20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Бауырмалдық әдептері: Жақсы көру

Бауырмалдық әдептері: Жақсы көру

Иман келтіру

«Жандар әскерге шақырылған жауынгер секілді. Бір-бірін танитындар бірігеді де, ал танымайтындар ажырайды» (Муслим).

Демек, ізгі адам өзі сияқты ізгі адамдарды жанына жақын тартып, өзара тіл табысып жатады. Жаман істерге үйір адам да өзі сияқтыларды жақын тұтады.
Ибн Масғуд (Алла разы болсын): «Жүз мүміннің арасында бір мұнафиқ отырып, сырттан бір мұнафиқ кірсе, тура мұнафиқ отырған жерге келіп жайғасады. Сол сияқты бір жерде жүз мұнафиқ отырып, арасында бір ғана мүмін болса, сырттан бір мүмін адам кіре қалса, ол тура мүмін отырған жерге келіп отырады», – дейді.

Алланың разылығы үшін бір-бірін жақсы көрген адамдарға берілетін артықшылықтар жайлы көптеген хадистер жеткен. Сондай хадистердің бірінде: «Расында, ақырет күні Алла Тағала: «Менің ұлылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда? Бүгін Менің көлеңкемнен өзге ешкімнің көлеңкесі болмаған күні оларды Өзімнің көлеңкеме аламын», – деп айтады», – делінеді (Муслим).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде мынадай қиссаны баяндайды: «Бірде бір адам басқа ауылда тұратын бауырымен көрісу үшін жолға шығады. Алла Тағала оған бір періштені жібереді. Ол адаммен жолда кездескенде: «Қайда бара жатырсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын», – деп жауап береді. Періште: «Сен оған бір жақсылық жасап, енді сол жақсылығыңның қарымтасын көргің келіп бара жатқан шығарсың?» – дейді. Ол адам: «Жоқ, расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін», – деп жауап береді. Сонда періште: «Шындығында, мен сен ол адамды Алла үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көретінін жеткізу үшін Алладан жіберілдім», – дейді» (Муслим, Ахмад, Бухари).

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz 


Бөлісу: