Имам ағзам Әбу Һанифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясына жанжал шығарып, түнімен ұйықтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алатын. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады.
Имам болған мән-жайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?» – деп сұрапты. Сонда имам ағзам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін» – деп жауап беріпті. Мұны естіген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.
Абу Хурайра р.а риуаят етеді, Расулулла (с.ғ.с): «Кім Аллаға және қиямет күніне сенсе, көршісіне азар бермесін. Кім Аллаға және киямет күніне сенсе, қонағын құрмет қылсын. Кім Аллаға және киямет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе тыныш тұрсын (үндемесін)». Негізі көрші ақысы турасында айтқанда жалпыға ортақ пікір қалыптасқан. Қабырғалас тұратын отбасымен, яғни көршімен ұрыс-керіссіз тіл табысып тұру деп. Расында мәселе тек онымен шектелмейді. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген (Ахмет). Яғни, Қиямет күні көршілер бір-бірінен өз ақыларын сұрайды. Көршімен тату болған кезде жаман көрші жақсы көршінің амалына қарай игілікке, жақсылыққа ұмтылып, тура жолға түсуі мүмкін. Сондықтанда болса керек Алла елшісі (с.ғ.с) Абу Хурайра р.а. риуаят еткен хадисте: «Ия, Алла! Мен жасайтын дарул мақамдағы (қәбір мағынасында) жаман көршіден пана беруін сұраймын. Өйткені дүниедегі көрші өзгеруі мүмкін», - деп дұға ететін болған екен. Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Менің жақсы – жамандығымның бағасын кім береді?» – деп сұрағанда, «Көршің!» – деп жауап қайырған. Иманды жандар көршімен бейбіт қарым-қатынаста болуға тырысады. Мерекелерде құттықтап, сыйлық беріп, тату тұрады. Ауырса қал-жағдай сұрасып, материалдық, рухани демеу беретінде жандар көп. Сондай-ақ, көршіге жақсылық етумен ғана шектелмей кей кездері олар ренжітіп, өкпелетіп жатса сабыр ету – өте қажетті мәселелердің бірі. Көршілерге жақсылық жасау оңай болып жатқанымен, ренжітсе, өкпелетсе кешіре салу қиынға соғатыны бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім көршісі құрмет етсе, оған жәннәтқа кіру уәжіб болады. Кімде-кім өзінің көршісіне азар берсе, оны Алла Тағала және періштелер және барша адамдар лағынеттейді» (Хаятул Қулуб).
Ал, көршіге азар беру үлкен күнә. Тіпті, көрші көрген азабынан құтылмай немесе кешірмейінше азар берген адам жаннатқа кіре алмайды. Анас Ибн Мәлік р.а Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мынадай хадисін келтіреді: «Пенденің қалбы тұра, мекем болмағанша, иманы мекем болмағай, тілі мекем болмағанша қалбы мекем боламағай. Сол үшін мүьмин көршісі, оның азарынан аман болмайынша жәннәтқа кірмейді, - деген. Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай деп ескерткен: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зарар бермесін» (Бұхари).
Әбу Шурейхтен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с): «Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Зиянынан көршісін аман қалдырмаған жан», – деген(Муслим).
Яғни, көршісін өзінің жамандықтарынан, зиянды істерінен сақтай алмаған жан толық иман келтірген болып есептелмейді. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз. Әсіресе қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршінің жағдайына қарайласу қажет. Әнес бин Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес,» – дейді (Әл-Баззар риуаяты).
Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.
Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» (Ниса 36-аят).
Халқымызда: «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Жақсы болсаң көршіңмен, Кем қалмайсың еншіңнен» деген дана сөздер бекерге айтылмаған. Хасан Басрий (р.а.): «Аулаңның (үйіңнің) алды жағынан қырық аула, арқа жақтан қырық аула, оң жағынан қырық аула, сол жағынан қырық ауланың барлығы көрші болып есептеледі»,- деген. Жоғарыда көршімен тату болмаған адам қияметте алдымен сол үшін сұралатынын, көршісі разы болмай, азар берсе сол үшін жауап бермей жаннатқа кіре алмайтыны жайлы мол деректер келтірдік. Көршіге азар берген адамның жақсы амалдары да жойылып кететіні турасында да мол хадистер келтірілді. Сол хадистерден нәр алып, дұрыс жолға түсейік.
материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,
ummet.kz