29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Уағызды тыңдаушыға түсінікті тілмен айту

Уағызды тыңдаушыға түсінікті тілмен айту

Ислам тарихы

«(Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр».(«Нахыл» сүресі, 125-аят).

Әнәс (р.а.): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөзі түсінікті болуы үшін кей кездері бір сөзді үш рет қайталап айтатын. Көпшілікпен жолығуға (немесе біреудің үйіне) барғанда да кей кездері үш қайтара сәлем беретін еді», – деп айтты (Бұхари, илм 30).

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөзі естіген адамның бәрі емін-еркін түсінетіндей анық та қанық болатын», – деген (Әбу Дәуіт, әдәб 18).

Әбу Уәйл Шақиқ ибн Сәләма: «Ибн Масғуд (р.а.) бізге әр аптаның бейсенбі күні уағыз айтып тұратын. Бірде біреу: «Уа, Әбу Абдуррахман! Бізге күн сайын уағыз айтқаныңызды қалар едім», – деп өтініш білдірді.

Сонда Ибн Масғуд бұл өтінішке: «Жиі-жиі уағыз айтсам, сендерді жалықтырып алам ба деп қорқамын? Сондықтан Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізді жалықтырмау үшін қолайлы сәттерді пайдаланып, анда-санда уағыз айтқанындай мен де сендерге оқтатекте ғана уағыз айтамын», – деп жауап берді», – деген (Бұхари, илм 11; Муслим, сыфатул-мунафиқин 82).

Мағауия ибн әл-Хакам әс-Сүләми (р.а.): «Бір күні Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұйып намаз оқып тұрғанедім. Кенет намазда тұрғандардың бірі түшкіріп қалды.

Мен оған: «Ярхамукаллаһу» (Алла сені мейіріміне бөлесін), – дегенімде, намазда тұрғандар маған жазғыра қарады. Сонда мен оларға: «Өл де маған! Неге сонша тесіле қарадыңдар?» – дедім ренжіп. Олар сандарын шапалақтай бастағанда, мені тыныштандырғылары келгенін көріп, одан арман ашуландым, бірақ өз-өзімді ұстап, үндемедім. Әке-шешем Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолында садаға кетсін! Бұрын-соңды және кейін де одан асқан тәлімі мінсіз тәлімгер көрген емеспін. Алланың атымен ант етейін! Ол осы қылығым үшін маған зекіп, қабақ шытқан да жоқ, маған қол көтерген де, балағаттаған да жоқ. Намаз оқып болған соң бар болғаны: «Намазда тұрғанда пендеге тән бірде-бір сөз айтуға болмайды. Расында, намаз дегеніміз – Алланы пәктеп, Оған мадақ айту, Оны ұлықтау және Құран оқу», – деді (немесе осыған ұқсас насихат айтты).

Сонда мен: «Уа, Алланың елшісі! Мен кеше ғана пұтқа табынып жүрген қараңғы адам едім. Бүгінгі таңда Алла Тағала бізді хақ дін Исламға бастады. Алайда біздің арамызда  әлі де балгер-көріпкелдерге баратындар бар», – дедім.

Ол: «Сен оларға барма», – деді. Мен тағы: «Сондай-ақ, ішімізде ырым-жоралғыға сенетіндер де бар», – дедім. Сонда ол: «Бұл олардың көкірегіндегі бос қиял ғана, сондықтан бұндай жалған ойлар оларға тосқауыл болып, алған бетінен қайтармасын», – деп айтты», – деген (Муслим, мәсәжид 33).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: