22
Жұма,
Қараша

һижри

Иманды күшейту ихсанға жетелейді

Иман келтіру

Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,-деп басталатын өлеңінде:


«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір имаңды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол...», -деп үйретеді.


Әрі қарай Абай атамыз:
«...Амәнту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?..»,-деп жалғастырады.
Амәнтудың мағынасы — Алла Тағалаға сену, Алланың бар және бір екендігіне, Одан басқа жаратушы жоқтығына, барлық нәрсені жоқтан жаратқанына, жүрекпен сену, қабыл ету деген сөз. Ғаламға рахмет етіп жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам (с.ғ.с) арқылы жіберген дінін толығымен қабылдау, ұнату керектігін білдіреді.


Бір аят Құран Кәрімде былай бұйырылған:«Алла Тағалаға және умми нәбиі болған расулына иман келтіріңдер!» («Ағраф» 158)
Иман келтірген мүмин өзінің иманын күшейту үшін ең алдымен діни тәжірибесін (кітаптар оқу, тәсбих тарту, ораза тұту, нәпіл намаздар оқу) – жақсартады, сонымен қатар иманды күшейтуді мұсылман адам өзі мен Алланың арасындағы қатынасты нығайтумен бастайды. Яғни, тілімізді кәлимаға келтіріп, мұсылман болумен, Алладан басқа күш те, Тәңір де жоқ екенін және Оның барлық көркем есімдері мен сипаттарын мойындаумен, барлық істі тек Оған ғана тапсырып, Одан ғана көмек сұраумен қатар, Оған ғана шүкіршілік ете білуі керек.
Себебі, Аллаға деген махаббат – мұсылманның бұл дүниедегі ең маңызды сипаты.

Иманды күшейту дегеніміз – Алла Тағаламен байланысты күшейту деген сөз. Иманды күшейту мүминді ихсанға жетелейді.
Әлбетте, Жаратушымен байланыс жасау толассыз нәпіл намаздар оқып, үзбей ораза ұстаумен ғана өлшенбейді.
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Пәлен деген әйел күн ұзаққа ораза ұстайды, түні бойы құлшылық етеді. Бірақ көршілеріне жәбір көрсетеді», - дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Ол отта жанады», - деп өкініш білдірген екен.


Немесе басқа хадисте келтірілгендей: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында құр шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайда жоқ. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ, онысымен ұйқысыздықтан басқа ешқандай табыс таппайды»[1].
Бұнан біз иманды күшейту үшін жақсы амалдар жасау аздық ететінін ұғамыз. Демек, иманды күшейтуді ең басты нәрсе – жүректен бастау керек. Себебі, хадистерде келтірілгендей, иманның мекені жүрек болып табылады.

Хазіреті Әли: «Иманды жүрек ақ нүкте секілді көрінеді. Құл жақсы амал істегенде сол нүкте кеңейіп, дамып бүкіл жүректі жайлайды. Ал жамандықта болса қараяды. Арамдықты істегенде сол қара дақ үлкейе бастайды, сосын жүрек қарайып, оған мөр басылады»,-депті. Жалпы ғұламалар: «Алланы бірінші орынға қой, содан кейін ғана әр іс өз орнын табады»,- деген тамаша өсиет айтқанын жадымызда берік сақтауымыз керек. Сол сияқты, өмірімдегі ең маңызды қарым-қатынас – менің Жаратқан Аллаға деген қарым-қатынасым десеңіз, дінді дүниелік мақсатта емес, ақыреттік игі амалдар үшін қолдана бастайсыз. Сол кезде ғана дүниелік істер Алладан кейінгі екінші орынға қала береді.

Аллаға деген махаббатыңыз, Ол туралы ойларыңыз мекен мен мезгіл таңдамауы тиіс. Аллаға құлшылық жасау үшін Сіздің ерік-жігеріңіз керек емес, Сіздің Оған деген жүректегі махаббатыңыз керек. Сахабалардың көпшілігі құлшылық жасайтын кезде «осылай жасау керек», «осылай дұрыс» деген оймен емес, Аллаға деген ыстық махаббатпен, құрметпен, иманның мекені болған – жүрекпен орындайтын еді.

Иманды күшейтуді белгілі бір істен де бастауға болады. Мысалы, дұғалар оқу, жақсы амалдар жасау, т.б. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, иман денемен (тәнмен) емес, жүрекпен жасалады.


Адамның тәні жүректің көмекшісі сияқты қызмет атқарады. Сондықтан, иманды күшейту жолында жетістікке жеткіміз келсе, негізгі түбірі – ниетті дұрыстауымыз керек екен. Сол кезде ғана дұғаларамыз қабыл, әр ісіміз берекелі, мінеміз көркем, сабырымыз өктем бола түседі. Бірақ, бірден емес. Өйткені бұл ұзақ процесс. Ниетті түзеуде өте үлкен сабырлылық пен ұқыптылық керек. Және бұл үшін қандай да бір делдалдың қажеті жоқ. Себебі, «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз»[2].
Алла баршамыздың иманымызды күшейтііп, ықылас-ниетімізді ихсан дәрежесіне жеткізсін!

Пайдаланған әдебиеттер:


[1] Ибн Мәжа, Хәким
[2] «Қаф» сүресі, 16-аят

Нариман Исенов,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: