27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Дүниенің жаратылу себептерін ғалымдар қалай дәлелдеген?

Дүниенің жаратылу себептерін ғалымдар қалай дәлелдеген?

Ислам тарихы

Жаратылыс: кейіннен пайда болған, жоқ нәрсенің кейіннен бар болуы, деген сөз. Осы жаратылыстың кейіннен пайда болғаны, әрі оның ұдайы өзгеріске түсіп отыруы, Ұлы бір Жаратушының барлығына бұлтартпас айғақ болып табылады.

Өйткені, әлем ұдайы өзгеріске түсуде. Өзгеріске ұшыраған барлық нәрсе кейіннен жаратылған, деген сөз. Яғни, әлем мәңгі бар емес, белгілі бір заманда жаратылып сол кезеңнен бастау алған. Физиканың термодинамикалық заңы бойынша, материя, яғни, әлем зымырандай зырқырап, оқша зулап құрдым мен жоқтыққа қарай бет алып барады. Яғни, әлем күн өткен сайын, тіпті сәт сайын қартайып бейне бір өлімге қарай сапар шегуде. Ал, кәріліктің жастығы бар, жастықтықтың да басы бар, басталар жері бар, деген сөз. Сондықтан да Құранда: «Қиямет сағаты жақындады» дейді. Яғни, қияметтің болуына өте аз қалды, деп, баян етуде. Демек, сан миллард жыл жасаған әлем, соңғы сәттерін санауда. Бірақ оның соңғы сәттері біз үшін екі мың жылдай уақыт шығар, бәлкім...

Ал, енді бастауы мен соңы болып, кейіннен жаратылған нәрсенің сөзсіз бір Ұлы Жаратушысы бар. Өйткені, себепсіз нәтиже, қозғаушысыз қозғалушы, ұстасыз өнер болуы мүмкін емес. Ал, қозғалушыны басқа бар қозғалушы (жаратылыс) түрткі болды, деп, шексіздікке қарай сырғытып кету де мүмкін емес. Тек қана бастауы мен соңы жоқ, мәңгі бақи бар Ұлы Күшке ғана әкеп тірегенде барып қанағаттанарлық жауап аламыз. Оны біз ешкімге мұқтаж болмаған Ұлы Жаратушы, деп, атаймыз. Құранның Ықылас сүресінде: «Аллаһу Самәд», дейді. Яғни, барлық нәрсе оған мұқтаж. Әр нәрсенің бар болуы, жалғасуы Оның әмірімен іске асады. Ол ешнәрсеге мұқтаж емес. Барлық нәрсенің көмек сұрайтын, тілек тілейтін қамқоршысы, тәрбиешісі, ризық берушісі тек қана Ол.

Өркениет дамуында қаншама ғалымдар дүниенің жаратылу сырларын қазбалап ақтарып, ақыры Алланың бар екеніне көз жеткізген. Өздерінің «мүмкіндік дәлеліне» (ықтималдық теориясы) сүйеніп, Фараби, ибн Сина секілді ислам ғұламалары ең көп пайдаланғандары үшін, «Ислам философтарының дәлелі» деп, елге осындай атпен танымал болған. Бұл дәлелді кейінгі толқын келәмшылары да қолданған. Бұл дәлел, болмыстың мүмкіндік екендігіне қарай отырып, әлемді Аллаyың жаратқанын табу дәлелі. Мұны қысқаша былай айта аламыз: Әлем мүмкіндік жиынтығы. Әрбір мүмкін нәрсе бар болуы үшін, жоқтан бар болуды таңдаған бір таңдаушыға мұқтаж. Олай болса, бұл әлемнің бар болуы үшін өзін таңдайтын біреуге мұқтаж. Ол – бастауы мен соңы болмаған Ұлы Жаратушы.

Яғни, барлық әлем мүмкіндіктен тұрады. Бар болу мен жоқ болу мүмкіндігі тең. Бір нәрсенің бар болуымен қатар жоқ та болуы мүмкін. Ал, әрбір мүмкін нәрсе болса, өзінен тыс бір себепке мұқтаж. Олай болса, алдымен бар болуды, содан кейін қандай түрде бар болуды таңдаған біреу бар. Бұл қиындау болғандықтан жеңілдетіп мысалмен түсіндіруге тырысайық: Сіз Алматының Ұлттық Кітапханасы секілді алып бір кітапханаға кіріп, ондағы сөрелерде ұзыннан-ұзақ қаз-қатар орналасқан саң мыңдаған кітаптарды көрсеңіз. Бір кезде сол сөрелердің бергі жағындағы бір үстел, үстінде ашылып жатқан Абайдың өлең кітабын көрсеңіз, сіз былай деп, ойлар едіңіз: Мына кітап бекерден бекер өзінен-өзі жатқан кітап емес. Мұны мына сан мыңдаған кітаптардың арасынан арнайы осы кітапты таңдаған біреу бар, деген тұжырымға барасыз. Яғни, Абайдың өлең кітабының алынып оқылуы мүмкіндіктен тұратын нәрсе. Оның оқылуы мен оқылмауы да тең. Неге десең оқушы оны емес, саң мыңдаған кітап ішінен басқа кітапты да алып оқуы мүмкін еді. Ал, енді осы саң мындаған кітаптың ішінен дәл осы кітап тегін алынды дей аласыз ба? Алдымен осынау кітаптарға қараған, содан кейін олардың арасынан, басқа емес, дәл осы кітапты оқуды ойлап, оны тандаған біреу бар, деген тұжырымға келеміз. Міне, әлем де сол секілді. Оны сансыз болу түрінен, дәл осы түрде таңдап жаратқан біреу бар. Ол да болса, әлемнің Ұлы Жаратушысы.

Бұдан басқа жаратылыстың жаратылу сыры туралы мақсат пен жүйе дәлелі бар. Бұл дәлел алдыңғы екі дәлелден анық, айқын болып келеді. Бұл туралы Құранда көптеген аяттар бар. Әлемге көз салып қарасақ, еш нәрсенің босқа жаратылмағанын, баршасы жүйеленіп жаратылғанын көреміз. Әли Имран сүресінде «Сөзсіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күндіздің ауысуында, әлбетте, ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тік тұрып, отырып және жатқан бойда Аллаyы еске алады. Сондай-ақ, олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны тектен текке жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (деп, тілейді), деп, олардың көктер мен жерге қарап ақиқатты ұғатындарын айтады. Өйткені, бұл әлемнің бар болуы, Ұлы Жаратушының барлығына дәлел болғаны секілді, әлемдегі жүйе мен система да Оның жалғыз екендігіне айғақ.

Мысалы, біздің көзіміз бар. Оның болуының да бір мақсаты бар. Көз адамға сұлулықты көру үшін, одан эстетикалық ләззат алу үшін, Алла Тағаланың әсемдігін байқау үшін берілген. Әрі көз өзіне берілген қызметінен басқа қызметке ауысқан емес. Айналып келгенде, адам танымы жете қоймайтын тыс әлем де, барлығы бірігіп адамға қызмет етуде. Бәрі де адамның игілігі мен жақсы өмір сүруі үшін жаратылған. Шыбын екеш шыбын да жаз бойы микробтарды өлтіріп, санитарлық қызмет атқарады да күз түсіп, күн суытқан соң әлде қайда жоғалып кетеді. Сондай-ақ атом, мейлі клетка, жерде жүрген құмырсқа бәріне де берілген бір мақсат бар. Ендеше, былай дей аламыз: әлем белгілі бір мақсат пен система ішінде жаратылған. Ал, мұндай мақсат пен жүйе шексіз ақылды біреудің қолтаңбасы. Демек, әлем Ұлы Ғалым әрі шексіз ақылды Біреудің өнері. Оны біз Ұлы Жаратушы Алла деп, атаймыз.

Құранда мақсат дәлелі және жүйе дәлелімен қоса жәрдем дәлелі деген де бар . Мәселен әлемдегі алыс-жақын жаратылыс атаулы бір-бірімен септесіп, бауырласып жатқанын көреміз. Мысалы, көктемнің жасыл желектеріне көз салайықшы. Дүниенің бәрі абыр-сабыр боп құлпырып өсуіне құрақ ұшып жүгіргенін байқайсыз. Алдымен ту алыстан бұлттар жөңкіліп кеп бейне бір нәрестеге емізікпен сүт бергендей жауын жаңбырын бүркіп өтеді. Оның артынан ана секілді Күн нұрымен сипалап, мәпелеп өсіруде. Жер астындағы бактериялар, шылаушандар т.б. минаралды заттар олардың өсуіне көмектесуде. Бәрі де біртұтасып ғажап өмір сүруде. Мұндай бірлік адамзатта кездессе, кейбіреулер «бұл утопия», деп кері тартар еді. Ал, біз, адамдар қанша ақылды болсақ та біріге алмай, бөлісе алмай жатамыз. Алысқа бармай-ақ атамыз Абайды алайықшы. Өзі де, әкесі Құнанбай да өмір бойы қазақтың бірлігін аңсап өткен жоқ па?! Ал, бізден тыс мына жаратылыстың ешқандай ақылы жоқ. Әрі біздің биологиялық жаратылысымыз басқа жаратылыстан көп айырмашылығы жоқ. Бейне бір мемлекет секілді. Жүрек елбасы, қалғаны халқы секілді. Бәрі бірігіп, айналайын адамға қызмет етуде. Міне, осылардың аса ғажап үйлесімділікпен бір ырғақпен жұмыс істеуі – Ұлы Жаратушының барлығын көрсетеді. Демек, бүкіл әлем бір-біріне жәрдем ету арқылы Ұлы Жаратушыны паш етуде.

Адамның бейнесі және қар дәлелі жөнінде де көптеген мысалдар келтіруге болады. Қандай да болмасын бір адамның жүзі, ешуақытта да өзінен бұрын өткен миллиондаған адамның ешбірінің жүзіне ұқсаған емес. Бір суретші жүз түрлі адамның суретін салса, оның жүз біріншісі кейбірлеріне ұқсай бастайды. Ал, мың немесе одан да жиі сала бастаса, бір-бірлеріне одан да көбірек ұқсай бастайды. Адам бейнесіне көз салсақ, ондай емес. Мұндайды көр табиғат салды, деу, ақылсыздық. Демек, мұны ең кішкене айырмашылығына дейін біліп ажыратуға күші мен ілмі жеткен біреу бар. Ол Ұлы Жаратушы. Қар да адам бейнесі секілді. Қардың әрбір ақ түсті кристалында ерекше оюөрнектер бар. Ал, бір кристалдағы бұл ою-өрнек басқа кристалдардың ешқайсына ұқсамайды. Осы кішкене ғана шектеулі шеңберге шексіз түр-түсті сыйдырған Ұлы Жаратушының құдыреті демегенде не дейсіз? Иә, барлық әлем өз тілімен Ұлы Жаратушының ұлылығын паш етіп, жар салуда.

материал «Иман мен дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: