Бамдат намазының алдымен екі рәкат сүннеті оқылады.
«Бүгінгі бамдат намазының екі рәкат сүннетін оқуға ниет етттім» деп ниет етіп, дереу екі қолын екі құлағына тақап, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, тәкбір алады. Осыдан кейін қолдарын байлап, «Субханака Аллаһумма уә би-хамдика уә тәбәракас-мука уа та’ала жәддука уә ләә иләһә ғайрука», «Ә’узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим, Бисмиллаһир-рахманир-рахим» дейді де, «Фатиханы» оқып, соңында іштен «әмин» дейді. Одан кейін Құраннан ұзақ бір аят яки үш қысқа аят немесе сүре оқылады. Бұдан кейін «Аллаһу әкбар» дейді де, рүкүғке барады. Бұл жерде кем дегенде үш рет «СубханАллаһил-азим» деп тәсбих айтады. Сосын «Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ» сөзін айтып, қиямға барады. Қиямға барысымен «Аллаһумма Раббәнә уә ләкәл-хамд» деп айтады. Бұдан кейін «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеде үш рет «Субхана Раббиял-а’ла» дейді де, «Аллаһу әкбар»деп, сәждеден түрегеліп, бір тәсбих айтылатындай уақыт отырады да, қайта «Аллаһу әкбар» деп екінші сәждеге барады. Мұнда да үш рет «Субхана Раббиял-а’ла» деп тәсбих етеді. Осылайша бір рәкат аяқталады. Екінші сәждеден кейін «Аллаһу әкбар» деп, екінші рәкатқа бастау үшін қиямға тұрады. Түрегеп тұрып тек қана «Бисмиллаһ» пен «Фатиха» және қосымша сүре оқылады. Бұдан кейін бірінші рәкаттағы секілді рүкүғ пен сәжде жасалады. Екінші сәждеден кейін отырады. Бұл – екі рәкаттық намаздың соңғы отырысы. Осы жерде «әт-тахият», «салауат», «раббанә әтина» дұғалары оқылады. Олар мыналар: «Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа’таййбату, әс-сәламу а’ләйка әйюһән-нәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһу, әс-сәламу а’ләйна уә а’ла ибәдиллаһис-саалихин, әшһаду ән ләә иләһә иллАллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ», «Аллаһумма салли а’ла Мухаммәдин уә а’ла әли Мухаммәд. Кәмәә саллайта а’ла Ибраһимә уә а’ла әли Ибраһим. Иннәкә хамидун мәжиид. Уә бәәрик а’ла Мухаммәдин уә а’ла әли Мухаммәд. Кәмәә бәәрәктә а’ла Ибраһимә уә а’ла әли Ибраһим. Иннәкә хамидун мәжид».
«Раббәнәә әәтинә фид-дүниә хасанатән. Уә фил-әәхирати хасанатән. Уә қинәә а’заабан-наар.» Осыдан кейін барып «әс-Сәламу а’лайкум уә рахматуллаһ» , - деп алдымен – оңға, сонан соң – солға сәлем береді. Міне,осылайша екі рәкаттық намаз аяқталады. Негізі намаз осы екі рәкаттық қозғалыстан тұрады. Бұл намаздағы барлық «тәкбір», «тәсбих», «қырағатты» түгелдей құпия оқиды. Ер мен әйелдің намаздағы айырмашылықтары жайлы жоғарыда айтып өткенбіз.
Міне, екі рәкат сүннет біткеннен кейін бамдат намазының екі рәкат парызы басталады. Алдымен қамат айтылады да, парызға ниет етіледі. Осыдан кейін қолдарын көтеріп, «Аллаһу әкбар» деп, намазға бастайды.
Бұл екі рәкат тұп-тура, жоғарыда өткен екі рәкат сүннет секілді оқылады. Бірақ «Фатихадан» кейін Құранды көбірек оқу – сүннет. Бұл сүннеттің азы – қырық аят.
Бірақ үш аят оқыса да болады. Бамдат намазын жеке оқыған адам тәкбірлерді, «Фатиха» мен сүрелерді яки аяттарды, «Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһты» жария оқи алады.