28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Ілім десе, алғаш ойға оралатын әйел кім?

Ілім десе, алғаш ойға оралатын әйел кім?

Ислам тарихы

Ислам әлеміндегі ең алғашқы ғалым қыз, күллі үмметтің ұстазы, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең сүйікті жары, ақыл-парасаты өте биік – Айша бинт Әбу Бәкір (р.а).

Айша анамыз (р.а) ғылымға өте құштар, ең ерекше қасиеті – "сұрақты тым көп қоятындығы" болған. Біреуде тың мәлімет барын естісе, соған қол жеткізбейінше, тынбайтын. Пайғамбарымыздың қызы Фатимаға сыр айтқанын байқаса, сол сырды білмейінше, жаны жай таппаған. Бөлмесі пайғамбар мешітіне жапсарлас орналасқандықтан, Алла елшісінің барлық уағыздарын тыңдап, түсінбеген тұстарын жеке өзінен сұрап отырған.

Меңгерген ғылым салалары:
Тәпсір: "Әсбабун нузулды" ең жақсы білетін кісі еді. Құран аяттарын түсінуде сахабалардың көптеген қателіктерін түзеп, дұрыс тәпсірін айтып отырған. Тәпсірге байланысты жеткен риуаяттардың көпшілігі Айша анамызға тиесілі.

Хадис: 2210 хадис риуаят еткен. Ең көп хадис жеткізуде Әбу Һурайра (5374), Абдуллаһ ибн Омар (2630), Әнас ибн Мәликтен (2286) кейін 4-орын иеленеді. Бухариде 228, Муслимде 232 риуаяты бар. Ахмад ибн Ханбал 6 томдық "Муснад" кітабында Айша анамыздан жеткен 2404 хадисті жазған. Мухаддис Әбу Һурайра мен муфассир Абдуллаһ ибн Аббастың, т.б. сахабалардың риуаяттарындағы біраз қателіктерін дұрыстап, хадис мәтінінің туралығына аса қатты мән берген.

Фиқһ: Пәтуа беруде 30 шақты "Муксирун" сахабалардың ішінде Айша анамыз да болған. Қасым ибн Мухаммад ол кісінің Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Османның  (р.а) халифалық тұстарында жеке дара пәтуа беруші болғандығын айтады. Басра, Шам, Куфа, Мысыр, т.б. әр қиырдан келген адамдардың діни сұрақтарына жауап беретін. Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан бастап, үлкен табиғин имам Ата секілді ғұламалар фиқһты терең түсінуде Айша анамыздан асатын адам көрмегендіктерін айтады.

Тіл, әдебиет, шешендік: Әр сөзін аса мұқият таңдап, Құранда кездескен сөздерді қолдануға қатты мән берген. Табиғин имам Ахнаф ибн Қойс: "Әбу Бәкір, Омар ибн Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Талибтің (р.а) және басқа да халифалардың құтбасын тыңдадым, алайда олардың ешқайсысынан дәл Айшаның аузынан естігендей шешен сөз естімедім", - дейді. Әкесі Әбу Бәкірден (р.а) шежіре, тарих, шешендік өнер, көркем өнер секілді әдебиет, ғылым салаларын үйренеді.

Өлең: Айша анамыз Әбу Бәкір, Біләл, Фухайра, Сағд ибн Муаз, Абдуллаһ ибн Рәуаха, Қағб ибн Мәлик, Хасан ибн Сәбиттен өлеңдер жеткізкен. Бұл ісін пайғамбарымыз ерекше бағалап, жақсы көрген екен.

Басқа да көптеген әлеуметтік ғылымдарды, тарихты, медицинаны да өте жақсы меңгерген. Ол кісінің үйі Омар ибн әл-Хаттаб (р.а), Абдуллаһ ибн Омар (р.а), Әбу Һурайра (р.а), Амр ибн Ас (р.а), Әбу Муса әл-Әшғари (р.а), Абдулла ибн Аббас (р.а), Абдулла ибн 3убайр (р.а), Зәйд ибн Халид (р.а), Рабия ибн Амр әл-Жураши (р.а), Саиб ибн Язид (р.а), Харис ибн Абдулла (р.а) секілді сахабалардың білім алатын мектебіне айналған.

Осылайша Айша анамыз (р.а) бүкіл жер бетін өзінің білімімен толтырды.

Әз Зухри ол туралы: "Егер Айшаның білімі және барлық басқа әйелдердің білімі жиналған болса, онда Айшаның білімі көбірек, жоғары және пайдалы болар еді"- дейді.

«Табакат» кітабында Ибн Саад былай дейді: "Айша адамдардың арасындағы ең білімдісі болатын. Тіпті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларыда оған сұрақтар қойды".

Әбу Саләма: "Мен Пайғамбарымыздың сүннетін Айшадан артық білетін ешкімді көрмедім, оның пікіріне мұқтаж болған кезде фиқһтан артық білімді ешкім жоқ, одан гөрі аяттар қашан түсірілгенін ешкім білмейді".

Шейх ән-Нәдәуий Айша анамыздың (р.а) өмірбаянында былай дейді: Көпшілік адамдар "Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айша анамызға деген махаббаты оның мінезі мен сұлулығы себепті болды" деп ойлайды. Бұл ой қай жағынан болмасын қайтарылған. Себебі ол кісіден басқа да Зәйнәб, Джуайрия, София (р.а) сынды аналарымыз көркем мінез бен сұлулыққа ие болған. Хадис, әсәр, сияр және тарих кітаптары олардың сұлулықтары мен көркемдіктері туралы деректерге толы. Муслимнің сахихы мен Әбу Дәудтің сунанында Әбу һурайраның (р.а) риуаятымен келгеніндей Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты: Әйелмен төрт нәрсесі үшін неке қылады: байлығы, тегі, сұлулығы және діні үшін. Сен діндарын ұнат! Алла қолыңды кеңітеді.Осы негізде Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең сүйікті болған әйелі ол – Исламның таралуы мен діннің қызметіне көбірек пайдалы болғандығы. Айша анамыздың басқа аналарымыздан ерекшеленгені оның ілімінің кемелдігі, терең түсінігі әрі Құран, тәпсір, хадис және фиқһтан дінге қатысты болған барлық мәселелер мен ижтиһадтағы біліктілігі, мәселелердің нәзік тұстарына үңіле алуы және жаңадан орын алған жайттарға қатысты дәлелдерден үкім келтіре (истинбат) алуы.

Осыдан кейін Айша анамыздың басқа аналарымызға қарағанда ең сүйіктісі болуы – табиғатынан орынды-ақ.

материал «Әйел мен ілім» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: