28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Бостан ДЖЕМИЛОГЛҰ: «Басынан бағы, ханынан тағы тайған ел»

Мақалалар
Жарнама

Бостан ДЖЕМИЛОГЛҰ, Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы:

«Басынан бағы, ханынан тағы тайған ел»

Сирияда соғыс басталғаннан бері 500 000-нан аса жан мерт болды. Оның көбі – бүлдіршіндер. Интернет, телеарналардан шекара асып қашқандарды көріп аяғандай боламыз. Ал, сіздер дәл қазір от пен оқтың ортасында қашан өлем деп ажалын күтіп жатқандар туралы бейхабарсыздар. Нағыз аянышты жандардың басым бөлігі сол жерде. Себебі, оларды камераға немесе фотоға түсіріп алдарыңызға ұсынбағасын білмейсіз. Отанын тастап қашуға шамасы жетпей, қиналып жатқан кемпір-шалдардың жүгірмек түгілі жүруге мүкіндігі жоқ. Кеткендерге қызығып, көзбен шығарып салған жандар да бар. Еңбектеп болса да қашып құтылғаныма шүкір деп, 5 миллионы сыртта тентіреп жүр.

Себебі, жан керек. Мәселен, көрші үй түгілі көрші ауылдан мылтықтың дауысы шықса, қорыққаныңнан дамбалыңмен далаға шығып кеткеніңді байқамай қаласың... Өйткені, өзіңді ойламасаң да, үйдегі бала-шағамды қорғап қалайын деп қамданасың. Ал, елестетіп көріңізші, көрші ауыл емес, қару асынған адам аулаңда жүр. Қасқыр аңдыған аңшы секілді. Айналаңның бәрі қаңғыған оқ, бітпейтін жарылыс. Дәл осындай жағдайда телевизор қарап, телефон шұқылап немесе шәй ішіп отыра аласыз ба?!

Ол жақта не соғыс өзі деп жөн сұрағандарға мен үшін шынымен де жауап беру қиын. Себебі, қазір Сирияда оннан аса қаруланған ұйым бар. Бәрі бір-бірімен соғысып жатыр. Сырттағы халықтың бір білетіні Башар Асадтың әскері оған қарсы оппазициялық топ. Одан қалды Әл Нусра дейді. Сосын, Ислам атын жамылған террорлық ұйым. Ал, бұлардан бөлек, ешкімді мойындамайтын өздеріне жеке мемлекет жариялап алған, тек баскесерден құралған 6-7 лаңкестік ұйым бар. Демек, бүгінгі шам елінің жері онға бөлініп кеткен. Бұлардың барлығы бірнеше елдің ойыншылары екені анық. Әрине, басында қарапайым халықтың арасынан шыққан жәй біреулер болуы мүмкін. Бірақ, кейіннен бәзбіреулердің қол шоқпарына айналды. Оған дәлел қаншама қару жеткізіліп жатыр. Яғни, қолдаушы, демеушісі бар екені анық. Осылардың ішінде күн сайын күшейіп бара жатқан Ислам атын жамылған террорлық ұйым. Ол өте қауіпті. Бұлар тек Сирия ішінде ғана емес, тыңшы дейміз бе, сырттағы бүлікке дайындалып жатқандары да жоқ емес. Тас талқаны шығып жатқан Сирияны ортаға алып, жан-жаққа тартатын, алып күштер отыр. Мәселен, Ресей мен Иран біз Башар Асадқа барынша қол созуға әзірміз деп танк, қару-жарақ беруде. Тіпті, соғысқа дайындайтын әккі әскерлерін жіберді. Асадтың адамдарына ұрысты үйретсін деген мақсатпен. Ал, Башар Асадты орнынан алмай тыныштық бермейміз деп АҚШ, Германия, секілді Еуропа елдері жұдырығын түйіп, ашық түрде әуеден оқ жаудыруда. Бұл енді алыптардың ойыны. Өйткен, Ресей мен Иран Асад кетсе батыс пен АҚШ жайғасады дейді. Ал, АҚШ пен батыс та дәл осылай Ресей мен Ираннан күдіктенеді. Өкінішке қарай, ортада қаншама қара халықтың өмірі быт-шыт болды.

Қашан бітуі мүмкін? Жалпы, Сирияның мемлекет ретінде болашағы қандай деген сұрағыңызға жауап беру өте қиын. Бұл сұраққакөптеген сарапшылардың пікірі мынадай. Сирия тістегеннің аузында кеткен елге айналды. Болашағы бұлыңғыр. Себебі, біріншіден, тұрақтылық қашты. Екіншіден, халықтың қолында ештеңе жоқ. Үй-күйі күлге айналып, дымсыз қалды. Далада жатсам да тыныш жер болса екен деп, өзге елді аңсап отыр. Ертеңге деген үміті өшті. Ол рас. Өйткені, бұл соғыс ең азы 15 жылға созылады. Елестетіп көріңіз. Қазіргі Сириядан не қалуы мүмкін... Үшіншіден, Башар Асад орнын босатса, бейбіт заман орнай қояды деген өтірік. Қазір кетсе де, бұл майдан жылдарға жалғасады. Себебі, жоғарыда атап өткен 10-нан аса террорлық ұйым бар. Олардың таққа таласы ешқашан бітпейді. Бітірмейді.

Ал, осындай қантөгіске қалай тап болды десеңіз. Барлығы әуелде жәй ғана наразылық шарасынан, одан соң топтасқан түрдегі ереуілден басталған. Тұтанған шоқ секілді көтеріліс, билікке қарсы шығумен жалғасын тауып, оппазиция қолына қару алды. Дұрысы, осы сәтті күткен сырт күштер қару алғызып, айдап салды. Міне, содан бері қанша жыл өтті. Атыс-шабыс, өрт, жарылыс. Тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан, сәулеті таңқалдыратын кезінде қандай мемлекет еді. Бірнеше мәдениет пен дін тоғысқан шам елі шашылып қалған сарайға айналды. Әттең ай, дейміз!!! Халқы басында осыны ойласа ғой... Береке, бақыт, жақсы өмір көтерліспен немесе қарулы қақтығыспен келмейтінін. Егер, қарумен мәселе шешілетін болса, Ирак, Ливия, Мысыр, Тунис елдері қазіргі күні жайнап отырмай ма?!

P.S. Рас, соғыс - бала, қария, ана, қыз деп қарамайды.

Егер, бәзбіреулер билікке тас атып, бүлік шығуына түрткі болмағанда бүлдіршіндер дәл бүгінгідей теңіздің балығына жем болмай, өзгенің есігін сығаламай, алақан жайып, қайыр тілемей, Еуропаның камера ұстаған қатынынан еркек басымен таяқ жемей, анасы қайықта, баласы жағада қалмай, ағайынды егіз сыңарынан ажырамай, қаусыраған қарттар жалаң аяқ құрлық аспайтын еді ғой... Тыныштық қадірін білгесін шығар, бұрыңғылар «қайғысыз болсақ қара су мен қара нанға да семіреміз» дегені.

 

Жазып алған: Самат СҮЛЕЙ, 

«Астана» телеарнасының Түркиядағы тілшісі

Бөлісу: