреуге айтылғанға дейін ол құстың тырнағына ілініп тұрады, айтылған кезде барып түседі». (Бұл хадисті Имам Тирмизиден басқа Ибн Мәжа, Дарими, Хаким мен Ахмад ибн Ханбал да өз еңбектерінде жеткізген).

Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түс жорушыларға мынандай кеңес берген: «Түсте көрілген заттардың атауларын түстің жорылуына негіз етіп алыңыз. Олардың тұспалды мағыналарын жорамалға салыңыз. (Бірнеше жорамалға келетін) Түс алғашқы жорушыға қарай шынға айналады».

Ата-бабаларымыздың "Түсті көруінен емес - жоруынан қорық", "Түстің басы бұлғақ келеді: жақсылыққа жорысаң жақсылыққа, жамандыққа жорысаң жамандыққа қарай бұрылып кетеді" деп ой түюі осы негізден шықса керек.

материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: