29
Жұма,
Наурыз

һижри

Пайғамбарлыққа дейінгі ғұмыр

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Адамзаттың асылы (с.а.с.) (милади жыл санауы бойынша) 571 жылы, Рәбиул-әууәл айының дүйсенбіге қараған он екінші түні Меккеде дүниеге келді. Ол уақыттарда «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған еді. Атасы Абдулмутталиб немересінің атын «Мұхаммед» деп қойған себебін «Аллаһтың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым» деп түсіндірген.

Әкесі Абдуллаһ әлдебір сауда сапарында жүріп, көз жұмады. Бұл кезде хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дүние есігін әлі ашпаған болатын. Тумай жатып әкесінен айрылған Мұхаммед (с.а.с.) төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің басына ертіп апару үшін Мәдинаға аттанады. Нәжжарұлдары жағынан туыстарымен танысып қайтқан осы сапарында қайтар жолында «Әбуа» деген жерде анасы Әмина аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Сапарға бірге шыққан Үммү Әйман ата-анасынан тұлдыр жетім қалған баланы Меккеге әкеліп, атасының қолына табыс етеді.

Алты жасынан сегіз жасына дейін атасы Абдулмұтталибтің қолында өсті. Атасы қайтқанда, марқұмның өсиетімен әкесінің бауыры Әбу Тәліптің қарамағына берілді.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) он екі жасқа толғанда, саудамен айналысатын көкесі Әбу Тәліптің бір жағына шығысып, Сирияға бірге сапар шегеді. Алайда, олар Бусра деген жерден кері оралуға мәжбүр болады. Өйткені жолда Бахира атты монахқа жолыққан еді. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) бойынан соңғы пайғамбардың белгілерін байқаған Бахира Әбу Тәліпке кері қайтуға кеңес береді. Себебі балаға яһудилердің зияны тие ме деп қорыққанын жасырмайды.

Бала кезінде бірде Мекке маңында Әбу Тәліптің қойын бағып жүріп жергілікті халықтың тойына бармақшы болғанында, жолда ұйықтап қалып, той тарқаған соң бір-ақ оянғанын айтқан. Өмірінде кездескен осындай бірқатар оқиғалар Аллаһ тағаланың оны кішкене кезінен күнәдан сақтаған исмет сипатын аңғартып тұр. 

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) 591 жылы жиырма жасқа толғанда «Хилфул-Фудул» қоғамына мүше болып кіреді. Бұл қоғам Меккеде озбырлық болмауын қадағалап, біреудің біреуге әлімжеттік жасауына жол бермейтін. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарлық келгеннен кейінгі жылдарда сол кезді «Қазір де сол ұйым өздеріне шақырса, бас тартпас едім» деп еске алған.

Жиырма бес жасында Меккедегі дәулетті Хадиша есімді әйелдің сауда керуенін басқарады. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) адалдығы мен ұқыптылығына тәнті болған Хадиша оны ұнатып, үйленуге ұсыныс білдіреді. Нәтижеде Аллаһ елшісі (с.а.с.) жиырма бес жасында Хадиша анамызбен отау құрады. Хадиша анамызбен жұп жарастырған бақытты шаңырақтарында екі ұл, төрт қыз сүйеді (үшінші ұлы Ибраһим басқа зайыбынан дүниеге келген). Ұлдары: Қасым, Абдуллаһ, Ибраһим; қыздары: Зейнеп, Руқаия, Үммі гүлсім және Фатима.

Хадиша анамызбен тату-тәтті өмір сүрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол бақилық болғаннан кейін де өле-өлгенше оның Ислам дініне жасаған қолдауын, басқа да жақсылықтарын ұмытпаған.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) жастайынан ел ішінде көркем қасиеттерімен танылған еді. Халық оның шыншылдығы мен сенімділігін ескеріп, «әл-Әмин» (сенімді) деп құрметтейтін.

Оны мыны бір оқиғадан байқауға болады. Меккедегі қасиетті Қағбаның қабырғалары ұзақ уақыт күтім көрмей, жауын-шашын, жел құздан жер болып мүжіліп біткен-ді.

Осыған байланысты Қағбаны жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Әр рудың адамдары бұл іске білек сыбана кіріседі. Алайда қасиетті қара тасты (Хажарул-әсуәд) тұғырына қондыруға келгенде, рулар арасында талас туды. Әр ру оны өз қолымен қойғысы келді. Бұның соңы қақтығысқа, жаға жыртысар жанжалға ұласу қаупі туындағандықтан, тығырықтан шығар жолды Құрайыштың ең жасы үлкен қариясы Әбу Үмәйя ибн Мұғира көрсетеді:

–    Қаласаңыздар, бұның төрелігін ертең Сафа қақпасынан бірінші болып аттаған кісіге қалдырайық.

Бәрі осыны құп көрді.

Ертесі күні Аллаһтың қалауымен қақпадан алғаш болып хазірет Мұхаммед (с.а.с.) кірді. Халық басқаның емес өздері «әл-Әмин» деп атаған шыншылдығымен аты шыққан кісінің келгеніне айрықша қуанып, оның төрелігіне жүгінеді.

 

Талас-тартыстың неден туындағанын түсіндіргенде, хазірет Мұхаммед (с.а.с.) көп ойланып жатпастан мата сұратты. Қара тасты соның үстіне қойдырып, әрбір рудан бір кісі ортаға шығарып, матаның пұшпағынан ұстатып, тиісті жерге жеткізгеннен кейін, қара тасты Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз қолымен орнына қойды. Оның бұл тапқырлығына бәрі тәнті болды. Осылайша талас-тартысқа соңғы нүкте қойылды. Бұл кезде хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) жасы отыз бесте болатын.

Бөлісу: