Меню

03
Бейсенбі,
Сәуір
4
Шәууәл
1446 һижри

Сахабалар мен табиғиндер кезеңіндегі фиқһ

Сахабалар мен табиғиндер кезеңіндегі фиқһ

Ислам тарихы

Сахабалар кезеңі дегенде пайғамбарымызға ұзақ уақыт серік болған үлкен жастағы сахабалар айтылады. Сондай-ақ ол әділетті халифалар кезеңі деп те аталады. Жоғарыда пайғамбар кезеңінде шариғат негіздерін Құран мен сүннет қана құрағаны туралы айтқан болатынбыз.

Ол кезеңде сахабалар хақ дінді насихаттау ісімен ғана шұғылданған болатын. Пайғамбарымыз дүниеден озға соң әділетті халифалар ғасырында көптеген елдерге ислам діні тарап, пайғамбар ғасырында кезікпеген түрлі жағдайлар мен оқиғалар пайда болды. Бұл жағдайлармен байланысты шариғат үкімдерін баяндау қажеттілігі туды. Осылайша ижтиһад ісінің міндеті туып, ол шариғаттың Құран мен сүннетке тәуелді жаңа негізіне айналды. Жаңадан туған көптеген мәселелердің үкімдерін анықтау ісінде сахабалар алдымен, Құранға қараған, одан таппаса, сүннетке жүгінген, одан да таппаса, өзара кеңескен. Егер ойлары бір жерден шықса, амалды соған негіздеген. Бұл үкім ижмағпен бекіген үкім деп аталады. Сахабалар арасында фиқһи қайшылықтар өте аз болған. Қажеттілікке сай ижтиһадқа көп сүйенген сахабаларға Омар, Әли және Ибн Масғуд, ал аз сүйенгендерге Ибн Омар, Абдулла ибн Амру ибн әлАс және аз-Зубайр жатады. Бұл кезеңде шариғат негіздерінің қатарына Құран мен сүннеттен кейін ижмағ пен ижтиһад қосылды.

Бұл жерде әділетті халифалардан кейінгі кезең айтылады. Ол Үмауия дәулетінің орнауымен басталып (һиж-ң 41 ж.), һижраның бірінші ғасырының соңына дейін жалғасқан. Бұл кезеңде көпшіліктен бөлініп шыққан шиіттер мен хауариждер пайда болып, мұсылмандар саяси тұрғыдан бөлінді. Бұл бөліну фиқһ амалы мен хадис риуаятына өз кесірін тигізіп, әр топтың көзқарасын қуаттайтын жалған хадистер шығарылды. Дегенмен Алла Тағала сүннетті өтірік хадистерден тазартатын мухаддистердің пайда болуын нәсіп етті. Олар хадис риуаятының қабылдау шарттары мен қағидаларын қойып, жалған хадистер анықталды.

Тағы бір айта кететін мәселе, сахабалар ислам дінін тарату мақсатында әлемнің түрлі аймақтарына жайылған кезде әр қауым дін үкімдерін өз еліне келген сахабаның тәлімі мен ижтиһадына негіздеп үйренді. Сол уақытта әр аймақтағы жағдайлар мен оқиғалардың өзгешеліктеріне сай ижтиһадпен алынған үкімдер де өзгешелік тауып, ижмағ ісі қиынға соқты. Осы кезеңде ой ижтиһады мектебі мен хадис мектебі пайда болды. Бұл екеуі Куфа мен Медина мектептерінің нәтижесінде туды. Ой ижтиһады мектебінің негізін Ибраһим ан-Наха′и, ал хадис мектебінің негізін Саид ибн әл-Мусиб салды.

Қорыта келгенде, бұл кезең ислам фиқһының жетілу және фиқһи мәзһабтардың пайда болу кезеңінің бастамасы болды. Осы кезеңде Құран мен сүннет мәтіндерінің шектеулігі, ал жаңадан туындайтын мәселелердің шексіздігі себепті қиясқа, истихсанға және истислахқа негізделген амал арқылы ой ижтиһады кеңінен тарады. Сондай-ақ осы кезеңде Иракта сүннетке қайшы шиіттердің фиқһы пайда болды.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: