27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Күнә – басқалардың білуінен қорыққан нәрсең

Күнә – басқалардың білуінен қорыққан нәрсең

Иман келтіру

Нәууас ибн Сәмған (р.а.) былай дейді: «Расулалладан (с.а.с.) ізгілік (бирр) және күнә жайлы сұрадым. Маған былай жауап берді: «Ізгілік (бирр) – көркем мінез. Күнә – жаныңды мазалайтын әрі басқалардың білуінен қорқатын нәрсең».


ТҮСІНДІРМЕ:

1. «Ізгілік» деп аударылған хадис мәтініндегі «бирр» – Құран кәрімнің көптеген аятында орын алған термин. Құранда: «Бирр (Шынайы ізгілік) – жүздеріңді шығысқа немесе батысқа қаратуда емес. Бирр (Шынайы ізгілік) – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, иләһи Кітапқа және пайғамбарларға сену, сондай-ақ (адал жолмен тапқан) мал-мүлкінен – оны қанша жерден жақсы көрсе де – (Алла разылығы үшін) жақын туыстарына, жетімдерге, міскіндерге, елінен жырақта жүрген яки жолда қалған ғаріп жолаушыға, тарыққаннан (қарыз немесе қайыр-садақа) сұрағандарға және азаттыққа қауышқысы келген құлдар мен тұтқындарға беру, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқу, зекетті толық беру, уәделескенде уәдеде тұру, сондай-ақ таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында (шариғат жүктеген міндеттерді мейлінше толық орындауға тырысып) сабырлы һәм табанды болу...»25 – деп айтылған.«Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке (биррге) қол жеткізе алмайсыңдар...»

«...(Өздеріңді Аллаға жақындататын иман, садақа, намаз, сабыр сақтау сынды) Ізгі істерде (биррде), сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар...»


2. Нәуәуи Мүслим жеткізген хадистерге жазған түсіндірмесінде ғұламалардың «бирр» сөзінен мынаны түсінгенін айтады: «Ағайын-туысқа қарайласу, жақсы қарым-қатынас жасау, ізгілік жасау, жақсы өмір сүру, құлшылық жасау. Бұлардың бәрі көркем мінезге жатады». Тиби ізгіліктің (бирр) хадисте түрлі мағыналарда тәпсірі жасалғанын айтады: Ізгілік (бирр) – адам жанын жай таптыратын, жүрек қанағаттанған нәрсе. Ізгілік – иман, адамды Аллаға жақындататын нәрсе. Бұл жерде ізгілік (бирр) – көркем мінез ретінде түсіндірілген. Көркем мінез – қиыншылықтарға төзу, ашуланбау, жылы жүз таныту, жақсы сөз.

Күнә – жанды мазалайтын нәрсе. Ғалымдар мұны «Мазасыздық, іштегі тұрақсыздық, күмән, жүректе шәк-шүбәнің туындауы, «Бұл іс күнә ма, дұрыс емес пе?» деген екі ұшты ойлардың мазалауы» деп түсіндірген.

Кейбір ғалымдар мынадай түсіндірме айтқан: «Күнә – жамандығы, ұсқынсыздығы жүрекке әсер ететін, сондай-ақ, жамандығы, жағымсыздығы себепті жария болуын қаламайтын нәрсең». Хадистің соңғы сөйлемі осы анықтаманы құптайды: «...Басқалардың білуінен қорыққан нәрсең».

Адамның жаны табиғатынан-ақ жақсы бір іс жасаса, оны өзгелер көрсе екен деп тұрады. Ал жасағандарының кейбірін басқалардан жасырғысы келсе, оның Аллаға жақындататын жақсы іс болмағаны немесе шариғатта рұқсат етілмеген нәрсе деген сөз. Басқаша айтар болса, бұндай істе қайыр жоқ, бұл ізгілік (бирр) емес, бұл күнә әрі жамандық деген сөз.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: