20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Күмәнсіз куәлік келтірді

Ислам жұлдыздары

Хазреті Әбу Бәкір (р.ғ.) сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Әбу Бәкірдің Йемен сапарынан жаңа келген беті болатын. Әбу Жәһил бастап, Уқба ибн Әби Муайт қостап құрайыштың құзырлы қариялары оған сәлем бермекке келеді. Амандық-саулықтан соң Хазіреті Әбу Бәкір: “Мен жоқта нендей оқиғалар болды? Ел аман, жұрт тыныш па? Айта отырыңдар”, – деді.

Ақсақалдар: “Ей, Әбу Бәкір! Ел ішінде бүлік шықты, бұрын-соңды мұндай сұмдықты кім естіген ” дей келе “Әлгі Әбу Тәліп ақсақалдың қолында өскен жетім Мұхаммед деген бар емес пе еді, сол өзін пайғамбармын деп жариялаған көрінеді. Біз оны естіп жағамызды ұстап, не де болса сенің келуіңді тосайық дедік. Досыңа өзің барып, мән-жайды анықтап, ақылға шақырмасаң болмас”, – деп жамыраса шуласты.

Хазіреті Әбу Бәкір айтылғандарды мұқият тыңдап алған соң бірден хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үйін бетке алды.

“Уа достым! Пайғамбармын дегенің, қауымыңнан бөлініп, ата-бабаңның дініне қарсы шыққаның рас па? ” – деп сұрады келген бойда.

Ардақты Пайғамбарымыз құлын тайдай тебісіп, кішкентайынан бірге өскен досы Әбу Бәкірдің айтқандарын күлімсірей отырып тыңдады да: “Ей, Әбу Бәкір! Жаңсақ емес, естігендеріңнің бәрі дәп солай. Мен саған және жалпы адамзатқа жіберілген Алланың елшісімін. Халқымды бір Аллаға сенуге шақырамын. Сен де куәлік айт, иманға кел!”, – деді.

Хазіреті Әбу Бәкірдің көңілі алабұртып, санасын сан сұраулар шырмап, аласапыран күйге енді. Бұл сөздерді бала күнінен асыр салып бірге өскен, жанындай сүйетін, өмір-жалғанда ойнап та болса шындыққа қайшы сөз айтпаған Мұхаммед Әминнің өз аузынан естіген ол, сол мезетте күмән келтірместен: “Әшһәду әллә иләәһә иллаллаh уә әшһәду әннә Мұхаммадар-расулаллаһ” деп кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман болды.

Хазіреті Әбу Бәкірді Ислам ақиқаттарына шақырғанда титтей де наразылық көрсетпеуін Расулаллаһ ылғи да былайша еске алған: “Әбу Бәкірден басқалардың бәрі иманға кел дегенімде сәл де болса, күмән келтіріп кібіртіктеп қалған еді. Ал, ол болса еш ойланбастан менің сөзімді қабыл етті!”

Ардақты досының мүминдер қатарынан орын алуы хазіреті Мұхаммедке қанат бітіргендей. Хазіреті Айша анамыздың бұл жайт турасында былай дегені бар: “Алланың нәбиін хазіреті Әбу Бәкірдің мұсылман болуынан артық шаттандырған оқиғаға куә болған емеспін. ”

Исламға мойынсұнған хазіреті Әбу Бәкірдің бұған дейін көрген, әрдайым есінен шықпай жүрген бір түсі де өңіне айналды.

Көптен бері нұрды аңсап, асыға күткен Әбу Бәкір (р.ғ.) онсыз да кемеліне келген көңілі мен жүрегін айқара ашып, иләһи мейірімнің шуағына бөленді. Өмірін ақиқат жолға арнаған Әбу Бәкір үнемі Алла елшісінің (с.ғ.с.)  қасынан табыла білді. Алладан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген жатқан әрбір иләһи уахиларды жүрегіне орнықтырып, халыққа жеткізуде сөзі мен ісі сай жанашыр жанға айналды.

 Ummet.kz 

Бөлісу: