22
Жұма,
Қараша

һижри

Имам Матуридидің Жаратушыны мойындамаушыларға жауабы

Ақида
Жарнама

Имам Матуриди (р.а) Жаратушыны жоқ деушілерді сынаққа алған. Жаратуының бар екенін төмендегідей дәлелдейді.

Екінші дәлел: әлемнің жаратылыс екендігі;

Имам Матуриди былай деді: «Егер әлем өздігінен бар болса (егер әлем өзін-өзі жаратқан болса), онда ол белгілі бір уақытқа, белгілі бір күйге немесе белгілі бір сипатқа шектелмес еді. Алайда оның түрлі уақытта, түрлі күйде және  түрлі сипатта көрініс табуы оның өздігінен болмағандығын (өзін-өзі жаратпағандығын) нақтылайды.»

Бұл дәлелдің түйіні мынау: жалпы бұл әлемнің ішінде топталған және бөлшектенген нәрселер бар. Демек бұл топталған нәрселерді топтап, бөлшектенгендерді бөлшектеуші біреу болуы керек. Себебі топталу мен бөлшектену жаратылыс бөлшектеріне қатысты тең ұғым. Сонымен қатар, бұл әлемнің басқа уақыттармен емес дәл осы уақытпен шектелуі, басқа сипаттарды қабылдау мүмкіндігі бола тұра тек осы сипаттармен ғана сипатталуы, оның (әлемнің) мүмкіндіктерін ысырып, дәл осы уақыт пен сипаттарды тағайындаған тағайындаушының бар екенін көрсетеді.

Имам Абу Муъин Насафи де ұстазы Матуридидің осы дәлеліне еріп былай деді: «Себебі әлем бұл пішіні мен құрылысынан басқаша суреттеле алады: қазіргі болмысынан әрі үлкен, әрі көркем етіп елестетсе болады немесе бұл халінен де нашар деп суреттеуге болады. Демек, не үлкен, не кіші, не әдемірек, не нашарлау болуы арасында дәл осы күйімен ерекшеленуі оның дәл осы күйімен ерекшелеген ерекшелеушісінің болғанын көрсетеді.»

Бұл дәлелде ашғари мазхабының ғалымы Исфираини де Имам Матуридиге үндес болып былай айтқан: «Әрбір тіршілікті жаратушы жаратқан; себебі денелер ұқсас болмыстарымен өз-өзін жарататын болса онда оның сипаты, уақыты, күйі және орны да бірдей болатын еді. Алайда ол  сан-алуан. Демек оны ерекшелейтін ерекшелеуші бар, ол алдын пайда болғандарды алдын жасап, кейінгі жасалғандарды кешіктірген, және де барша өзіндік ерекшелігі бар нәрселерді сол ерекшелігімен ерекшелеген. Егер ол болмаса сипаттардың ешбірі өзгесінен өзгеше болмас еді.» 

Осылайша Имам Матуриди Жаратушының бар екенін дәлелдеу үшін кәлам ғалымдарының әдісін қолданған. Ол дәлел екі бөліктен тұрады. Біріншісі (муқаддима суғра): «әлем жаратылған нәрсе». Ал екінші бөлігі (Муқаддима кубра): «әрбір жаратылған нәрсенің міндетті түрде жаратушысы болады».Бұл дәлелдің екінші бөлігі «әрбір жаратылған нәрсенің міндетті түрде жаратушысы болады» дегені айқын дәлел. Ол өз алдына дәлелді талап етпейді, алайда ескерту үшін қолданылады. Ал бірінші бөлім «әлем жаратылған нәрсе» дегені болса дәлелді қажет етеді.Белгілі болғандай, әлем заттардан және ғарадтан (заттың сипаты, әрекеті, пішіні т.б.) тұрады. Егер әлемнің жаратылыс екенін көрсеткіміз келсе оның бөліктерінің, яғни заттары мен ғарадтарының жаратылған екенін дәлелдесек жеткілікті. Ал Имам Матуриди болса осыны іс жүзінде іске асырған.

Жалғасы бар...

(Материал «Әл-Уасит фи ъақаид әл-Имам әл-Матуриди» кітабынан аударылған) 

Ummet.kz

Бөлісу: