29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Ислам әдебі: Басшылық қылу әдептері

Ислам әдебі: Басшылық қылу әдептері

Ислам тарихы

Асыл дінімізде басшылық қызмет мансап емес, үлкен жауапкершілік саналады.

Ибн Омар (Алла разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Сендердің әрқайсысыларың бақташысыңдар және әрқайсысыларың иеліктегілерің үшін сұраласыңдар. Басшы да бақташы әрі өз иелігіндегісі үшін сұралатын болады. Ер адам өз жанұясының бақташысы әрі ол да иелігіндегісі үшін сұралады. Әйел де күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралады. Қызметші де өзінің мырзасының дүниесіне бақташы әрі ол да өз иелігіндегісі үшін сұралатын болады. Сол үшін барлығың бақташысыңдар әрі иеліктегілерің үшін сұралатын боласыңдар» (Бухари, Муслим).

Мұсылман адам басшылық қызметтің жауапкершілігін сезініп, оның үлкен аманат екендігін түйсініп, бұл қызметті дініміз бекіткен әдептерге сай атқаруы тиіс. Жалпы Ислам ғұламалары басшы адамның сипаттары, әдептеріне қатысты көптеген еңбектер қалдырған.

Ықылас. Мұсылман адамның қызмет етудегі негізгі мақсаты өзгелерге пайдасын тигізіп, сол арқылы Алла Тағаланың разылығын табу болуы қажет. Осы ниетте қызмет ету құлшылық болып есептеледі.

Имам Ғазали: «Есігіңнің алдында тұрған мұқтаж жанға менсінбей қараудан сақтан! Қандай да бір мұсылманның сенде қажеті болса, оның қажетін өтемейінше нәпіл ғибадатпен айналыспа. Өйткені мұсылмандардың қажетін өтеу – нәпіл ғибадаттардан абзал», – деген.

Бір күні мұқтаждардың мәселелерін қарап отырған халифа Омар ибн Абдулазиз (Алла рақымына алсын) түске қарай бір сәт тынығып алғысы келіп үйіне кіреді. Оны үйден көрген ұлы: «Есігіңіздің алдында мұқтаж жандар отыр. Ал сіз олардың мәселесін әлі шешпедіңіз. Олардың хақысына немқұрайлы қараған осы күйіңізде өлім келмесіне кепілдік бар ма?» – дейді. Сонда орнынан атып тұрған ол: «Дұрыс айтасың, ұлым», – деп қайтадан жұмыс орнына кеткен екен.

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: