08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Жүрегіңдегі тасты ерітіп, оны мейірімді етудің жолдары

Жүрегіңдегі тасты ерітіп, оны мейірімді етудің жолдары

Иман келтіру

Қымбатты бауырым! Саған жүрегіңдегі тасты ерітіп, Жаратушы Қожайыныңа нәзік әрі мейірімді жүрекпен баруға көмектесетін бірнеше жолдарды ұсынғалы отырмыз:

1. Алла Тағаланы тану.

Кімде-кім Раббысын шынайы таныса жүрегі мейірімді, ал кім Раббысын есінен шығарса оның жүрегі тас болады. Егер тас жүректі адамға тап болсаңыз оны жоғары мәртебелі Аллаға құлшылық жасаудан мақұрым, еске алудан алшақ деп біліңіз. Пенденің Алланы танымау надандығы артқан сайын, соғұрлым шектен тыс харамға батады. Ал енді Алланың құдіретін үздіксіз ойлайтын, Оның берген есеп-қисабы жоқ нығметіне шүкіршілік ететін болса, онда ол адамның жүрегі соғұрлым мейірімді келеді.

2. Өлімді және одан кейінгі халді қаперінен шығармау.

Қабірдегі сұрақ-жауапты, қараңғылық зұлматты, қабірдің үрейі мен тарлығын және ажалдың сұстылығы мен өлім аузындағы халді ойдан шығармау қажет. Сол сияқты адамдардың мәйітті көмуге келген куәгерлерді, жаназа намазына тұрған мезгілді көз алдына елестетіп тұрудың маңыздылығы пенде сезімін оятып, орнынан тұрғызады. Нәтижеде, жүрек бейқамдылық бодауынан босайды да мейірім құшағына кіріп, Раббысына оралады. Сағид ибн Жубайр (Алла оған рақым етсін): «Егер жүрегім өлімді еске алуды қоятын болса, онда ол маған зұлымдық жасайды ма деп қорқамын», – деген.

3. Қабірді зиярат етіп, ондағылардың ахуалы жайында ой жүгірту. Топырақтың астында жатқан мәйіттердің денесінің не болғаны, олардың кезінде бұл дүниеде қалаған нәрселерін киіп, не ішемін, не жеймін демей ішіп-жеп, рақатқа батып жүргені, олардың ақырында жиған-терген дүниелері мен бала-шағаларын өздерімен алып кете алмай артқа тастап кеткені, енді топырақпен бірге топырақ болғандары турасында ой қорытады. Уақыт өте өзінің де солардың жандарына баратыны жайында есіне алады. Қолындағы малы кезіндегі солардың малы, жүрген жолы кезінде сол адамдардың да жүрген жолы екенін түсінеді.

Қабірді зиярат қылу – бейқам адамдар үшін үгіт-насихат және еске түсіру мен ескерту. Сол себепті де Алланың пайғамбары (с.а.с.): «Сендерді қабірге барудан тыйған едім. Енді оны зиярат етулеріңе рұқсат. Расында, бұл нәрсе жүректі елжіретеді, көзге жас толтырады, Ақыретті еске түсіреді. (Ол жерде) әдепсіз сөз сөйлемеңдер», – деп насихат қылған (әлХаким).

Қабірге және онда жатқан кісілердің ахуалына қарап ой жүгірткен кісінің қатайған жүрегі жібіп мейірімі арта түседі. Алланың құзырына шыншыл әрі бойсұнушы адамның кейпінде барады.

4. Құран Кәрімнің аяттарына назар салу. Құран аяттарын оқып, ондағы Алланың берген уәдесі мен жазалары, әмірі мен тыйым салған үкімдері турасында ойлану қажет. Кім Құранды ықыласпен ойланып отырып оқыса, көздерінің жасаурап, жүрегінің дүрс-дүрс етіп соққанын байқайды. Иманы тереңінен тасып Алламен қауышуды қалайды. Құран оқыған адам немесе Құран аяттарын естіген адам Алладан туған қорқыныштан міндетті түрде жүрегінің соғысы мен тұла бойының дірілін сезінеді.

Алла Құранда бұл турасында: «Алла аяттарды бір-біріне ұқсас, қайталанып отыратын сөздің ең көркемін Кітап түрінде түсірді. Алладан қорыққан (кісілердің) Құраннан түктері үрпиеді. Кейін олардың терілері мен жүректері Алланың зікіріне жібиді. Бұл (Құран) – Алланың тура жолы. Онымен кімді қаласа дұрыс жолға салады. Алла кімді адастырса оған дұрыс жолды сілтеуші табылмайды», – деп айтқан (Зумар, 23).

5. Ақыретті еске алу және Қияметтегі ахуал жайында ой-жүгірту.

Сонымен қатар Алланың бойсұнушылар үшін уәде қылған тұрақты жаннат нығыметтері мен күнәкарларға әзірленген анық от азабы туралы ойлану. Себебі ол бойға үйірілген ұйқыны сергітеді, тұрақтап қалған уайымды қозғайды және әлсіреген шешімдерге қуат береді. Сонда барып оның жүрегі жібиді де Раббысының алдына тәубесіне келген шыншыл құлы ретінде барады.

6. Аллаға көптеген зікір айту және жарылқау тілеу.

Расында да, тас біткен жүректі тек Алланы еске алумен ерітуге болады. Сондықтан пенде қатайған жүрегін Алла Тағаланы зікір қылуымен емдеуі қажет. Бір кісі әл-Басраға келіп: «Уа, Әбу Сағид! Жүрегім тасқа айналып барады», – деп шағымданады.

Хасан оған: «Жүректегі тасты Алланы еске алу арқылы жібіт. Себебі жүректі бейқамдылық басқан сайын соғұрлым тасқа айналады. Егер Алланы зікір қылатын болса, онда қорғасынның отта балқығаны сияқты жүректегі тас та ериді. Жүректің тасын Алланың зікірі еріткені сияқты ешнәрсе ерітпейді», – деп жауап берген.

Ғұламалар: «Жүрек екі нәрсемен: бейқамдылықпен және күнә жасаумен тат басады. Сол сияқты екі нәрсемен: Алланы еске алумен және жарылқау тілеумен тазарады», – деп айтқан.

7. Салихалы кісілермен достасу, араласу, сұхбаттасу және соларға жақын жүру.

Салихалы адам әлсіреген кезіңде қолыңнан ұстап демейді, Алланы ұмытқаныңда есіңе салады, білімсіздікке дұшар болғаныңда жол сілтейді, жоқтықта барын бөліп береді және оны көргеніңде есіңе Алланың аты түсіп құлшылыққа бас ұрасың. Алла Тағала: «(Мұхаммед!) Ертелі-кеш Раббыңның дидарын іздеп жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап, көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ (Біз) жүрегін Бізді есіне алуға немқұрайлы еткен, әуесіне ерген және әрекеті шектен асқан біреулерге бағынба», – деген (Кәһф, 28).

Жағфар ибн Сүлеймен: «Жүрегіме тас түскенін байқасам келесі күні ерте тұрып, Мұхаммед ибн Уасиғқа (салихалы кісінің есімі) барып, оның жүзіне қарайтын едім», – деп айтқан.

8. Нәпсімен күресу, есеп алу және оны жазғыру.

Егер адам баласы өз нәпсісімен күреспесе, есеп алмаса, бойындағы айыптарына көз жұмса және оған бой беретін болса, онда жүрегіндегі дертінің ақиқатын таба алмайды.

Дертінің себебін білмейінше оған қандай дауа қолданады? Сол себепті нәпсінің әлсіздігін, оның жаратушыға деген мұқтаждығын есіне түсіріп, ұйқысынан тұрғызу керек.

Нәпсіге билік айтып, басқаруға жеңіл болуы үшін Алла Тағаланың берген нығметтерін танытып, нәпсінің үнемі бақылауда екенін және әрбір кішілі-үлкен нәрселер үшін есеп беретінін есіне түсіріп тұруы қажет.

Алла Тағаладан бізге тақуа жүректі, Оны үнемі еске алатын тілді нәсіп қылуын сұраймыз. Елшіміз Мұхаммедке және оның жақындары мен достарына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

материал «Жүрек неге тасқа айналады?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: