Хазіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) мұсылман болудан бұрын да өз заманының ең ауқаттылары қатарынан болатын. Тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, мұсылман болған кезде 40 000 дирхамға иелік еткен. Дегенмен, Әбу Бәкір (р.ғ.) байлыққа мастанып, ешқашан асқақтамаған ардақты жан.
Ол бүкіл жиған-терген байлығын кеңпейілді жомарттығымен Алла жолында жұмсай білген. Сол бір кез құлдық дәуір еді. Кейбір құлдықта жүргендер исламды қабылдап, бірінен соң бірі ақиқатты тауып жатты. Құлының мұсылман болғанын ұнатпаған мүшрік қожайындар оларға азап көрсетуден шаршамайтын. Міне, сондай әлсіз мұсылмандарды хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мүшріктерден сатып алып, азат еткен. Солардың кейбірі мыналар: Хазіреті Биләл, Амир бин Фухайра, Зунайра, Амир бин Муаммалдың күңі Үммі Убайс.
Жомарттығы соншалық, тіпті, бүкіл дәулетін Алла жолында жұмсауға дейін баратын. Бұл жайлы хазреті Омар (р.ғ.) былай дейді:
«Исламның кең таралуы үшін Алла Елшісі (с.ғ.с) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі. Ішімнен: «Бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба?» дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла Елшісіне (с.ғ.с.) әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым» дедім.
Біраздан кейін Әбу Бәкір (р.ғ.) келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулаллаһ (с.ғ.с.) одан “Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?” – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Алла мен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен Әбу Бәкірден ешқашан да оза алмаспын» деп түйдім.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкірдің жомарттығы мен жанқиярлығын үнемі жоғары бағалаған және былай деген: «Маған дүние-мүлкі мен сұхбаттасуы жағынан адамдардың ең жомарты Әбу Бәкір».
Меккенің байларынан болған Әбу Бәкір ислам халифасы болғанына қарамастан дүниесін елге жұмсай білді. Мына дүниенің пайдасын емес, сонау ақыреттің қамын жеді. Алпыс үш жасында дүние салды. Екі жылдан аса уақыт халифа болған Әбу Бәкірдің (р.ғ.) артында бір саумал түйе, бір қызметші және ішінде сүт сауылатын бір ыдыс қана қалған көрінеді. Мұның өзі жомарттықта алдына жан салмаған ардақты тұлға екенін көрсетеді.
Ummet.kz