27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Ата-ананың бала алдындағы парыздары

Ата-ананың бала алдындағы парыздары

Пәтуа all

Ата-ананың перзенті алдындағы жауапкершілігі мен міндетіне келсек, олар мыналар:

– Жаңа туған нəрестеге шүкіршілік ретінде ақиқа құрбанын шалу;

– Мағыналы жақсы есім қою;

– Адал сүт емізу жəне сүндетке отырғызу да ата-ананың мойынындағы парыздары;

– Сəбидің тілі шыққанда тəухид кəлимасын үйрету шарт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Баланың ең əуелі үйренетін сөзі «лə илəһа иллаллаһ» болсын» деген еді;

– Балаға Алла мен елшісін (с.ғ.с) танытып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянын жəне дінін үйрету;

– Балиғатқа толғанда намаз оқыту, ораза ұстату, жасы жеткенде төсегін бөлек салып беру.

– Құран кəрімді үйрету;

– Баланы көркем мінез-құлықпен тəрбиелеу;

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ешбір ата-ана баласына аса жағымды мінез-құлыққа тəрбиелеуден асқан мирас қалдыра алмайды», – деген.

– Жақсы-жақсы сөздер айтып тəрбиелеу. Тəбə-и табиғин дəуірінің бетке ұстар ғалымы Абдуллаһ ибн Мүбəракқа біреу келіп, балаларының бірінен қатты көңілі қалғанын айтады. Сонда Абдуллаһ ибн Мүбəрак одан: «Балаларыңды қарғап-сілеп пе едің?» – деп сұрайды. «Иə» дейді əлгі кісі. Сонда ғалым: «Ендеше, ешкімге кінə артатын жөнің жоқ. Балаларды бұзған өзің екенсің», – дейді.

– Əлдене үлестіргенде, не болмаса сыйлағанда алаламау. Нұғман ибн Баширдің (р.а.) айтуынша, əкесі оны Алла елшісінің (с.ғ.с) құзырына апарып:

– Мен иелігімдегі құлымды осы балама ұсындым, – дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с):

– Бұған атағаныңдай басқа балаларыңды сый-сияпаттан құр қалдырмаған шығарсың? – деп сұрайды.

– Жоқ, олай етпедім, – деді Башир (р.а.).

– Онда мына мұраңды қайтып ал! – дейді Пайғамбарымыз.

Хадистің басқа бір нұсқасында «Расулалла (с.ғ.с): «Алладан қорқыңдар, балалардың арасында əділетті болыңдар» деген еді. Содан соң əкем сөзінен бас тартып маған арнаған күтушіні қайтып алды» дейді Нұғман.

Шынымен де, бөліп-жару балалар арасында бақталастық пен қызғаныш сезімдерін оятады. Ата-анаға деген көңілдері де суи бастайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір шаңырақ астындағы барлық балаға теңдей қарауды, оларды барлық жағдайда да алаламауды талап еткен.

– Баланың ойнауына жағдай жасау; Ересектер əдетте баланың ойынына мəн бермейді. Жыламаса болды, аш құлақтан тыныш құлақ дейді. Өз аяғымен жүріп-тұра алатын балаға ойынның маңызы зор. Бала ойын арқылы физикалық жəне рухани тұрғыдан жетіледі.

– Баланың қолынан келмейтін істі талап етпеу;

– Балаға мейіріммен қарау, ұсақ-түйек кемшіліктерін кешіру; Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымызға (с.ғ.с) шөл даланы мекендейтін бір топ бəдəуи келіп: «Сендер балаларыңды еркелетіп, сүйесіңдер ме?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «иə» деді. «Аллаға ант етейік, біз балаларымызды мейірлене бауырымызға баспадық», – деді бəдəуилер. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Алла тағала жүректеріңді мейірім сезімінен құр қалдырса, менің қолымнан не келеді?» – деп жауап берді.

– Уақыты келгенде тəрбиелі, діндар жанмен үйлендіру; Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмбетіне болашақ жардың сұлулығына, тегіне, байлығына жəне діндарлығына қарау дұрыстығын, ал бұлардың ішінде ең абзалы діндарлығына қарап үйлену екенін айтқан.

Кісі ақыларының ішінде жауапкершілігі ең көбі балалардың құқығы, ата-ананың бала алдындағы міндеті. Оның ішінде бала тəрбиесі. Баланы тəрбиелеу үшін көйлегінің көктігі, тамағының тоқтығы, уайымының жоқтығы жетеді десеңіз, қателесесіз. Етегінен өргізген балаларының алдындағы ата-ананың жауапкершілігі мұнымен шектелмейді. Баланы адамгершілікпен қанағаттандырып, имандылыққа баулу, жақсы тəрбие беру басты ұстаным.

Ұрпақ өнегесіне жеткілікті көңіл бөлмеген, не болмаса селқос қараған ересектер өздерін ғана емес, отбасыларын да зиянға ұшырататынын Құранда Алла тағала ашық айтады: «Сендер Алладан өзге қалағандарыңа табыныңдар. Расында зиянға ұшырап зардап шеккендер қиямет күні өздерін де, отбасыларын да зиянға ұшырататындар (яғни өздері адасып, жақындарын да адастырғандар). Міне, осы анық кесапатқа ұшырағандық» («Зүмəр» сүресі, 15-аят).

Осы арада отбасы мүшелеріне тікелей қатысты мұрагерлік құқығының маңызды мəселелерімен кейбір ережелеріне тоқталғанды жөн көрдік. Исламның заңдарына сəйкес мұрагерлік өлшемдерінде көрер жарығы түгесіліп, жиған-тергені артында қалған кісінің мұрасының берілу тəртібі мейлінше əділ жүргізіледі. Солай бола тұра, қазіргі зайырлы мемлекеттілік қоғамда ашықтан-ашық орын алған əділетсіз заң нормалары, мирасты қарпып қалу, бірге туған бауырлары мен жақын туыстарының ақысын жеу секілді оқиғалардың күннен-күнге көбейіп, жайыла беруі бүйірімізден сүңгі сұққандай қынжылтып қоятыны жасырын емес.

Дінімізде əйел мен бала, мүмкіндігі шектеулі жұмысшы секілді қоғамның қорғансыз мүшелерінің құқықтары заңмен барынша қорғалғанымен, оларға зорлық-зомбылық жасау, ақысын аяқ асты ету фактілері айылын жимай отыр. Ер кісілердің жұмысты сылтауратып ата-анасын бағып, күтуден жалтаруы, соған қарамастан өз жолын əлдеқашан тапқан ұл балалар мұрадан артық үлес алуға ұмтылуы жиілегенін көрген сайын, жағамызды ұстаймыз. Бұл Ислам бекіткен əділеттіліктің негіздеріне қайшы келеді. Сондықтан, Исламның мүлікті мұраға қалдыру не болмаса мұраға ие болу тəртібі сынды т.б. мəселелерді жалпы көпшілікке түсіндіру жұмыстарының жүргізілгені абзал. Зайырлы мемлекет жағдайында мұрагерлік мəселесінде Ислам талаптарының сақталуы екіталай болса да, өресі озық, саналы мұсылманның мұны ескере жүретініне сенгіміз келеді.

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: