22
Жұма,
Қараша

һижри

Қадір түні оқылатын таңдаулы дұғалар

Қадір түні оқылатын таңдаулы дұғалар

Ораза

Ислам ғұлмалары: «Қадір түні – тағдыр түні.  Оның бұлай аталуының себебі, Алла Тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің өмірге келетінін, кімнің ажалы жететінін, кімге қанша  ризық-несібе бөлінетінін белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафил, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», ‒ деген.

Яғни, бұл – тілектер қабыл болатын түн. Әрине, әр адамның жүрек төрінде орындалмай жүрген арманы, қажеттіліктері бар. Алла Тағала тілектерді әр адамның өз тілінде де естиді. Ендеше, алда келетін қасиетті Қадір түні мына таңдаулы дұғалар топтамасын оқып, Алладан қалағаныңызды сұрап алуға асығыңыз:

Қадір түнінде оқылатын арнайы дұға:

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» ‒ деп сұрайды. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Я, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», деп айт деп үйретеді. (Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Хаким).

«Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни».

 

Алладан материалдық байлық, тура жол, тақуалық және жан байлығын сұрайтын дұға:

«Я, Алла, расында, мен Сенен тура жолды, тақуалықты, (күнә мен жаман қылықтардан) пәк, таза болуды және байлықты сұраймын». (Муслим)

«Аллаһумма, инни әсәлукәл-һуда, уәт-туқа, уәл-ъафафә уәл-ғина».

 

Алладан бала-шағаңызға және отбасыңызға  бәле-жаладан, қауіп қатерден қорған сұрайтын дұға:

Я, Алла! Сенен мен (осы) дүние және ақыретте жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Сенен мен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, отбасым мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Менің әбүйірімді Өзің бүркеп қойғайсың, мені қорқыныштан аман еткейсің. Уа, Алла! Мені алды-артымнан, оң жақ-сол жағымнан және төбемнен де Өзің сақтағайсың! Сондай-ақ астымнан кенеттен қиянатқа ұшырап, өліп кетуден Өз ұлылығыңнан пана сұраймын! (Әбу Дауд, Насаи)

«Аллаһумма инни әс-әлукәл-ъафуа уәл-ъафиәтә фид-дуня уәл-әхираһ. Аллаһумма инни әс-әлукәл-ъафуа уәл-ъафиәтә фи дини уә дуня-я, уә әһли, уә мәәли. Аллаһуммас-тур ъаураати уә әәмин рауъаати. Аллаһуммах-фазни мин бәйни йәдәяя, уә мин халфи, уә ъан ямини уә ъан шимәәли, уә мин фәуқи, уә әъуузу би ъазамәтикә ән уғтәәлә мин тәхти».

 

Адам атамыз бен Хауа анамыздың Алладан кешірім сұрап тәубе жасағанда қабыл болған дұғасы:

(Кім осы дұғамен Алладан шын өкініп, күнә-қателіктеріне кешірім сұраса Алла оның тілегін қабыл етеді)

«Раббымыз! Біз өзімізге әділетсіздік істедік. Енді бізді кешіріп, рақым етпесең, сөзсіз зиянға ұшырағандардан боламыз» («Ағраф» сүресі, 23-аят).

«Раббәнә заләмнәә әнфусәнәә уә ил ләм тәғфир ләнәә уә тәрхәмнәә ләнәкуунәннәә минәл хасириин».

 

Қарыздан құтқарып, уайымыңызды кетіретін дұға:

«Я, Алла! Расында, мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығынан әрі адамдардың жәбірлеуінен сиынамын». (Бухари)

«Аллаһуммә инни әъузу бикә мин әл-һәмми, уәл-хазәни, уәл-ъажзи, уәл-кәсәли, уәл-бухли уәл-жубни, уә даләъид-дәйни, уә ғаләбәтир-рижәәл».

 

Қиыншылықтан, бақытсыздықтан сыйыну:

Я, Алла! Сынақ қиыншылықтарынан, бақытсыздықтардың жалғасуынан, тағдырдың жамандығынан, дұшпандардың басынуынан Саған сыйынып, пана тілеймін. (Бухари, Муслим)

«Аллаһумма инни әъузу бикә мин жәһдил-бәләә, уә дәрәкиш-шақаа, уә суил-қадаа, уә шәмәтәтил-әъдәә.

 

Алладан Жәннатты сұрап, Тозақтан сыйынатын дұға:

«Я, Аллa! Расында, мен Сенен Жәннатты сұраймын, әрі Оттан Өзіңе сиынамын!». (Тирмизи, Ибн Мәжәһ)

«Аллаһуммә инни әс-әлукәл жәннәтә уә ә’узу бикә мин ән-нәр!»

 

Бедеуліктен құтылуға жәрдемдесетін әрі салиқалы ұрпақ сұрау дұғасы:

Раббым Маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, Сен – тілекті Естушісің! («Әли Имран» сүресі, 38-аят)

«Рабби, һәб ли мин ләдункә зурриятән тайибәтән, иннәкә сәмиъуд-дуъә».

 

Алладан дұрыс иман, көркем мінез бен есендік сұрау:

Я, Алла! Сенен шынайы дұрыс иман, иманды көркем мінез, артынан бақыт ілескен табыс, Сенен келетін есендік пен кешірім және разылығыңды сұраймын. (Ахмад, Хаким)

«Аллаһумма инни әс-әлукә сиххатән фи имәән, уә имәнән фи хусни хулуқ, уә нәжәхән йәтбәъуһу фәләәх, уә ъафиәтән уә рахмәтән минкә уә ридуәнә».

ummet.kz

Бөлісу: