21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ауызашар сауабын аштырған ала ма әлде тойдырған ба?

Ауызашар сауабын аштырған ала ма әлде тойдырған ба?

Ораза

Ораза ұстаған адамның ауызын аштыру – мұстахаб.

Зайд ибн Халидтен жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кім ауызы берік адамның ауызын аштырса, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады. Ауызы берік адамның сауабынан ешнәрсе кемімейді» (Термизи, №807. Ахмад, №17074. Ибн Мәжә, №1746. Нәсәи, №3316) - деген.

Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім рамазан айында ораза ұстаған адамға ауыз аштырса күнәлары кешіріліп, тозақ отынан құтқарылуына себеп болады. Оған қоса ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады. Ауызы берік адамның сауабынан ешнәрсе кемімейді», – деп айтқанда, сахабалар: «Уа, Расулулла! Баршамыздың бірдей ауызы берік адамның ауызын аштыруға жағдайымыз келмейді» дейді. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бұл сауапты құрмамен немесе сумен, яки аз ғана сүтпен аштырғанға да береді. Ал кім ораза ұстаған адамды тойдырса, Алла оның күнәсін кешіріп, менің  хауызымнан (Кәусар бұлағы) жәннатқа кіргенше шөлдемейтіндей сусындаттырады» (Байһақи, №3336) - дейді.

Ауызы берік адамның кедей болуы шарт емес. Хадистің мәтіні кедейді де, байды да бірдей ішіне алады. Бірақ мұқтаж жанның ауызын аштырған абзал. Себебі ол ауыз аштырумен қоса мұқтаж жанға садақа берген болып саналады (Абдулхамид Махмуд Туһмаз, әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид, 1/435).

Осы ретте ғалымдардың арасында хадистегі «ораза тұтушының ауызын аштырудың» мағынасы туралы екі көзқарас бар:

1. Ауызды бір құрмамен аштыру арқылы да ауызашар сауабына ие болады. «Нузһату әл-муттақин» атты кітапта: «Құрма немесе бір шыны сумен болса да ауыз ашатын бір нәрсені берумен ауыз аштырған болады» (Нузһату әл-муттақин шарху рияду әс-салихин, 2/137) делінген.

2. Ауызашар сауабына жету үшін тойдыру қажет дейді. Өйткені бұл ораза ұстаушыға түні бойы құлшылық етуіне пайдасы тиеді, тіпті сәресін ішуге де қажеттілік туындамауы мүмкін. Ибну әл-Мәләк: «Ауыз аштыру – ораза ұстаушыны тамақтандыру», дейді. Оны Мулла әл-Қари: «Яғни ауызын аштырып жатқанда (тамақтандыру керек)» деп түсіндіреді (Әл-Мубаракфури, тухфәту әл-әхуаз бишәрхи жәмиғи әт-Тирмизи, 3/269-270)

Ибн Муфлих былай дейді: «Имам Термизидің Зайд ибн Халидтан жеткізген хадисі кез келген нәрсемен ауыз ашуға болатынын білдіреді. Салман Фарсидің жеткізген риуаятында ораза ұстаушыны тойдырудың сауабы мол болатындығы айтылған. Біздің шейхымыз ауыз аштырудың мақсаты қарынды тойдыру деген» (Ибн Муфлих, әл-Фуруғ, 3/55).

Әл-Мәнәуи: «Ауыз аштыру – кешкі асты берумен, сондай-ақ құрмамен де жүзеге асады. Егер бұған шамасы келмесе сумен аштырады» (Әл-Мәнәуи, Фәду әл-қадир шәрху әл-жәмиғи әс-сағир, 6/231), деген.

Сондықтан ауызы берік адамды тамақтандырып тойдырған адам да, құрма немесе су беріп ауызды аштырған да сауапқа кенеледі. Алайда тойдырған адамның сауабы мол болады.  

дереккөз: fatua.kz

Бөлісу: