22
Жұма,
Қараша

һижри

Тағдырға сену деген не?

Тағдырға сену деген не?

Иман келтіру

Тағдырға иман келтіру, яғни тағдырға сену – иман шарттарының бірі.

Тағдырға иман келтіру дегеніміз – барлық жақсылық та, жамандық та Алла тарапынан екендігіне сену, анық илану, барлық нәрселер Алланың ғана қалауымен жүзеге асатынына зәредей де шәк келтірмеу.

Алла Тағала бұл туралы Құранда былай деген: «Алланың аспан мен жердегінің барлығын білетінін сен білмейсің бе? Ақиқатында бұл - Кітапта бар. Шын мәнінде бұл - Аллаға жеңіл» («Хаж» сүресі, 70-аят).

«Сондай-ақ, Ол әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» («Фұрқан» сүресі, 2-аят)

Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Құранда Алла Тағала:

«Алла олардың істегендерінің бәрін толық біледі» («Нұр» сүресі, 41-аят);

«Алла олардың өткенін, келешегін біледі. Өзгелер оны толық білмейді» («Та Һа» сүресі, 110-аят), - деген.

Яғни, әлемдегі болып кеткен, болып жатқан және болатын барлық нәрсе Алланың тағдыры мен қалауына сәйкес жүзеге асады. Ешқандай тіршілік иесі Алланың Ләуһу Махфузында (кітабында) жазылған тағдырының шеңберінен тыс әрекет ете алмайды.

Әбу Дәуд келтірген хадисте сахабалардың бірі Убаданың (р.а) баласына былай дегені айтылады:

«Балам, тағдырға иман келтірмейінше сен еш уақытта діннің (тәтті) дәмін тата алмайсың. Мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Алланың ең бірінші жаратқаны қалам болды. Сосын Ол оған: «Жаз!» - деп әмір берді. Қалам: «Не жазайын?» - деп сұрады. Алла Тағала: «Ақырет күніне дейін бәрін жаз», - деді»

Балам, мен сондай-ақ Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осындай сеніммен (яғни тағдырға иман келтірумен) өлмесе, ол менен емес», - дегенін естідім, - деген.

Тағдыр - негізі біз үшін ғайып нәрсе. Оны адам баласы зерттеп түбіне жете алмайды. Сондықтан тағдырға иман келтіру мәселесінде мұсылман баласы үшін екі нәрсе ауадай қажет. Олар:

1. Болған іске өкінбеу, яғни ол болды, оның болмай қалуы мүмкін емес еді.

2. Болашақ үшін уайымдамау. Яғни болатын нәрсе сен қаласаң да, қаламасаң да болады. Алла қаласа, мүмкін емес нәрсе де жүзеге асады.

Міне, осы екеуін жақсы түсінген адам адасушылыққа, қателікке ұрынбайды, жүрегі тыныштықта болады.

«Кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады»,- делінген Исламда. Дәл сол сияқты өлім де - Алланың тағдыры. Біз одан қанша қашсақ та құтыла алмаймыз. Тұз қанша ащы болса да, тамақтың дәмін кіргізетіні сиякты, өлім қанша ащы болса да, өмірдің мәнін кіргізеді. Себебі өлімін ойлаған адам Алланың алдына баратын күнге дайындық жасай бастайды. Құлшылығын сайлап, өзін есепке алады. "Өлімнің барын білмеген өмірдің мәнін түсінбес" деген бабаларымыз.

материал «Тағдырға иман» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: