29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Ең маңызды әдеп – Алла алдындағы әдеп

Ең маңызды әдеп – Алла алдындағы әдеп

Ислам тарихы

Әдеп – Хақ жолындағы жолаушының ең құнды азығы. Адам әрі діндәр, әрі дөрекі, жағымсыз, инабатсыз бола алмайды. Өйткені Исламның рухы жағынан өзегі – сенімде тәухид, амалда әдеп, туралық пен мейірім.

Бұл тұрғыда былай десек те болады. Барша негіздермен Ислам діні басынан аяғына дейін сыпайылық, нәзіктік пен пәктік өлшемдерінен, яғни «көркем әдептен» тұрады. Хақ досы Мәулана Хазірет бұны тамаша баян еткен: «Көзіңді аш та, Алланың сөзіне бастан аяғына дейін назар сал! Аяттан аятқа – Құранның барлығы әдеп тағылымынан тұрады».

Хақ достары жеткен дәрежелеріне тек жоғары әдептерімен қол жеткізген. Имам Раббани Хазірет былай дейді: «Әдепке мойынсұнбаған адам Алланың разылығына бөлену жолында ілгері қадам баса алмайды, яғни Алла досы бола алмайды. Дін көсемдерінің жолы бастан-аяқ әдеп үлгісі». Ең маңызды әдеп – бізді жаратқан Алла алдындағы әдеп.

Естен шығармауымыз керек – шайтан иләһи құзырдан білім мен амал кемшілігінен емес, әдепсіздігі үшін қуылған. Сондықтан шайтанды құрдымға түсірген ең әсем игілік – әдеп.

Хазіреті Мәулана мұны былай деп түсіндіреді: «Ібіліс Хазіреті Адамға сәжде етпей Алланың әміріне қарсы келгенде:

«Менің затым оттан, оныкі балшықтан. Жоғары болғанның төмен болғанға сәжде етуі қалай жарасымды болмақ?!» дейді».

Міне, ібіліс Аллаға әдепсіз қарсылық көрсеткені үшін қарғысқа ұшырады, иләһи құзырдан қуылды. Сонымен қатар бетпақтық көрсетіп, өзін жаратқанмен күреске түсті» (Фиһи мә фиһ, 156 б). Әбу Әли әд-Дәққақ былай дейді: «Әдепті тастау иләһи құзырдан қуылуды қажет етеді. Әркім патшаның алдында тәрбиесіздік көрсетсе есікке, есікте әдепсіздік көрсетсе қораға жіберіледі». Аталарымыз «Әдепті әдепсізден үйрен» деп, әдепке мойынсұнбағандардың жағдайынан ғибрат алуды насихаттаған. Біз де шайтанның жағдайынан үлгі алуға міндеттіміз. Аллаға деген әдепті лайықты түрде ұстана білген құл жағымсыз әрекеттерден аулақ болады. Сондықтан құлшылық пен жасаған іс-әрекеттеріндегі кемшіліктерін, қате мен бейқамдығын байқайды. Амалдарына сенімді қарау сырқатына бой алдырмайды. Ұмытпайық, қаншалықты көркем амалдарымыз болса да, бәрі-бір барлығы теңізге құйылған бір шелек су сияқты. Алланың берген сыйларына қарағанда істеген барлық құлшылықтарымыз бен қызметтерімізді аз деп білуіміз керек. Құлшылық жауапкершілігімізді қоғамдағы деңгеймен емес, сахаба мен Алланың әулие құлдарының өнегелерімен таразылауымыз керек. Өйткені Алла әңсарлар және мүһәжірлерді бізге үлгі етіп көрсеткен. Екіншіден, құл болу әдебін лайықты іске асырғандар әсемдіктердің барлығы Алладан, ал барлық кемшілік – өз нәпсілерінен туындаған сезіміне жетеді. Құлшылықтарды тастап, жаман жолға түскен адамның: «Не істейін, тағдырым осы екен!» деуі нәпсі мен шайтанға тән бейқамдық сөзі. Алла намаз оқығысы келген адамға орындау жолдарын сыйлап, ал оқығысы келмегендерге де намазға кедергі жасайтын жағдайлар жаратады. Сондықтан өзіміздің істеген күнәларымызды ақтау үшін «қайтейін, тағдырым осы екен!» сияқты сандырақ сөздер тағдырға жала жабу дегені. Бұл Аллаға көрсеткен үлкен әдепсіздік пен ақымақтық. Шайтанның аяғын тайдырған нәрсе ол көрсеткен әдепсіздіктен басқа ештеңе емес. Сондықтан шайтанды қатты ашуландырған нәрсе – өзі теріс жолға түскен жағдайларда мүминнің Аллаға көрсеткен мойынсұнуы, ризалығы, берілуі, яғни «құл болу әдебі».

материал «Хақ достарының үлгілі мінез-құлқы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: