19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Ойынқұмарлық оңдырмайды

Ойынқұмарлық оңдырмайды

Ислам тарихы

Нәтижесі белгісіз, уақыт пен қаражатты ысырап етуші ойындар Құранда «харам» еткен «мәйсир-құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен  шариғатта  тыйым салынады.

Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»

Құран Кәрімнің «Әнфәл» сүресінің 60-аятында: «Сендер де шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер», - дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Күшті мұсылман әлсізден гөрі жақсырақ», - деген сөзі осы ойымызды қуаттай түседі. Және Бұхариден жеткен бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір топ сахабалардың жанынан өтіп бара жатып, олардың садақ атудан жарысып жатқанын көргенде: «Атыңдар, мен сендермен біргемін», - деп айтқаны келтірілген. Бүгінгі таңда да садақ ату, найза лақтыру секілді спорт түрлері олимпиада ойындарының қатарында бар.

Адамды ептілікке, мықтылыққа баулитын футбол ойыны болса мұсылман жастары арасында өте танымал әрі басты спорт түрі саналады. Бұл ойын жастардың бір-бірімен араласып, бауыр болуларына жағдай жасаумен қатар, жоғарыда айтқандай, денсаулыққа да пайдасы зор. Сондықтан, футбол секілді спорт ойындарына шариғат қарсы емес, егер ол ойын сені Аллаға құлшылық жасаудан қалдырмаса. Алайда, қазіргі күні көптеген спорттық жарыстарға бәс тігу секілді харам істердің араласып кетуі және қарапайым ойын үшін екі жақтың жанкүйелерінің бір-бірін өлтіруге дейін баруына, екі жақ болып жауласуына әсер етіп жатқаны өкінішті.

Ұтарын не ұтпасын білмесе де, «ұтармын» деген ықтималдыққа сүйеніп ақша тігіп ойнайтын ойындар Құранда «харам» еткен «мәйсир/құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен шариғатта тыйым салынады. Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар (ықтималдыққа сүйеніп ақша тігу) араласатын болса, ол – мәйсир», - деген деректер де айтылады.

Бұрынғы Ханафи мен Малики ғалымдары шахматты уақыт өлтіруші бос ермек ойындардың санатына жатқызып мәкрүһ деген. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «...мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасу басқа», - деген» . Олардың пайымдауынша, хадисте айтылған үш ойыннан өзге ойындарды ақша тігілмесе де ойнау бос ермек (әл-ләһу), пайдасыз әрекет (әл-ғабәс) болғандықтан – харамға жақын мәкрүһ.

Осы тұрғыда имам Шафиғидің шахмат ойыны жайында айтқан мына сөзін келтіре кеткен артық болмас: «Шахмат ойыны адамның есте сақтау қабілетін дамытады, ойлау қабілетін тазартады. Соғыс өнері мен тактикасын үйретеді. Ол рұқсат етілген заттар қатарынан саналады. Осы жағымен де, садақ ату мен атқа міну тәліміне ұқсап тұр...». Ол өзінің тағы бір сөзінде: «Шахмат ойынында ақша тігілмей, жаман сөз айтылмай, намаз ұмытылмайтын болса ол харам емес», - дейді.

Ойынқұмарлық аса қауіпті психологиялық дерт. Бұл дерт наркоманиядан да ауыр болып келеді, себебі наркологиялық, ішімдік шылым тәуелділігінен адамдар емделіп жатса, ойынқұмарлықтың дауасы табылмай отыр. Өкінішке орай, оны маскүнемдік және нашақорлық сияқты аурулармен бір қатарға қояды. Кез келген тәуелділік – емдеуді қажет ететін теріс құбылыс. Ең алдымен, тәуелділік адамды еркіндігінен айырады, бұл денсаулық үшін өте зиянды. Өйткені, белгілі бір әдетке тәуелді адам ерте ме, кеш пе өз өмірін бақылай алмай, оның ауруының басты себебі болып табылатын затқа қатысты жүруді жалғастырады. Бұл аурудың қорытындысы адамды жақындарынан алыстатып, өмір маңыздылықтарынан ажыратады. Сондай-ақ, қандай да бір тәуелділік, ол ерте ме, кеш пе агрессияға әкеледі деген факт бұрыннан дәлелденген. Және бұл процессті, өкінішке орай, емсіз тоқтату емес. Нашақорлық пен маскүнемдікке қарағанда, ойынқұмарлық едәуір ерте дамыған сыңайлы. Себебі байырғы фильмдердің өзінде, әсіресе ер кісілер, ел кезір құмар ойын жетегінде жүргенді деседі. Бұл тәуелділік адамның көруіне ғана емес, оның психологиялық және эмоциялық жағдайына да әсер ететін компьютерлік ойындарға қатысты

Ойынқұмар болып тумайды, ойынқұмар болып өседі

Психологтердің пікірінше, ойынқұмарлық отбасындағы осал тәрбиеден бастау алады. Тіпті балалардың кішкентайынан компьютерге телміріп, ойынқұмар болып өсуіне ата-ана тәрбиесінің де әсері көп көрінеді. Белгілі психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, құмар ойынға тәуелді болудың алғышарты көп: мейірім мен қамқорлықтың жетіспеушілігі, отбасындағы қарым-қатынастың күрделілігі, қатыгездікпен астасқан әсіреталапшылдық пен астамшылдық, т.т. «Психолог ретінде ойынға байланған, одан шыға алмай жүрген талай баламен әңгімелестік. Сонда лудомандар, яғни құмар ойынға тәуелділер алғашқы ойындарын, ең алдымен, өз үйлерінде көргенін айтады. Көбі ата-анасы немесе олардың достары құмар ойынды қалай құныға ойнағанын бақылаған. Міне, тәуелділіктің бір ұшы үйдегі тәрбиеде дейтініміз сондықтан. Бала өзінің көріп-білгенін қайталайтыны секілді, әке-шешесінің құмарта ойнағаны баланы бейжай қалдырмайтынын аңғарамыз», - дейді ол.

Мамандардың айтуынша, құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақсаты басқа болады. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақсатында ой-найды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, құныға ойнау сипатына ауысады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын жағдайға душар болады.

«Ойынқұмарлардың эмоциялық көңіл күйі ойынның әрі қарай қалай өрбуіне байланысты. Мысалы, ойыншылардың көбі ұтылған сәтте өздерін жегідей жеп, кінәлау сезімін бастан кешірсе, жеңіске жеткен кезде керісінше, өздерін ұлы құдыреттей сезінеді. Құмар ойыншылардың ерік-жігеріне, ұстамдылығына, есте сақтау қабілетіне келсек, барлығының осал тұсы – ерік-жігерін басқара алмауында жатыр. Соның салдарынан олар ойынды дер кезінде тоқтата алмайды. Көпшілігі мұны мойындағысы келмейді. Өздерінше құмар ойынның санын қадағалап отырмыз, кез келген сәтте ойыннан шыға аламыз деп ойлайды. Ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі жалғызілікті. Бірақ олар жалғыздықтан гемблингке құмартқан жоқ, гемблингтің салдарынан жалғыз қалды деуге болады», -дейді Л.Қойшиева арнайы жазған еңбегінде.

Қазіргі заманда компьютер өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны шын. Бүгінгінің баласын компьютерсіз елестету қиын. Кейбір жеткіншек үшін компьютер – оқудан да, тіпті достарымен қыдырудан да артық дүние.

Әлбетте, заманауи техниканың пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ онымен шамадан тыс әуестену кейін бармақ тістеуге әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан балаларды қадағалап, оларға техниканы орнымен қолдануға дағдыландыру қажет. «Компьютерлік ойындар баланы шынайы өмірден алыс-татып, ойдан құрастырылған әлемге таңып қоятынын естен шығармау қажет. Бала-сының өзінен-өзі бұйығы өмір кешіп, ешкіммен араласпай өмір сүргенін ешқандай ата-ана қаламасы анық. Демек балаңыз өмірге құштар, жақсылыққа құмар азамат болып өссін десеңіз, оның компьютердің алдында ұзақ уақыт бойы отыруына тыйы-м салыңыз. Вир¬туалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кездесетін қиын-дықтарға төтеп бере алмайтын әлжуаз адам болып өсетінін ұмытпаңыз. Ал ерік-жігері әлсіз адам еліктегіш келеді. Құмар ойындарға да күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар көбірек душар болады», - дейді психолог.

Бір күні құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмарпазды естіп, іздеп барған жас жігітке егде тартқан әлгі кісі «Балам-ау, сенің мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Байығың келеді ме? Егер сол арқылы баюға болатын болса, мен бай болар едім. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адаммын. Бірақ қазіргі халімді қара. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да, ғибрат ал" деген екен. Иә, ғибрат алатындай-ақ әңгіме. Осы бір ауыз сөз баршаның санасында жатталса деймін.

Алла Тағала құмар ойынды харам етуде көптеген хикметтері бар. Олар мыналар:

1. Мұсылманның өмірі мен табысы кездейсоқ бақытқа емес, маңдайының тері арқылы болу керек.

2. Өзгенің мал-мүлкі, дүниесі харам. Оны алудың жолы ауыстыру не сыйлық т.б әр түрлі адал жолдармен болу керек. Ал, құмар әділетсіз жол.

3. Жоғалтқан адам ұтқан адамды іштей қызғанып, көре алмайтыны анық.

4. Құмар ойын мұсылманның құлшылығына қатты кедергі жасайды.

5. Құмар ойын зиянын тек ойнаған адамға ғана тигізбейді. Сонымен қатар қоғамға да кері әсер етіп, көп ұзамай ел арасында жұмыс істемейтін құмар ойынға берілгендердің көбеюіне себеп болады.

Өзіңіз байқап тұрғандай, ойынның зиянды тұстары бетке ұрып тұр. Денсаулығыңызға деген зияны былай тұрсын, сіздің алтынға тең уақытыңыз бен жақындарыңыздың сізге деген сенімін табалау да дерт. Ең басты ақаулық бұл ойынқұмардың өзін ауру емеспін деп есептеуінде, ол өзін кез келген уақытта тоқтай аламын деп ойлайды. Алайда, уақыт өте келе бұл жағдай ол үшін қалыпты құбылыс болып қалыптасуы ықтимал. Құмар ойындар сауатсыздарды сан қилы дертке душар етеді, кейде бұл тәуелділік, кейде өкінішке орай, өлімге әкеп соқтырады. Сондықтан егер сіз таныстарыңыз бен достарыңыздың біреуінен осындай байқай бастасаңыз, онда бұл жағдайда, ойынқұмарлық ол адамды құшағына орамай тұрып дәрігердің көмегіне жүгінгені жөн.

Ренат Жапбасов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы


Бөлісу: