15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Өмірдегі ең қиын кәсіп – адамның тәрбиесі

Өмірдегі ең қиын кәсіп – адамның тәрбиесі

Иман келтіру

Өмірдегі ең қиын да күрделі кәсіп - адам баласының тәлім-тәрбиесі. Өйткені, адамның нәпсісі оның өмір жолындағы жолындағы ең үлкен кедергі. Сондықтан да, Алла Тағала адамдарға ең күшті де, ең шебер тәрбиеші ретінде пайғамбарларды жіберген.

Нәпсіні тәрбиелеу өздігінен бола қоймайды. Машақатқа толы. Хазреті Мәуләна мұны оттың үстінде ноқаттың пісірілуіне ұқсатады. Бұл мәселеде ең дұрыс та, ең пайдалы тәрбиені тек аналар ғана бере алмақ. Аналар балаларын шынайылықпен, бар ықыластарымен шикі, қатты ноқатты пісіргендері сияқты пісіріп, тәрбиелейтін болса сонда ғана кемелді тұлға қалыптаспақ. Ол адам баласының өнегелі тәрбиенің арқасында кемелдікке жететіндігін астарлы жолмен былайша түсіндіреді:

«Қазандағы шикі ноқатқа қара! Қайнаған судан жаны күйгені соншалық, шегінен шыққандай, бейнебір иесіне қарсы келгендей жоғарыға қарай секіре бастайды. Ноқат ас әзірлеп жатқан әйелге былай деп үн қатады:

«Неге мені отқа салып жатырсың? Неге менің жанымды күйдіріп, қорлайсың»?

Әйел қазандағы суды сапыра отырып, былай деп жауап береді:

«Жақсылап қайна да, әбден піс. Сонда оттан секіріп қашпайсың Мен сені қорлағанымнан немесе ұнатпағанымнан қайнатып жатқан жоқпын. «Дәмің кіріп, тәтті тамаққа айналғайсың деп сені қайнатып жатырмын. Әйтпесе, сені азапқа салып, қорлап нем бар?!»

Бұл жердегі әңгіме тәрбиелеп жатқан баламызға жалған аяушылық танытып, дұрыс тәлім-тәрбие бере алмайтынымыз жайында. Егер аспаз әйел ноқаттың айтқанына құлақ асқан болса, ол ноқат жеген кезде адамның тісін сындырған болар еді. Буыны қатая қоймаған бала да сол сияқты. Хазреті Мәуләна аспаз әйелдің ноқатқа айтқанын ары қарай былай жалғастырады:

«Ей ноқат! Сен бақшада су іштің және сол жерде өсіп өндің. Міне, сол суларды ішуің мына от үстінде қайнап тұрған қазанға түсуіңе себеп болды. Өйткені, саған ол су осы отқа түсуің үшін берілген еді... Бұл сүйіспеншілік оты сендегі шикілікті (нәпсіқұмарлықты) жою үшін жағылды.

Алланың мейірімі өзінің қаһары мен ашуынан да үстем келеді. Сондықтан, өз пендесін сынау үшін қиындықтарға душар етуі Оның рахымдылығынан. Өйткені, Оның қаһарында жасырын бір сый бар.

Нәпсіні азапқа салмай, нәпсімен күреспей рухани кемелдікке жету және Алланың сүйіспеншілігіне бөлену мүмкін бе?! Алланың жазған тағдыры бойынша басыңа әлдебір қиындық түссе, оның артында жақсылық барын біл, қайғыға салынба! Осы қиындықтардың себебімен дүниеге деген сүйіспеншілігіңді, барлық нәрсеңді Алланың жолында пида етесің! Басыңа түскен қиыншылықтардың артынан Оның сый-құрметін көресің. Сондай-ақ мейірім өзеніне шомылып, күнәлардан, рухани кірлерден арылып, иллаһи сыйға бөленесің. (Өйткені, Алла Тағала «Әлбетте, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Шынында да қиындықтың жанында жеңілдік бар», - деген).

«Ей ноқат! Көктем мезгілінде жер бетіне шықтың, өсіп-өндің. Қазір енді бейнет сенің қонағың болып тұр. Бейнет деген қонағыңа қошемет көрсетіп, сый-сияпат жаса. Оны жақсы күтіп ал. Сөйтіп, ол саған алғысын айтып қайтсын және ақиқат Патшасының алдында сенің көрсеткен қонақжайлығың мен жақсылығыңды тілге тиек етсін.

Соңында саған нығметтің орнына нығметтерді беруші келсін (яғни, Мүсәббибүл-әсбәбқа - себептерді Жаратушыға жет). Сонда дүниедегі барлық нығметтер саған қызығып, құштарлық танытады.

Сүйіктіңнен келген қиындыққа қарсы әсте қабағыңды шытпа! Оны қуанышпен, шаттықпен қарсы ал! Оған «қош келдің» де. Оның төлемі шексіз (мәңгілік жәннат) болмақ».

Уақыт өте келе ноқат та өз айыбын түсініп, әйелге шын көңілімен ағынан жарылып былай дейді:

«Ей, мейірімді ханшайым! Демек, істің мәні осылай екен ғой. Онда мен өз разылығыммен қайнайыншы! Сен де маған жәрдем бергейсің! Бұл қайнауымда сен менің миғражымсың. Мендей түкке тұрмас шәкіртіңді қандай тамаша тәрбиелеп жатырсың! Мен жан-тәніммен саған бойұсындым.

Осылайша, әбден қайнап, нәпсімен күрес арқылы ақиқатқа жеткізер жол табайын. Әйтпесе, адам баласы мына жалғанда бірнәрсеге ие болдым деп (менмендікке салынып) азғындап, түс көрген піл сияқты құтырып кетеді.

Бұл сөздерді есіткен аспаз әйел өткен өмірін ноқатқа былай деп әңгімелеп береді:

«Бұрын мен де өзің секілді жер бетінің қарапайым ғана бір тұрғыны едім. От сияқты күйдіргіш нәпсіммен күресуге кірістім. Нәпсімді тиғанымда көпшіліктің құрметіне бөлендім.

Сен жансыздар әлемінде болған кезіңде саған былай деген едім: «Анау төбеге қарай жүр, жоғарыла, сонда ғана нағыз адамның мәртебесіне жетесің, рухани қасиеттерге бөленесің!» Сенің, бойыңа жан кіргенде, «енді қайнашы!» дедім. Сондай-ақ хайуандықтан өтіп, (нағыз адам мәртебесіне) көтеріл!

Айтылған мына хикметті, терең мағыналы астарлы сөздерді қате түсініп, адасушылыққа түсуден сақтануың үшін бір Аллаға сыйын!»

Атақты ғұлама осылайша ұрпақ тәрбиесінің қалай болатынан астарлы жолмен түсіндіруге тырысқан. Бала тәрбиесіне жауапты аналарды кәміл мүршидтерге, яғни Хақ жолының ұлағатты ұстаздарына теңейді.

Балалар - Алла Тағаланың ата-анаға берген аманаты. Ислам фитраты (жаратылысы) бойынша ата-анаға аманат ретінде берілген балалардың кіршіксіз, пәк жүректері егіншілікке қолайлы құнарлы жер іспетті. Болашақта олардың жабайы тікендей болып, не жайқалған гүлдей болып өсуі, сондай-ақ жемісінің тәтті немесе ащы болуы, әрине, оған себілген тұқымға байланысты.

Күшті мемлекет мықты отбасылардан құралады. Күшті отбасылар болса, рухани тәлім-тәрбие алған, яғни, нәпсі деген асудан аса алған ардақты аналардың арқасында болмақ. Мұның ең тамаша мысалы сахаба әйелдер. Олар балаларына адал еңбек етіп, Алла жолына мал-мүліктерін жұмсауды және жанқиярлықты үйреткен еді. Сондай-ақ, олардың жүректеріне Аллаға, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік дәнін себе алған болатын.

материал «Адам деген жұмбақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: