19
Жұма,
Сәуір

һижри

Иманның сахих (қабыл) болу шарттары

Иманның сахих (қабыл) болу шарттары

Иман келтіру

Екі дүниенің де бақыты – иманнан. Бірақ та осы иманымыздың Алланың назарында қабыл болуы және болмауы біздің ниетімізге байланысты. Сонымен қатар иманның қабыл болуы үшін кейбір жайттарға баса назар аударған жөн.

Әйтпесе, ақыреттегі өмірде барар жеріміз тозақ болуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, иман еткенде оның шынайылығын, яғни дұрыс, толық болуы мен болмауына мән бермегендіктен, Алла Тағаланың өлшемінде иман етпегендермен бір деңгейде боламыз. Сондықтаниманның сахих болуы үшін мынадай жайттарға баса назар аудару керек:


1) Иманда үмітсіздік болмауы керек. Иманға келмеген қандай да бір кісі соңғы демінде немесе жан алқымына келгенде иман етсе, иманы жарамсыз болады. Өйткені бұл шарасыздықтан, Алладан және өлімнен қорыққандықтан иман етіп отыр. Ислам мұндай иманды қабыл етпейді. Исламның біздерден талап ететін иманы ғайыпқа сену және бұл иман үмітсіздік пен қысылтаяң сәтке ұшырамай тұрғанда болуы керек. Себебі, Аллаға сенбейтіндер жан алқымға келгенде Алланың ұлылығы мен азаптың хақ екендігін көреді. Бұл жайында аятта: «Ал енді азабымызды көргенде: «Жалғыз ғана Аллаға сендік. Сондай-ақ Оған ортақ қосқан нәрселерімізге қарсы келдік», - дейді. Бірақ азабымызды көргендегі сенімдері оларға пайда бермейді. Өйткені Алланың құлдарына байланысты болып келе жатқан жолы осы. Бұл жерде кәпірлер зиян көреді» (40.Ғафыр, 84–85) – дейді. Мұнымен қатар, күн батыстан шыққан кездегі еткен иман да қабыл болмайды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақырзаманның 10 белгісін айқындап, осылар болмайынша тіршілік тоқтамайды дейді. Сол 10 белгінің бірі күннің батқан жерінен шығуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «...Күнбатыстан шыққан кезде адамдар бұны көріп жаппай иман етеді. Бірақ ол кезде олардың иманы оларға пайда бермейді. Өйткені олар бұрын иман етпеген немесе олар иманында хайыр таппаған еді» (Бухари, Фитән-2198)56 – деп, түсіндірген.


2) Мумин кісі ислам дінінің әкелген нақты үкімдерімен бекітілген заңдылықтарының ешбірін жоққа шығармау керек. Мұсылман кісі иман еткен соң діннің парыздарын парыз деп, харамдарын харам деп біліп, иман негіздеріне толығымен сенуі қажет. Діннің парыз еткен қандайда бір амалына сенбеу адамды діннен шығарады, әрі имансыз етеді. Себебі, пенде иман еткен соң діннің ешбір нәрсесін жоққа шығармауы қажет. Айталық Құранның қандай да бір аятына емес, сөзіне сенбеудің өзі діннен шығу деген сөз. Яғни, діни әмір мен тыйымдардың біреуіне сеніп, біреуіне сенбеу де адамды иманнан шығарады. Мысалы бір адам: «Мен Құранға сенемін, бірақ ондағы зинаға немесе ішімдік мәселесіне қосылмаймын», - десе, ол кісі имансыз есебінде болады. Аятта бұл жөнінде: «Сендер кітаптың кейіне сеніп, кейіне қарсы келесіңдер ме?» (2.Бақара-85) – дейді. Біздер иман еткен кезде пайғамбарлардың бәріне сенеміз деп иман етеміз. Алайда соңғы пайғамбар болған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға сенбейтіндер де бар. Міне, олар Құран тілімен айтқанда имансыз, кәпір болады: «Шәксіз сондай Аллаға, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар Алла пен пайғамбарларының арасын айыруды қалайды. Олар пайғамбарлардың кейіне сенеміз, кейіне қарсы келеміз дейді. Сөйтіп олар екі ортадан жол табуды қалайды. Міне олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қор болатын азап дайындалған» (4.Ниса, 150-151).

3) Иман әр түрлі күмәннан арылуы тиіс. Пенде иман негіздерімен сенуі керек болған діни әмір мен тыйымдардың қандай да біреуі жайында күмәнданбау керек. Мысалы, шынымен-ақ ақыретте адамдар осы тәнімен тіріліп есеп береді ме, Алла жалғыз ба екен деп күмәндану иманнан шығуға себеп болады. Сондай-ақ исламда уақытша иман ету деген нәрсе болмайды. Адам иман еткен соң соңғы деміне дейін сол иманын берік етіп ұстай білуі тиіс. Болмашы нәрсеге, мәселеге бола күмәнданбастан, алған бетінен қайтпау мұсылманның сипаты екендігін мына аят баян етеді: «Шын мәнінде сондай Аллаға, Елшісіне иман келтірген муминдер сосын күдіктенбей, Аллаһ жолына малдары әрі жандарымен соғысты. Міне солар шыншылдар» (49.Хужурат-15). Егер де мұсылман адам қандай да бір мәселе жайында күмәнданса, дереу діни ілімі бар кісіге барып анығын сұрап, шайтанның азғыруына жол бермеу керек.

4) Мумин Алланың рақымынан үмітсіз, азабына бейқам болмауы керек. Яғни, мұсылман адам қорқыныш пен үміт арасында өзін ұстауы тиіс57. Мумин кісі ешуақытта: «Менің иманым бар, өмір бойы құлшылық еттім, енді жәннәтқа барамын», - деп өзіне сенімді де, немесе, керісінше: «Мен өте көп күнә істедім, енді Құдай мені кешірмейді, барар жерім тозақ», - деп Алланың рақымынан үмітін үзбеуі де қажет. Мұндай сезімге берілу мұсылман кісінің иманнан шығуына сеп болады.Сондықтан мұсылман Алла Тағаланың рақымына, кешірімділігіне сенгендей, азабының қатты болатындығына сеніп, үнемі қорқыныш пен үміттің аясында болғаны абзал. Мысалы, періштелерге пәленбай уақыт бойы дәріс берген, тақуалығымен періште дәрежесіне жеткен Ібіліс, Хазіреті Адамға (а.с.) сәжде етпей, өзінің дәрежесі мен амалына, біліміне сенген болатын. Өкінішке қарай, осы тәкәппарлық әрекеті үшін Алланың құзырынан қуылып, мәңгілік тозақта жанатын болды. Бұл да ойлы кісіге үлкен сабақ боларлық оқиға. Құранда бұл жайында төмендегідей тұжырымдар келтіріледі: «Егер Алла адам баласын қылықтары себепті қолға алатын болса, жер бетінде ешбір жәндік қалдырмас еді. Бірақ оларды белгілі бір мерзімге дейін кешіктірді. Қашан олардың мезгілі жетсе, сонда Алла шынында да пенделерін көріп тұрады» (35.Фатыр-45).

«Сондай-ақ Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Өйткені Алланың рахметінен кәпірлер ғана үмітін үзеді» (12.Юнус-87). «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла күнәлардың бәрін жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, өте мейірімді деп айт» (39.Зумәр-53).

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: